Accessibility links

Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытайдағы елшісі болып тағайындалды


Сол кездегі Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев (оң жақта) пен Қытай елшісі Чжан Сяо Нұр-Сұлтанда кездесіп отыр. 2021 жыл.
Сол кездегі Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев (оң жақта) пен Қытай елшісі Чжан Сяо Нұр-Сұлтанда кездесіп отыр. 2021 жыл.

Шахрат Нұрышев Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. Ол бұған дейін сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Жұма күні Нұрышев бұл қызметтен ресми түрде босады. 2019 жылдың қараша айынан бері Қазақстанның Қытайдағы елшісі болған Ғабит Қойшыбаев қызметінен босатылып, Қазақстанның Моңғолиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалды. 8 сәуірде Ақорда сайтында арнайы жарлықтар жарияланды.

Пекин лингвистика университетінің түлегі 49 жастағы Шахрат Нұрышев сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары болғанға дейін 4 жарым жылдан астам Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі (2015-2019) болған. Әр жылдары Қазақстанның Қытайдағы елшілігінде түрлі қызмет атқарған. Қазақстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымының қызметіне байланысты мәселелері бойынша үйлестірушісі болған.

Ол Қазақстанның Қытайдағы елшісі болып тұрған кезде (2017 жылдан бастап) Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң өлкесінде түркітілді мұсылмандардың, оның ішінде ұйғыр, қазақ, қырғыз, тәжіктердің жаппай "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамала бастағаны жөнінде ақпарат тарай бастады. Содан бері Шыңжаңдағы туыстарын іздеген қазақстандықтар Қазақстан билігінен Қытайда қалған туыстарын қайтаруға көмектесуін үздіксіз сұрап келеді. Қазақстан СІМ бастапқыда бұл мәселе "Қытайдың ішкі мәселесі" деген. Кейін "Қытай билігімен дипломатиялық жолдар арқылы мәселені шешуге тырысып жатырмыз" деген.

  • БҰҰ дерегінше, Қытай билігі бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды "қайта саяси тәрбиелеу лагерьлеріне" қамаған. Пекиннің өзі оларды "саяси лагерь" деп атаудан бас тартып, "кәсіпке баулу орталығы" деп атаған және оны "терроризм және экстремизммен күрес аясындағы шаралар" деп түсіндірген.
  • Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады. Пекин мұны жоққа шығарып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG