Accessibility links

Жеке дерегіңіз кімнің қолында? "Қазақтелеком" жариялаған бір тендердің тарихы


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

“Қазақтелеком” ұлттық байланыс операторы тұтынушылар адалдығын зерттеуге тендер жариялаған. Лоттың бастапқы бағасы – 69,8 миллион теңге. Тендерде жеңіске жеткен жекеменшік компанияға "Қазақтелеком" абонеттерінің телефон нөмірлерінен тұратын дерек базасы беріледі.

"ДЕРЕКТЕРДІҢ ҚОЛҒА ӨТУІНЕ ЖОЛ АШЫП ОТЫР"

Лот 11 наурыз күні "Самұрық-Қазына" холдингінің сатып алулар сайтында жарияланған. Бұл тапсырысқа өтініш 24 наурызға дейін қабылданады. Келісімшартқа қол қойылғаннан кейін жеңімпазға "Қазақтелекомның" кем дегенде 1650 абонентінің номері беріледі.

Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университеті жоғарғы құқық мектебі директорының орынбасары Дана Мұхамеджанова телефон номерлерін үшінші тарап өз мақсатына пайдалануы мүмкін деп ескертеді.

– Деректердің үшінші тұлғалардың қолына өтуі тұтынушылардың жеке карталық шоттарына, микронесиелік ұйымдардан қарыз алуға әсер етуі мүмкін. Бұл адам құқығына да әсер етеді, өйткені субъектінің жеке деректерін алаяқтық, ақша бопсалау мақсатында пайдаланып, оны өзінің рұқсатынсыз әртүрлі топтарға қосып қояды. Қазір білуімізше, абонет иесіне өзі келісім бермеген неше түрлі хабарлама келеді. Кейін белгілі бір топқа қалай тіркелгеніңізді, сізді ол жаққа кім қосқанын түсіндіру қиын болады.

Кей деректер бойынша, телефон номерлерінің базасы сатылады, бір абонент бағасы – 50-100 теңге тұрады.

Осы ақпаратқа қарағанда, ұлттық оператор жариялаған құжатта көрсетілген талаптардың бір бөлігі қызық көрінеді. Онда қызмет көрсетуші компания "Қазақтелеком" абоненттеріне ғана емес, оның бәсекелестерінің клиенттеріне ("КаР-Тел" (Beeline) – 500 адам, "Транстелеком" – 300 адам, "KazTransCom" – 300 адам және "Алма Телекоммуникейшнс Қазақстан" (AlmaTV) – 500 адам) де хабарласып шығуы керек деп жазылған.

"Мониторингтік зерттеу мақсаты: NPS әдісі бойынша "Қазақтелеком" АҚ компаниялар тобы мен бәсекелес компаниялар қызметін пайдаланатын абонеттердің корпоративтік және бөлшек нарық сегментіндегі адалдығын сандық дәрежеде бағалау" деп көрсетілген.

Ықтимал қызмет көрсетуші Ольга Буторина бұл қадамды деректер базасына қауіп төндіретін амал деп бағалайды.

– Менің ойымша, техникалық сипаттамада көрсетілген, "Қазақтелеком" АҚ бәсекелестерінің клиенттер базасы болуы керек деген талап дұрыс емес. Қызмет көрсетуші мұндай базаны қайдан және қалай алуы керек? Зерттеу жүргізетін ұйымдар мұндай деректерді бір қажеті болып қалар деп, мақсатты түрде жинаумен айналыспайды. Осылай тапсырыс беруші бәсекелес компаниялардан дерек ұрлауға шақырып отыр. Оның үстіне, бәсекелес компаниялар өз клиенттерінің "Қазақтелеком" ұйымдастырған сауалнамаға қатысуына қалай қарайтыны да қызық.

"КаР-Тел" компаниясы әзірге өз абонеттерінің деректер базасы жеке компаниялардың қолына қалай өтуі мүмкін деген сұраққа жауап бере алмады. Компания өкілдері сұрақтарға жазбаша түрде жіберетінін айтты. Азаттық "Қазақтелеком" және "КаР-Тел" компанияларына хат жазды. Ұлттық оператор жауабы шамамен 28 наурызда (хаттың қаралу мерзімі осылай көрсетілген), яғни, байқау аяқталғаннан кейін келеді.

"ЕШКІМ ҚАДАҒАЛАМАЙДЫ"

Дана Мұхамеджанова жеке деректерді беру тәртібі әртүрлі құжатта түсіндірілгенін айтады. Онда жеке деректер қауіп төнген жағдайда, ұлттық қауіпсіздік комитетінің ерекше бұйрығы, сот санкциясы мен үкімі негізінде, оперативті-тергеу амалдары кезінде берілетіні жазылған.

– "Қазақтелеком" желі операторларына деректерді беру үшін бұл шешімін негіздеп, абоненттердің келісімін алуы керек. Бұл жерде құжат бойынша көп абоненттің номері берілетінін көріп отырмын. Нәтижесінде жеңімпаз компания осы адамдардың бәріне хабарласып шығады. "Қазақтелеком" абонеттерінің жеке деректерін тендер жеңімпаздарына қандай құжаттар негізінде бергелі отыр? Маркетингтік зерттеулер жүргізу үшін абонеттің келісімі керек, – дейді ол.

Дана Мұхамеджанова ұлттық оператор клиенттерінің телефон номірін жекеменшік компанияға беру үшін олардың келісімін алуы керегін тағы да қайталады. Сарапшы "Қазақтелеком" бәсекелестерінің деректер базасын қолданудың не қажеті барын түсінбейді.

– "Зерттеуге мынадай компанияның осынша абоненті қатысады" деп, жеңіл тапсырғанына қарағанда, бұл жағдай бірнеше рет қайталанған сияқты. Солай болса, бұл құқықтық нормаларға қайшы. Осыдан деректердің құпиялығын сақтау және қорғау мәселесіне қатысты күмән туады. Өйткені заң бойынша, деректерді жинау, сақтау және басқа да міндеттерге оператор жауапты, – дейді Мұхамеджанова.

"КӨБІНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДАҒЫ ДЕРЕК ЖОҒАЛАДЫ"

InfoWatch сараптама-талдау орталығы құпия деректердің қолға өтуі туралы соңғы есебінде Қазақстанда 2018-2020 жылдар аралығында 11 миллион жеке дерек, оның ішінде төлем анықтамалары үшінші тарапқа заңсыз берілгенін анықтаған. Бұл ақпараттың 72,7 пайызы қасақана немесе адам факторының әсерінен туған кездейсоқ әрекет нәтижесінде берілген.

Зерттеуде "Көбіне билік органдары мен мемлекеттік ұйымдар құпия деректердің қауіпсіздігін дұрыс қамтамасыз ете алмайды. Деректердің заңсыз берілуіне қатысты тіркелген істердің 50 % соларға тиесілі" делінген.

Дана Мұхамеджанова құпия деректерді дұрыс қорғай алмаған тарапқа айыппұл ғана салынатынын, бұл жазаның компаниялар үшін тым жеңіл екенін айтады.

– Кибершабуыл, жүйенің әлсіздігі, бүкіл әлемде әлеуметтік желідегі жеке деректердің жариялануы, e-gov, бас прокуратура, орталық сайлау комиссиясында сақталған ақпараттың үшінші тарапқа берілуі қылмыстық іс ретінде қаралған жоқ. Өйткені аталған істерден қылмыс құрамы табылмаған, – дейді сарапшы.

Орталық сайлау комиссиясынан дауыс берушілер туралы деректердің жоғалуына байланысты қозғалған қылмыстық іс те тоқтатылған.

Дана Мұхамеджанова Қазақстанда жеке деректерді қорғаумен айналысатын агенттік бір жыл бұрын ғана құрылғанын, сондықтан әлі жұмысқа кірісе қоймағанын айтады.

2021 жылы қазанда цифрландыруды енгізу жөніндегі комиссия отырысында Қазақстан президенті азаматтардың жеке деректерін жоғалтып немесе ұрлатып алған тарапқа жауапкершілікті күшейтіп, заңнамалық өзгерістер дайындау керегін ескерткен.

2021 жылы сәуірде "жеке деректерді қорғауға қатысты" өзгерістер қызу талқыланған. Тәуелсіз сарапшылар пікірінше, ұсынылған өзгерістер өз қызметі мен активтері туралы ақпаратты жасырын ұстап, қазақстандықтардың жеке өміріне араласуға тыйым салғысы келетін шенеуніктер мүддесін қорғауға бағытталған.

Дана Мұхамеджанова тексеруді азаматтардың жеке деректерін жинайтын мемлекеттік органдар мен ұйымдардан бастау керек деп есептейді.

– Деректердің ұрлануы мен заңсыз таратылуына жол бермеу үшін мемлекеттік органдар мен жекеменшік компанияларға жоспарлы және кезектен тыс тексерулер ұйымдастырып отыру керек. Микронесие беретін ұйымдар, сұлулық салондары өз клиенттері туралы тым жеке деректер жинайды. Кейін бұл ақпараттың қалай жойылатынын ешкім қадағаламайды.

Қазір "Қазақтелеком" АҚ компаниясында ірі көлемде ақша жымқыру ісі бойынша тергеу және тінту жұмыстары жүріп жатыр. Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі бұл қылмысқа Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны күдікті деп тапқан. Кей деректер бойынша, ол "Қазақтелекомның" 25 пайыз үлесіне ие. Сатыбалдыға мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа да қылмыстарға қатысты деген айып тағылып отыр. "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев іске куәгер ретінде қатысып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG