Accessibility links

Сот кәсіпкер Болат Әбілов пен белсенді Марат Тұрымбетовке айыппұл салды. Тағы бір белсенді 15 тәулікке қамалды


Әбіловке митингке шыққаны үшін 150 мың теңге айыппұл салынды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:31 0:00

Әбіловке митингке шыққаны үшін 150 мың теңге айыппұл салынды

2 наурызда Алматы соты "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыпталған (Әкімшілік кодекстің 488-бап, 7-бөлігі) кәсіпкер Болат Әбілов пен белсенді Марат Тұрымбетовке әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (153 мың теңге) айыппұл салды. Тағы бір белсенді Әйгерім Тілеужанова 15 тәулікке қамалды.

Журналист Вадим Борейконың жазуынша, прокурор Әбіловке 15 АЕК көлемінде айыппұл салуды сұраған, ал судья 50 АЕК салған. Сот өтпей тұрып Әбілов Азаттыққа:

– Қайғылы оқиға орталық алаңда болды. Ол жерде 225 адам өлтірілді (ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде 227 адам қаза болған, олардың қалай қаза болғанын билік айтпаған – ред.). Мен [митингіге] шақырдым. Рұқсат етпейтінін білдім. Шығу қажеттігін түсіндім. Қазір сол үшін мені жауапқа тартып отыр. [Полицейлер] таңертеңгі сағат 9-да келіп, шақырту берді. Алдын ала ескертуі тиіс еді ғой. Менің құқықтарым мен бостандықтарымды құрметтеуі керек қой, – деді.

Белсенділер әлеуметтік желіде Әйгерім Тілеужанованың митингіде сөйлемегенін, журналист ретінде шарадан ақпарат хабар таратқанын жазды.

13 ақпанда, қаңтар қырғынына 40 күн толған шақта, Алматының Республика алаңында жүздеген адам қатысқан Қаңтар құрбандарын еске алу шарасы өткен. Оған елдегі түрлі саяси күштер, белсенділер, қала тұрғындары қатысты. Жиналғандар Қаңтар оқиғасын тәуелсіз зерттеуді, ұсталғандарды азаптауды тоқтатуды талап еткен. Кейбір адамдар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа импичмент жариялау туралы да ұсыныс айтқан.

Билік оның алдында белсенділерге азалы митинг өткізуге рұқсат бермеген. Әкімдік өтініш тапсырушылар көрсеткен орын "ресми түрде митинг өткізетін орындарға жатпайтынын" алға тартып, келісім бермеген еді.

2 наурызда таңертең қалада осы азалы митингіге байланысты бірнеше белсендінің полицияға шақырылғаны хабарланды. Кейбірін полиция ұстап әкеткен.

25 ақпанда саяси белсенді Жанболат Мамай мен Ырысбек Тоқтасын ұсталып, әрқайсысы 15 тәулікке қамалған. Оларға 13 ақпан күнгі азалы митингіге байланысты "бейбіт жиын ұйымдастыру тәртібін бұзды" деген айып тағылған. Белсенді Дәурен Достияров та 25 ақпанда "билік талабына бағынбағаны үшін" бес тәулікке қамалған.

Жыл басында болған қаңтар қырғыны кезінде ресми дерек бойынша, кемінде 227 адам қаза болған. Билік қоғам талабына қарамастан әлі күнге дейін олардың тізімін жариялаған жоқ. Тоқаевтың оқиға кезінде "ескертусіз оқ ату туралы" бұйрығын сынаған халықаралық ұйымдар артынша оқиғаны жан-жақты, тәуелсіз зерттеуге шақырған. Билік оқиғаны мұқият зерттеуге уәде бергенмен кей белсенділер Алматыдағы алаңда бейбіт халықтың қырылуына байланысты қылмыстық іс ашылмай отырғанын алға тартып, биліктің сөзіне күмән келтірген. Бұған дейін Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтан қаңтар қырғынын зерттеуге қажетті дәрежеде күш салмай отыр деп мәлімдеген.

Қазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Көп жағдайда азаматтардың бейбіт шеру өткізу туралы өтініштері орындалмайды. Билік көбіне сол күні өзге шара өтетінін немесе өтініштің қажетті ережелерді сақтай отырып жазылмағанын немесе карантин шектеулерді алға тартады. Ал "рұқсат етілмеген" шараға келгендер әдетте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылады. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды аталған шектеулерді алып тастауға шақырған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG