Accessibility links

Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде ұшақ я тікұшақпен елден кету жайлы ұсыныс болғанын айтты


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне "ұшаққа немесе тікұшаққа мініп, елден кету" туралы ұсыныс болғанын, бірақ оны тыңдамай, өз резиденциясында түнегенін айтты. Тоқаев бұл жайында Ресейдің "Россия 24" мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында айтқан деп хабарлады Интерфакс.

"Төңкеріс атаулының мақсаты – билікке басқа адамдардың келуі. Маған келсек, сол күндері осы жерде, президент резиденциясы ғимаратынан ешқайда шыққан жоқпын. Әрине, осында түнедім. Астанадан кетпейтінімді әу бастан айттым" деген Тоқаев "Россия 24" телеарнасы тілшісі Андрей Кондрашовке берген сұхбатында.

Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарады. Қазақстанның көптеген елдімекенінде қымбатшылыққа, жұмыссыздыққа наразы азаматтар жаппай шеруге шықты. Наразылар әлеуметтік проблемалармен бірге билікке саяси талаптар да қойды.

Бейбіт басталған жаппай наразылықтың аяғы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік мекемелер, сауда орталықтарын мен басқа да нысандар және дүние-мүлік өртеліп-қиратылды.

Қаңтар көтерілісі. Арнайы репортаж
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:23 0:00

Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаев Алматыға "ұйымдасқан террор шабуылы" жасалғанын, елге сырттан "дайындықтан өткен 20 мың бандит" кіргенін айтып, ескертусіз оқ атуды бұйырғанын мәлімдеді. Ол Мәскеудің ықпалындағы Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымынан әскери көмек сұрады. Президенттің шетелден әскер шақырғанын сынағандар көп болды. Тоқаев "бұл амалсыз шара" болды деп ақталды.

Тоқаев қаңтарда Қазақстанға қарсы ұйымдастырылған "террор шабуылы" болғанын кейін де бірнеше рет айтты. Қоғам өкілдері президенттің "террористер" жайлы сөзіне еш айғақ-дәлел жоғын айтып, сынады.

Президент Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз атуды бұйырғаннан кейін оққа ұшып қаза тапқандардың арасында тәртіпсіздікке қатысы жоқ ондаған адам, тіпті балалар да болды. Сол кезде түсірілген видеолар мен атыс оқиғаларын зерттеп-талдаған құқық қорғаушылар кейбір жағдайда "қару жосықсыз қолданылғанын" айтады. Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынғандардың полиция мен тергеу абақтысында аяусыз азапталғаны, бірнеше адамның содан өліп кеткені мәлім болды.

БҰҰ, Amnesty International, Human Rights Watch және өзге де ұйымдар Қазақстан билігін Қаңтар дүрбелеңі кезіндегі халыққа оқ ату, күшпен ұстау және азаптау, қысым көрсету фактілеріне байланысты қатаң сынап, оқиғаны жан-жақты зерттеу қажетін айтқан. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген.

Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың Қаңтар оқиғасын шетелдік сарапшыларды қатыстыра отырып жан-жақты зерттеу туралы ұсынысын қабылдаған жоқ.

Қантөгістен кейін екі айдан соң "халыққа жолдауында" Тоқаев Қаңтар оқиғасын өзін қызметтен кетірмек болған кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер, әскери және арнаулы мемлекеттік қызметтердің басшылары ұйымдастырған деп мәлімдеп, оларды "отанына опасыздық жасағандар" деп атады. Тоқаев ешкімнің аты-жөнін атамады, бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары қаңтардан бері тергеу абақтысында қамауда отыр.

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 230 адам қаза тапқан. Бұған қоса оқиғадан кейін полиция мен тергеу органдары қамауында сегіз адам көз жұмған. Қаңтар оқиғасынан бері бес ай өтсе де, қоғам талабына қарамастан, билік қаза болғандардың тізімін әлі күнге жарияламай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG