Accessibility links

"Өз еркімен кетудің шарты бар". Тасмағамбетовті енді не күтеді?


Иманғали Тасмағамбетов.

Советтік комсомол жетекшісі, тәуелсіз Қазақстанда авторитарлы биліктің орнығуына атсалысып, әкім, министр, премьер-министрге дейін өскен Иманғали Тасмағамбетов зейнет жасына толысымен мемлекеттік қызметтен босатылды. Кей сарапшылар саяси амбициясы бар зейнеткерді билік өзіне жақын ұстауға тырысады деп санайды.

ӘКІМ, МИНИСТР, ПРЕМЬЕР, ЕЛШІ

Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетовті "зейнет жасына толуына байланысты" қызметінен босату туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы желтоқсанның 18-і күні, Тасмағамбетов 63 жасқа толғаннан кейін тоғыз күннен соң жарияланды.

2017 жылғы ақпанның басынан бері Қазақстанның Мәскеудегі елшісі болып істеген Иманғали Тасмағамбетов өткен айдың ортасында Ресейдің Рязан облысындағы Қасымов қаласында Ораз-Мұхаммед сұлтанға қойылған ескерткіш тақтаны ашу салтанатына қатысқан еді. Орта ғасырда Ресейге барып, еліне қайта алмай, орыс патшалығында жоғары қызмет атқаруға мәжбүр болған Қазақ хандығының өкілі және әдеби образ ретінде танымал Ораз-Мұхаммед Ондан сұлтан ұлына мемориалдық ескерткіш орнату идеясының авторы - Иманғали Тасмағамбетов екені Қазақстанның Ресейдегі елшілігі сайтында жарияланған ақпаратта жазылған. Арада бірнеше күн өткенде әлеуметтік желіде Тасмағамбетовтің Меккеде қажылық сапарда жүрген суреттері жарияланды. Артынша "Тасмағамбетов елші қызметінен кетеді екен" деген ақпарат тарады.

Суретте (алдыңғы қатарда оңнан солға қарай): Қуаныш Сұлтанов, Иманғали Тасмағамбетов және Бірғаным Әйтімова комсомолдың 100 жылдығына арналған салтанатты жиында отыр. Алматы, 20 қазан 2018 жыл.
Суретте (алдыңғы қатарда оңнан солға қарай): Қуаныш Сұлтанов, Иманғали Тасмағамбетов және Бірғаным Әйтімова комсомолдың 100 жылдығына арналған салтанатты жиында отыр. Алматы, 20 қазан 2018 жыл.

Қазақстанның жоғары билігінде жүргеніне көп болған лауазым иелерінің арасында президент жарлығымен мемлекеттік қызметін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алғандар да бар. Совет тұсында еңбек жолын ауыл мектебінің мұғалімі болудан бастап республика комсомолының жетекшілігіне дейін көтерілген, ал Қазақстан тәуелсіздік алған соң президенттің көмекшісі, облыстың, елдегі екі ірі қаланың әкімі болған, премьер-министрдің орынбасары, үкімет жетекшісі, мемлекеттік хатшы, қорғаныс министрі, президент әкімшілігінің басшысы тәрізді қызмет атқарып, жоғары биліктегі ықпалды шенеунікке айналған Тасмағамбетов жасы толысымен мемлекеттік қызметтен босатылып, зейнетке жіберілді.

Тасмағамбетовтің қызметтен босатылғаны әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды.

"Бұл тұлға елшіліктен кетсе де, биліктен кетпеуге тиіс тұлға, биліктің беделі үшін" деп жазады жазушы Смағұл Елубай.

Әлеуметтік желі қолданушы Әлімжан Әшімұлы "Бүгінге дейін Елбасының сенімді серігі болып келген И.Тасмағамбетті далаға тастамайтыны анық" деп топшылайды.

Журналист Ермұрат Бапи "ТАС" (Иманғали) өзіне ұсынылған қызметтен бас тартты. Яғни, мінезі майысып қалмаса, ол бірте-бірте баррикаданың бергі бетіне шығуы тиіс. Егер Путин патшаның пәрменімен Имаш дәл солай жүретін болса, қуырдақтың көкесін енді көреміз... Басқа вариант - "спокойная пенсионная жизнь" деген болжам жасайды.

Демократиялық партия құру туралы бастама көтеріп жүрген белсенді Жанболат Мамай "Мына саяси жүйеде біреуі кетіп, екіншісі келгенде тұрған түк те жоқ. Өзгеріс одан болмайды. Бұл саяси жүйе түгелімен құрдымға кетуі керек" деп санайды.

"Назарбаевтың өнiмi. Шаңырақ пен Бақайдағы халыққа көрсеткен қорлығын ешқандай сөздермен жоя алмайды" дейді 2006 жылы Тасмағамбетов Алматы әкімі болған кездегі оқиғаны еске салған Ерсаин Асанбаев есімді қолданушы.​

Эльвира Абылай болса "Назарбаев қашан зейнет жасына толады екен? Назарбаев Тасмағамбетовтен 20 жастай үлкен болса да әлі 5 қызметте отыр" деп жазыпты.

"ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӨНІМІ"

2014 жылы Иманғали Тасмағамбетовті қазіргі Нұр-Сұлтан (бұрынғы Астана қаласы – ред.) қаласының әкімі етіп тағайындағанда сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев "Тасмағамбетовтің істемеген қызметі қалмағанын" айтқан еді. Назарбаевты "рухани ұстазым", өзін "Назарбаевтың өнімімін" деп атаған Тасмағамбетов қандай қызметте жүрсе де Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болып көрінуге тырысты. Ол мұны 2000 жылдардың басында "Қазақгейт" жанжалы кезінде "Қазақстанның шетелдегі құпия шоты туралы" ақпараттар шыққанда Назарбаевты ақтап мәлімдемелер жасағанда да, қоғамның бір бөлігінің наразылығын туғызған Жер кодексін парламентте қабылдатқызуға күш салғанда да байқатқан.

Иманғали Тасмағамбетов (суретте сол жақтан екінші) "Көшпенділер" фильмінің түсірілу барысын көруге келген Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (ортада) жанында отыр. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл.
Иманғали Тасмағамбетов (суретте сол жақтан екінші) "Көшпенділер" фильмінің түсірілу барысын көруге келген Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың (ортада) жанында отыр. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл.

Иманғали Тасмағамбетовті сынаушылар ол түрлі жауапты қызметтерде іргетасын нығайтуға өзі де белсене атсалысқан авторитарлы билікке адал және қажет кезінде қатаң шараға барудан тайынбайтын шенеунік ретінде танылғанын айтқан. Оппозиция Тасмағамбетов үкіметті басқарған кезде биліктің саяси қарсыластарының түрмеге қамалып, тәуелсіз басылымдар жабылғанын, ал ол президент әкімшілігінің жетекшісі қызметінде отырғанда парламент сайлауы әділетсіз, өрескел бұрмалаушылықпен өткенін айтып, өзгелермен бірге оны да айыптаған.

Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болған кезде Бақай мен Шаңырақ тәрізді елдімекендердегі сот "заңсыз салынған" деп таныған тұрғын үйлер жаппай сүрілді. Ол үйлерде қала әкімі "әлеуметтік аутсайдер" деп атаған, Алматыға әлеуметтік жағдайы төмен өзге аймақтардан көшіп келген қазақтар тұрып жатқан болатын. Шаңырақта ашынған тұрғындар мен билік күштері арасындағы қақтығыста полиция қызметкері қаза тауып, кейін төрт адам ұзақ мерзімге сотталды. Сол кезде 18 жылға қамалған диссидент ақын Арон Атабек пен 16 жылға (түрмеде тағы екі жарым жыл қосылған) сотталған Құрманғазы Өтегенов түрмеде әлі отыр. Құқық қорғаушылар Арон Атабекті "саяси тұтқын" деп таныған.

Сонымен бірге Тасмағамбетовтің аты-жөні "Наурыз банк", "Байқоңыр" ғарыш айлағына байланысты қаржылық дау-дамайларда да аталды. Иманғали Тасмағамбетов ол айыптаулардың барлығын жоққа шығарды.

Бұған қоса, Қазақстан қоғамында Иманғали Тасмағамбетовті ауыр міндеттерді шеше алатын іскер басшы, ұлттық мәдениеттің жанашыры, қазақ интеллигенциясын топтастыра білетін адам деп санайтындар да бар. Үкіметте жүргенде идеология мәселесімен көп айналысқан Тасмағамбетов жайлы мұндай пікірді, әсіресе, қазақ тілінде жазатын ақын-жазушылар мен баспасөз өкілдері жиі айтады.

Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов алтыншы сайланған парламент мәжілісінің алғашқы отырысында. Астана, 25 наурыз 2016 жыл.
Қазақстан қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов алтыншы сайланған парламент мәжілісінің алғашқы отырысында. Астана, 25 наурыз 2016 жыл.

Назарбаев президент болып отырған кезде келешекте оның орнын басуы ықтимал адамдардың арасында сарапшылар Иманғали Тасмағамбетовті де атайтын. Алайда Назарбаев "саяси амбициясы зор өнімінің" болашақта "қауіпті қарсыласқа айналмауы" үшін оны жіті бақылауында ұстайды деген болжамдар да айтылған. Мысалы, оның Астана әкімі қызметінен кейін вице-премьер болып аз уақыт істеп, кейін қорғаныс министрі қызметіне қойылғанын "Тасмағамбетовті әртүрлі қызметпен алдарқату" десе, Қазақстанның Ресейдегі елшісі қызметіне тағайындалғанын "шетелге айдауға жіберуге" теңегендер де болған. Мұндай түрлі жорамалдарға қарамастан Тасмағамбетовтің өзі ол қызметтерді атқаруға қандай да бір қарсылық білдірген емес. Дегенмен оның "жұмыссыз қалсам да депутат болғым келмейді, ондай қызмет берсе бас тартамын" деп мәлімдегені де көпшіліктің есінде.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатып, орнына ұзақ жыл "президенттіктен үміті бар ықпалды адамдар" қатарында аталып келген Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырды. Ресейдегі елші қызметінде жүрген Тасмағамбетов Қазақстан тарихында алғаш рет президенттікке басқа адамның келгенін тек сырттай бақылаушылардың бірі болды.

"ЕСКІ ГВАРДИЯ ӨКІЛІ"

Зейнет жасына толған Иманғали Тасмағамбетовтің елші қызметінен кететіні туралы хабарды әлеуметтік желіде алғаш таратқандардың бірі, жоғары биліктегі кадрлар бойынша сарапшы, GR Consulting Group консалтинг компаниясының басқарушы директоры Ербол Еділов "Тасмағамбетов елші қызметінен өз еркімен, өз шешімімен кетті" деп есептейді.

- "Ескі гвардия" біртіндеп кетіп жатыр. Оның алдында Нұртай Әбіқаев, Әділбек Жақсыбеков кетті. Бұл – табиғи процесс. Тасмағамбетов өзгелер секілді креслосына жабысып отырғысы келмеді, үлгі көрсетті, - дейді ол.

Әділбек Жақсыбеков (сол жақта), Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Иманғали Тасмағамбетов. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 22 қазан 2014 жыл.
Әділбек Жақсыбеков (сол жақта), Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және Иманғали Тасмағамбетов. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан), 22 қазан 2014 жыл.

Алайда Тасмағамбетов "үлгі көрсетті" дегенге өзге сарапшылар күмән келтіреді. Бұрынғы сенат депутаты, оппозициялық саясаткер Уәлихан Қайсаров Қазақстанда бұған дейін лауазымды қызметтен өз еркімен кеткен ешкімді еске түсіре алмаса, саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева "бүгінгі билікке ішкі саяси элитаның арасында күшті қарсылас болғаны керек емес, сондықтан "өз еркімен кетудің шарты бар" деп санайды.

- Қазақстанның саяси билігіндегі қазіргі жағдайда Тасмағамбетов өз еркімен зейнетке кете алмайды. Кету үшін Назарбаев-Тоқаев билігіне "саясатқа араласпайтыны" туралы джентельмен уәдесін беруі керек. Тасмағамбетов сөзінде тұратын адам. Қанша дегенмен, коммунистік түсініктегі ескі гвардияның өкілі. Ол Назарбаев отбасымен арада конфликт болғанда да "Назарбаевқа адалмын" деген ұстанымынан айнымаған болатын, - дейді ол.

"КЕЛЕСІ САЙЛАУ БИЛІККЕ ОҢАЙҒА ТҮСПЕЙДІ"

Азаттық тілшісімен сөйлескен сарапшылар "билік өзіне ыңғайлы шенеуніктердің мемлекеттік қызметті әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік беретінін, ал Тасмағамбетов ол санатқа жатпайтындықтан оны саясаттан ығыстыра отырып, өзіне жақын ұстауға тырысады" деп топшылайды. "Өйткені Тасмағамбетовтің зейнетке шығып, саясатқа араласпай отыратынына биліктің сене қоюы екіталай" дейді олар.

Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.
Саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиева.

Толғанай Үмбетәлиеваның пікірінше, "Тасмағамбетов туралы сырттай түрлі болжам айтылғанымен, оның шын мәнінде билікпен тікелей конфликтіге келген кезі болмаған. Сондықтан ол билік ұсынған қызметтен бас тартпауы мүмкін".

- Тасмағамбетов билікшіл партияның біріне жетекші болса да таңғалмаймын. Билік оны келесі парламент сайлауына пайдалана алады. Өйткені қазіргі билікке Тасмағамбетовтің беделі керек. Мәселе биліктің Тасмағамбетовті кім деп есептейтініне байланысты. Егер оны бәсекелес деп санаса, онда ретін тауып саяси элитадан шығарады, ықпалын азайтады немесе керісінше, оның ресурсын пайдаланады. Өйткені келесі парламент сайлауы билікке оңайға түспейді, - дейді ол.

"ЫҒЫНА ЖЫҒЫЛА САЛҒАНЫ ЫҢҒАЙЛЫ"

Кей сарапшылар Тасмағамбетовті өмір бойы мемлекеттік қызметте жүріп қомақты қаржы жинап алған шенеуніктер қатарына қосады. Орталық Азиядағы өзге елдер тәрізді Қазақстанда да лауазымды шенеуніктердің дүние-мүлкі жайлы нақты ақпарат өзінен басқа жұртқа жұмбақ болғанымен, жақын-жуығының арасында тасы өрге өрмелеп, мол табысқа кенелгендердің байлығы жайлы деректерді ашық ақпарат көздерінен табуға болады. Тасмағамбетовтің күйеу баласы Кеңес Рақышевті Қазақстандағы ең бай 50 бизнесменнің тізіміне енгізген Forbes.kz сайты биылғы рейтингінде оның байлығын 600 миллион доллардан көп деп бағалаған.

Толғанай Үмбетәлиева "Тасмағамбетов оппозицияға өтуі мүмкін" дейтін болжамға күмәнмен қарайды. Оның айтуынша, Тасмағамбетов бірнеше рет қызметі төмендесе де наразылығын білдірмеген.

- Биліктегі қаржы мүмкіндіктерінен айырылып, сот залында отырғаннан гөрі қызметінің төмендегеніне келісіп, элитадағы билігі мен күші көптердің ығына жығыла салғаны ыңғайлы. Сондықтан Тасмағамбетовке қазіргі жүйемен күрескеннен гөрі, шегіне салған тиімдірек, - дейді ол.

Уәлихан Қайсаров "Тасмағамбетов тек Назарбаев пен Тоқаев билігі әлсіресе ғана оппозицияға өтуі мүмкін. Бірақ әзірге олар әлсіреген жоқ" деп санайды. "Барар жер, шығар тауы болмай, "өнім" болудан жалыққан соң ғана оппозицияға кетуі мүмкін" деген болжамдар осыдан он жыл бұрын да айтылған.

Алайда Тасмағамбетов билікте болған кезде оппозиция өкілдері арасында оған "қазақстандық демократия мен елдегі өркениетті қоғамның дамуына тосқауыл болған бірден-бір тұлға" деп баға бергендер де болған.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Коронавирус деген не? Бүлдіршіндерге түсіндіреміз
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:41 0:00
XS
SM
MD
LG