Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов 2 наурыз күні журналистердің қаңтар оқиғасы бойынша сұрақтарына жауап берді.
"Қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ ату туралы шешім қабылданған шақта президент әкімшілігіне жетекшілік еттіңіз. Осы шешімді қолдадыңыз ба?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына спикер "қолдадым" деп жауап берді. Өзінің Қауіпсіздік кеңесіне мүше екенін алға тартқан спикер:
– Негізі шешім Қауіпсіздік кеңесінде қабылданды. Біз мұны дұрыс түсінуіміз керек. Өйткені бұл террористік шабуыл. Әскерилердің өміріне қауіп төнген жағдайда, мемлекеттің конститутциялық құрылымына, адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төнген жағдайда оқ атуына рұқсат бар. Осы режимде шешім қабылданды, - деді Қошанов.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, ол кезде "мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрған".
– Өздеріңіз де, бүкіл Қазақстан куә болдыңыздар ғой. Осы шешім болмаған кезде мемлекеттің жағдайы басқаша болар еді. Қазіргідей бір- бірімізге сұрақ қойып тұра алмайтындай, қорқыныш пен үрейде өмір сүретін едік. Мұны мен сол кезде қызу ортасында жүрген биліктің өкілі ретінде, мемлекеттік қызметкер ретінде сіздерге барлық жауапкершілікпен айтып тұрмын, – деді Қошанов.
Жыл басында болған қаңтар қырғыны кезінде ресми мәлімет бойынша, кемінде 227 адам қаза болған, 19-ы – күштік құрылым өкілі.
2 наурыз күні Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген мәжіліс спикері қаза болғандардың көбі "террорист" деді. Бірақ ол бұл тұжырымын қандай мәліметке сүйеніп айтып тұрғанын нақтыламады. Мәжіліс спикерінің айтқаны оқиға куәгерлері мен белсенділердің сөзіне қайшы. Бұған дейін азаматтық белсенділер қаза болғандар арасында бейбіт азаматтар көп және басым бөлігі 5 қаңтар күнгі қақтығыс пен 6 қаңтарда Алматыдағы орталық алаңда қаза болғанын айтқан еді.
Сәрсенбі күні "билік қаза болған 227 адамның аты-жөнін неге жарияламай отыр?" деген сұраққа Қошанов "қазір тергеу жүріп жатыр, тергеу амалдарының өзінің шектеулері болады, құпиясы болады. Соның бәрі аяқталған соң бәрі жарияланады" деді.
- Қаңтар айының басында Маңғыстау облысында басталған наразылық елдің өзге өңірлеріне жылдам жайылды. Кейбір өңірде тәртіпсіздіктер болды. Ресми мәлімет бойынша, қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 227 адам қаза болды. Оқиғадан бері екі айға жуық уақыт өтсе де, билік қаза болғандардың тізімін жарияламады.
- 6 қаңтарға қараған түні Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет "террорист" сөзін қолданған. Ол Қазақстанға "іс жүзінде халықаралық террористік топ" шабуыл жасады деп мәлімдеген. Ол бұл тіркесті ҰҚШҰ-дан "әскери көмек" сұрау үшін және күштік құрылымдарға "арнайы операция" кезінде "ескертусіз оқ атуға" бұйрық беру үшін пайдаланған.
- Тоқаевтың оқиға кезінде "ескертусіз оқ ату туралы" бұйрығын сынаған халықаралық ұйымдар артынша оқиғаны жан-жақты, тәуелсіз зерттеуге шақырған. Билік оқиғаны мұқият зерттеуге уәде бергенмен кей белсенділер Алматыдағы алаңда бейбіт халықтың қырылуына байланысты қылмыстық іс ашылмай отырғанын алға тартып, биліктің сөзіне күмән келтірген. Бұған дейін Human Rights Watch ұйымы Нұр-Сұлтан қаңтар қырғынын зерттеуге қажетті дәрежеде күш салмай отыр деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР