Прокурор оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйды "алаяқтық" және "сотты қорлау" айыбымен 13 жылға түрмеге қамауды және 1,2 млн рубль айыппұл салуды сұрады.
Ресей Навальныйды "Жемқорлықпен күрес қорына" аударылған ақшаны өз қажетіне жұмсады және осыған дейінгі соттарда судья, прокурорға жала жапты деп айыптаған.
Сот Владимир облысындағы Покров колониясында өтіп жатыр. Бұл түрмеде Навальный "Ив Роше" ісі бойынша жазасын өтеп отыр.
Оппозиционер мен оның жақтастары бұл қылмыстық істі "абсурд" деп атады.
Навальный – Ресей президенті Путинді ашық сынап жүрген саясаткер әрі Ресей оппозициясының лидері. Оның "Жемқорлықпен күрес қоры" Путин мен Путиннің айналасындағы шенділердің коррупцияға қатысы бары жайлы зерттеулер жариялаған.
Алексей Навальный 2020 жылғы 20 тамызда Томскіден Мәскеу бара жатқан ұшақтың бортында есінен танып, алдымен Омбы ауруханасына, кейін Германиядағы "Шарите" клиникасына жеткізілген. Bellingcat зерттеу тобы бірнеше басылыммен бірлесе жүргізген зерттеуін жариялап, Навальныйды Ресей федералдық қауіпсіздік комитеті қызметінің (ФСБ) арнайы тобы улаған деді.
Саясаткер 2020 жылы қыркүйектің басында комадан шығып, Ресейге оралғанда Ресей полициясы оны әуежайдан ұстап, қамаған. Содан бері Навальный қамауда отыр.
ПІКІРЛЕР