Accessibility links

Санкция аймағына сапар: Иран Тоқаевты қандай күйде қарсы алмақ?    


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Ибрахим Раисимен кездесіп отыр. Душанбе, 17 қыркүйек 2021 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Иран президенті Ибрахим Раисимен кездесіп отыр. Душанбе, 17 қыркүйек 2021 жыл.

Бүгін, 19 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иранға ресми сапары басталды. Тоқаевтың президент ретінде Тегеранға тұңғыш сапары Иран баспасөзі "дипломатиялық кептеліс" деп атаған кезеңге дөп келді. Қазақстан – Иран арасында ынтымақтастықты жаңғыртатын мүмкіндіктер көп болғанымен, шешімі қиын мәселелер де бар.

CАПАР АЛДЫНДАҒЫ САЯСИ АТМОСФЕРА

Иран әлемдегі мейлінше жабық елдердің бірі саналады және ол Қазақстанмен Каспий теңізі арқылы шектеседі. Тоқаев барған Тегерандағы бүгінгі саяси ахуал қандай? Түсіндіріп көрелік.

Бұрын ядролық бағдарламасына орай санкцияға ұшыраған Каспий теңізі жағалауында ел бір ғана Иран болса, Украинадағы соғысы үшін енді оған Ресей қосылды. Яғни, теңіз жағалауы шын мәнінде санкция аймағына айналып келеді. Тоқаев Иранға сапары алдында Ресейдегі Санкт-Петербург экономикалық форумының 25-отырысына арнайы барып қатысқан жалғыз шетелдік мемлекет басшысы болды. Ол осы басқосуда "жемісті болмауы мүмкін контрсанкциялық әрекеттің орнына Азия мен Таяу Шығыс нарықтарын қамту үшін неғұрлым белсенді және бейімді сауда саясатын жүргізу" жөн болатынын айтқан.

Каспий жағалауындағы бес елдің ешқайсысында еркін сайлау өтпеген, сөз бостандығы сақталмайды. Бұл аймақта адам құқықтары да жиі аяқасты болады. Әзербайжанда Гейдар Әлиев қайтыс болған соң, билікке оның ұлы Илхам Әлиев келсе, Түркіменстанда да биыл президенттіктен өз еркімен кеткен Гурбангулы Бердімұхамедовті ұлы Сердар Бердімұхамедов алмастырды. Осылайша Каспий жағалауындағы екінші елде билік әкеден балаға өтті.

Екіншіден, Иранда былтырғы президент сайлауынан кейін саяси элита арасында екі блокқа бөліну азайып, жоғары билік пен атқарушы билік бірыңғай консерваторлар қолына көшкен. 2021 жылғы сайлауда сот билігінің бұрынғы басшысы, бір кездегі репрессиялық әрекеттерге тікелей қатысы бар деп делінетін Ибрагим Раиси билікке келді. Ол – адам құқығын аяқасты еткені үшін АҚШ мемлекеттік департаменті мен Еуропа одағының санкциялық тізіміне ілінген саясаткер. Иранда қазір атқарушы билікті басқаратын президент те, жоғары билік – Ислам революциясының жетекшісі, рухани басшы аятолла Әли Хаменеи екеуі де консерватор. Иранның тоқсаныншы жылдар ортасынан кейінгі президенттерінің көбі реформатор болатын. Тиісінше, елдегі саяси ортада осы екі лагерь арасында дау-дамай жиі өрістейтін.

Иранның рухани басшысы аятолла Әли Хаманеи.
Иранның рухани басшысы аятолла Әли Хаманеи.

Ал былтырдан бергі Ирандағы саяси картина бірыңғайлылығымен ерекшеленеді. Алайда Иранда соңғы жылдары әлеуметтік ахуалға шағынған халық наразылығы жиілей түскен.

ИРАН ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫН ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАДЫ?

Иран Қазақстанда сұйытылған газдың қымбаттауына наразылықтан тұтанған, кемінде 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасын жіті бақылады. Тегеран оқ атылғанға дейін оқиғаның алғашқы күндерінен бастап өзінің позициясын білдіріп отырды. Иран бұл оқиғаға "шетелдік фактордың" араласпауына мүдделі екенін айтып, тыныштық пен түсіністік орнайды деп сенетінін жариялады. Оқиға күндерінде Иран сыртқы министрлігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қауіпсіздік Тегеран үшін маңызға ие екендігін мәлімдеген.

Қаңтар оқиғасынан бір ай өткенде телефон арқылы сөйлескенде Тоқаев "Қасіретті қаңтар" оқиғасына алаңдаушылық танытып, ниеттестік танытқаны үшін Иран президенті Ибрахим Раисиге "ризашылығын білдірген".

Иранда соңғы жылдары елдегі әлеуметтік ахуалдың нашарлауына байланысты наразылық шерулері жиі өтеді. Әсіресе, мұғалімдер және мәдениет саласы қызметкерлері мен зейнеткерлерінің наразылығы саябырламай тұр. Айталық, мамыр айында мұғалімдер күніндегі шеруде бірнеше мұғалім ұсталған. Соларды босатуды талап етіп, осы аптада Иран мұғалімдері тұтас ел бойынша тағы да шеруге шықты. Жалақыны өсіру, қымбатшылықты тоқтату, мұғалімдердің ахуалын оңалту – шерудің негізгі талаптары.

САНКЦИЯ МЕН ПАНДЕМИЯ ҚЫСПАҒЫНДАҒЫ ҚАТЫНАС

Қазақстан президентінің Иранға сапары коронавирус пандемиясы және Тегеран ядролық бағдарламасына орай санкциялар легіне ұшырағаннан кейінгі байланыстарды жандандыруға бағытталған. Осының салдарынан соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыс деңгейі айтарлықтай түсіп кетті. Қазақстаннан Иранға Түркіменстан арқылы темір-жол қатынасы жолға қойылғанымен, арада тарифтерге байланысты кідіріс байқалған. Екі ел арасында саяси, дипломатиялық кедергі жоқ. Иранның ядролық бағдарламасы келіссөзінің алғашқы отырысы Алматыда өткен. Қазақстан "Астана процесі" аталған Сирия келіссөзіне де алаң ұсынып отыр. Таяу Шығыста өзін белсенді саяси ойыншы санайтын Иран бұл жайтты жоғары бағалайтынын білдірген.

Қазақстан – Иран арасында мәдениет, жоғары білім және ғылым саласындағы қатынастар жолға қойылғанымен, өз деңгейінде жүзеге асып жатқан жоқ. Иранда Орталық Азияны және Қазақстанды зерттеу біршама жолға қойылғанымен, Қазақстандағы ирантануды мүшкіл халде деуге болады.

Қазір Қазақстан мен Иран сауда-экономика бағытындағы байланысты жандандырып, сауда-саттықты одан әрі арттыруға және көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, инвестиция салалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға ынталы. Әсіресе, тамақ, азық-түлік, жеміс-жидек, сүт және ет өнімдері бойынша байланысты ширатуға мүмкіндіктер бар. Екі ел өкілдерінің кездесуінде қызды-қыздымен Қазақстан мен Иранның әрқайсысы өз аймақтарында азық-түлік хабына айналатыны айтылады. Мұндайда Иранның Серахс, Инчебұрын шекаралық аймақтары арқылы ынтымақтастықты арттыруға мән беріліп отыр. Қазақстанның Үндістаннан Иран арқылы Балтық бойына жүк тасымалдайтын солтүстік-оңтүстік дәлізіне қатысуы да Тегеран үшін маңызды.

Бір қызығы пандемия кезінде екі ел шекарасы жабылған жоқ, шектеулі мөлшерде болса да жұмыс істеп тұрды. Бірақ мұның өзі бұрынғы қатынас деңгейін ұстап тұра алмады. Мәселен, кезінде 1 миллиард доллардан асқан екі ел арасындағы сауда 2020 жылы 235 млн долларға дейін құлдырады. Тауар айналымының түсіп кетуіне Тегеранға қарсы жарияланған санкциялар елеулі әсер етті. Алайда тараптар арадағы сауда-саттықты дамытуда екі ел потенциалы толыққанды пайдаланылмай отыр деп есептейді. Мүмкіндіктер іске қосылған жағдайда екі ел алдағы үш жылда тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін өсіре алатынын жариялаған.

Екі ел арасында шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – бизнес өкілдеріне визасыз қатынас мәселесі. Әртүрлі жиындар барысында талқыланғанымен бұл мәселе әзірге түйткіл күйінде қалып отыр.

АҚСАҒАН ӘУЕ ҚАТЫНАСЫ

Санкция мен пандемия салдарынан екі ел арасындағы әуе қатынасының жиілігі бұзылды. Пандемияға дейін екі ел арасында апта сайын ұшатын әуе рейсі айына бір-ақ рет қатынайтын болды. Қазақстанға жолаушы тасымалдап келген Иранның Mahan Air әуе компаниясы санкцияға алынып, көптеген елдермен қатар Қазақстандағы жұмысын тоқтатты. Бір кезде Тегеранға қатынап келген Қазақстанның Air Astana әуе компаниясы да санкция құрсауындағы Иранға ұшуын тоқтатқан.

Қазір де Қазақстан мен Иран арасындағы жолаушылар қатынасында ұшу жиілігі пандемия кезінен көп өзгермеді. Қазақстан президентінің Тегеранға сапарында талқыланатын мәселенің бірі осы болмақ.

Шілде айында Алматыда Иран өнімдерінің арнайы көрмесін өткізу жоспарланып отыр. Кейбір мәліметтерге қарағанда, осы көрмеге орай Мешхед – Алматы арасына қатынайтын чартерлік рейсті кейін тұрақты ету де көзделіп отырса керек.

АЗАМАТТЫҚТАН ШЫҒАРМАЙ "КЕПІЛДЕ ҰСТАУ"

Иран – қазақ диаспорасы шағын шоғырланған елдің бірі. Қазақтар бұл елге негізінен өткен ғасырдың отызыншы жылдарынадағы қуғын-сүргін, нәубет кезінде барып қоныстанған.

Иранға қоныстанған қазақтардың алды бүгінде бесінші буынға жеткен. Иран қазақтары осы елдің әр кездегі әлеуметтік құрылысына ат салысып отырған. Жергілікті қазақтар 1980-1988 жылдары кезінде Иран-Ирак соғысына да қатысқан. Сол соғыста қаза тапқан кейбір қазақ диаспорасы өкіліне көше аты да берілген.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Иран қазақтарының бір бөлігі бері көшіп келді. Оларға Қазақстан азаматтығы берілді. Алайда Тегеран билігі оларды Иран азаматтығынан шығармай отыр. Қазақстан заңы бойынша қосазаматтыққа тыйым салынғандықтан бұл елеулі түрде түйткілге айналған. Сондайда Иран қазақтары Қазақстан паспортымен Иранға барғысы келсе, Иран консулдығы виза бермейтін жағдай да жиі кездеседі.

Бұл тек Иран қазақтарына ғана тән мәселе емес. Иран азаматтық кодексі азаматтықтан бас тартуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан Ираннан шығып, басқа ел азаматтығын адамдар Иран паспортымен қоштаса алмайды. Бұл өз кезегінде басқа ел азаматтығын алып, Тегеран режимін сынап, қарсылық білдіргендер болса, оларды Иран заңымен қудалауға немесе соттауға мүмкіндік береді. Тегеран осылайша басқа елдің азаматтығын алса да, ирандықтарды Иран паспорты арқылы "кепілде ұстағысы" келеді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯМЕН ҚАТЫНАС

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан бірнеше күн бұрын Орталық Азия елдерінен Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов Тегеранға барған. Оның алдында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Иранға барып қайтқан. Иран мұның бәрін көрші елдермен тату қатынасты дамыту бағытындағы ұмтылыс ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде бұл сапарлар мен кездесулер бір кезде суыған қатынасты қалпына келтіруге бағытталған.

Тегеран мен Душанбе 2015 жылдан бері Тәжікстан өз ішінде "террористік ұйым" ретінде тыйым салған исламдық жаңғыру партиясының басшысы Мұхиддин Кабиридің Иранға сапарынан кейін екі ел арасы алшақтап кеткен.

Осындай жағдайда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның биылғы сапары ерекше назарға ілікті. Осы сапар қарсаңында Тәжікстанда Иранның "Абабиль-2" дрондарын құрастыратын зауыт іске қосылған.

Бұған дейін Түркіменстан Иранға газ сатуда бағасына келісе алмай, тіпті газ сатуды тоқтатқан. Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедовтің сапарында екі ел ынтымақтастығын арттыруға бағытталған бірнеше құжатқа қол қойылды. Түркіменстан басшысы Иран президенті Ибрагим Раисидің Ашғабадта өтетін Каспий саммитіне де шақырған. Бір айта кетерлігі ұзақ уақыт талқыланып, 2018 жылы даулы жағдайда бекітілген Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді су жағалауындағы елдердің ішінде Иран ғана ратификацияламай отыр.

Сол кезде Тегеран саясаткерлерінің ұстанымын Иран қоғамы қатты сынаған болатын. Каспий мәселесі бойынша Иранның билік тармағындағы келіспеушіліктер бұрын да байқалған.

Мұның сыртында, Иранда ара-тұра Каспий теңізінің суын ішкі провинцияларға бұрып қолдану туралы айтылса, таяуда Түркіменстанда да Ашғабадқа теңіз суын пайдалану туралы сөз болған. Бұған жағалаудағы өзге елдер қалай қарайтыны әзірге белгісіз.

ИРАН БАСПАСӨЗІНДЕГІ ПАФОС

Иран баспасөзі соңғы айда, әсіресе, соңғы аптада Тегеранға бағытталған президенттер мен министрлер сапарын "дипломатиялық кептеліс" деп атаған. Бұл мәселені тіпті мешіт имамдары да уағыз-құтпаларына қосатын болған. Орталық Азия елдерінен басқа Венесуэла президентінің, Ирак, Пәкістан министрлерінің және Армения мәжіліс басшысының сапарлары айрықша назарға іліккен. "Жам-е жам" газетіндегі осы туралы бір мақала "Тегеран – дипломатия каноны" деп аталады. "Шарқ" газеті болса, "Иранға бағытталған тұңғыш сапарлар" тақырыбымен мақала жариялаған. Ал "Кейхан" газеті осы сапарларда Иранның ядролық бағдарламасы келіссөзі айтылмайтынына меңзеп, "экономикалық дипломатияға толы апта" туралы мақала басқан.

Сондай-ақ, Ибрагим Раисидің дипломатиялық сапарларды өзі билікке келгеннен кейінгі табысы ретінде көрсетуге тырысатыны байқалады. Иран баспасөзінің көбінде Раиси басқаратын он үшінші үкімет іске кіріскеннен кейін барып, осындай жетістікке қол жетті деген емеурін бар.

Иран президенті Ибрахим Раиси.
Иран президенті Ибрахим Раиси.

Мәселен, Isna агенттігі жарияланған мақаланың бірі "Он үшінші үкіметтің тұсында Иран-Қазақстан қатынасында өте жақсы мүмкіндіктер ашылды" деп аталады. Ал "Иран" газеті "Халық тіліндегі дипломатия" тақырыбымен жариялаған мақаласында соңғы 40 күндегі сапарларға шолу жасаған. Оның ішінде Қазақстан президентінің Тегеранға сапары да бар. Мақалада Қазақстан "Орталық Азияның Швейцариясы" және аймақтағы қуатты да, ірі мемлекет ретінде аталады. "Қазақстан осы аймақ елдерімен, Ресеймен және Қытаймен стратегиялық байланысқа ие. Тәжікстан және Түркіменстан президенттерінің Иранға сапарынан кейін Тоқаевтың сапары Иранның Орталық Азиямен қатынасындағы бетбұрыс бола алады" деп жазылған мақалада.

Осы газетте жарияланған соңғы мақалалардың бірінде "Солтүстік-Оңтүстік" көлік дәлізі арқылы алғашқы жүктің Иран жерінен өтетіндігі хабарланған. Мақалада осы көлік дәлізінің іске қосылуы 22 жылға созылғаны айтылады. "Ресей жүгі Иран арқылы Үндістан бағытына жеткізілген соң, алдағы күндері Қазақстан – Түркіменстан – Иран транзиттік жүк пойызы Түркия мен Еуропаға жолға шығады" дейді аталған газет.

Иран баспасөзінде жарияланған басқа да мақалаларда Қазақстанмен қатынастың Тегеран – Пекин байланысы үшін де маңызы сөз болады. Қытаймен 25 жылдық ынтымақтастық шартына қол қойған Иран, Пекин бастамашы болған жобалар бойынша Қазақстанның маңызға ие екенін айтады.

Қазақстан мен Иран арасындағы дипломатиялық байланыс 1992 жылы 29 қаңтарда орнаған. Иран – мұсылман елдерінің ішінде Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған мемлекет.

(Автордың пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG