Accessibility links

БҚО-да "экстремистік ұйым жұмысына араласты" деп айыпталған белсендінің бостандығы шектелді


Белсенді Мұрат Сәпиев.
Белсенді Мұрат Сәпиев.

Орал соты Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласының тұрғыны, белсенді Мұрат Сәпиевтің бостандығын үш жылға шектеді. Ол "экстремистік ұйымның жұмысына араласты" деген (405-бап, 1-2 бөлік) күдікке ілінген еді. Сот бұған қоса, белсендіге бес жыл қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салды.

24 наурызда үкімді оқыған судья Асқар Смайылов сот Сәпиевті Қылмыстық кодестің 405-бап 1-2 бөліктері бойынша кінәлі деп танығанын жеткізді. Белсенді жазасын өтеу кезінде пробациялық бақылауда болады.

16 наурыз күнгі жарыссөз кезінде прокурор Сәпиевтің бостандығын үш жылға шектеп, үш жыл қоғамдық саяси қызметпен айналысуға тыйым салуды ұсынған еді.

Іс материалдарына қарағанда Сәпиев 2020-2021 жылдары Орал мен Ақсай қалаларында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" мен "Көше партиясы" (Қазақстан соты ҚДТ пен "Көше партиясын" "экстремистік ұйымдар" деп танығанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйымдар" деп атаған) ұйымдастырған митингілерге қатысқан.

Сәпиев тағылған айыптарды жоққа шығарып, бар болғаны Конституцияда жазылған өзінің пікір айту құқығын жүзеге асыруға тырысқанын айтты. Соңғы сөзінде ол жұртты тәртіпсіздікке, билікті күшпен құлатуға шақырмағанын айтып, билікті сынап, реформаға үндегенін жеткізді.

Сәпиевтің адвокаты үкімге апелляция түсіру-түсірмеу мәселесін әзірге шешпегенін айтты. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мұрат Сәпиев - Батыс Қазақстан облысындағы бейбіт митингілерге қатысып жүрген белсенді. Оның үстінен қылмыстық іс 2020 жылы қыркүйекте қозғалған. Бір жылдан соң ұсталды. Бастапқыда оған бұлтартпас шара ретінде қамау шарасы қолданылған, кейін апелляциялық инстанция шешімнің күшін жойып, белсендіні үйқамаққа жіберді. Сәпиевтің соты өткен айда басталған.

  • Қазақстанда екі жыл бұрын "Бейбіт жиын туралы" жаңа заң қабылданғанмен құқық қорғаушылар азаматтардың бейбіт жиын өткізу және жиналу құқығы әлі шектеліп отырғанын сынайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Нұр-Сұлтанды адам құқығына қайшы шектеулерді алып тастауға шақырған.
  • Халықаралық құқық қорғау ұйымдары, сарапшылар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігі "экстремизм" бабын азаматтық белсенділерді қудалау үшін пайдаланып отыр деп кінәлайды. Билік мұны жоққа шығарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG