Accessibility links

CNN: Украинадан ұрлаған ауылшаруашылық техникасын Шешенстанда кәдеге жарата алмаған


Калуш елдімекені жанындағы егін алқабында тұрған John Deere ауылшаруашылық техникасы. Украина, 8 сәуір 2016 жыл. Көрнекі сурет.
Калуш елдімекені жанындағы егін алқабында тұрған John Deere ауылшаруашылық техникасы. Украина, 8 сәуір 2016 жыл. Көрнекі сурет.

Ресей әскері Украинаның Мариуполь қаласынан жалпы құны 5 миллион доллар болатын ауылшаруашылық техникасын ұрлаған. Бірақ Ресейге апарған кезде сол техниканы пайдалана алмай отыр. Мұны аты-жөні аталмаған жергілікті кәсіпкердің айтқанына сүйеніп CNN хабарлады.

Ресей күштері Украинаға басып кірген соң Мариуполь қаласындағы "Агротек" фирмасынан (америкалық John Deere компаниясының дилер орталығы) ұрлап әкеткен ауылшаруашылық техникасын Ресей құрамындағы Шешенстанға жеткізгенімен, іске қоса алмаған, себебі оны қашықтан бұғаттап тастапты.

CNN әңгімелескен адамның сөзінше, әуелде ресейлік әскерилер бөтеннің меншігіндегі екі комбайн, трактор мен тұқым сепкішті алып кеткен. Ал одан кейінгі бірнеше аптаның ішінде қалғанын – барлығы 27 техниканы тартып алған.

Олардың бір бөлігін көрші елдімекенге, өзгелерін Шешенстанға алып кеткен. GPS-навигатор деректеріне сүйенсек, ұрланған техника ең соңғы рет Шешенстанның Закан-юрт кенті аумағында байқалған.

Оны ұрлап апарғандар қашықтан бұғатталған техниканы іске қоса алмаған, бірақ "қазір Ресейден ол бұғатты бұзудың жолын білетін кеңесшілерді тапқан сыңайлы" дейді CNN.

CNN тағы бір дереккөздерге сүйеніп, Ресей күштері өздері басып алған Украинаның оңтүстік аудандарынан астықты да әкете бастаған деп хабарлайды. Телеарна журналистері әңгімелескен адамның айтуынша, "басқыншылар жергілікті шаруаларға тапқан пайданың жартысын маған бер" деп ұсыныс жасаған.

Бірақ шаруалар Ресей басып алған аймақтағы порттар жабылғандықтан өз қолындағы өнімді сыртқа алып шыға алмай отыр. Ал ресейлік әскерилер ол жерден алған астықты, Мәскеу 2014 жылы аннексиялап алған Қырым түбегіне тасымалдап жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG