Accessibility links

"Валюта ұсынысы шектелгендіктен" теңге маусымда 13 пайыз құнсызданған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Маусым айының қорытындысы бойынша, Қазақстан ұлттық валютасының бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 470,24 теңгеге жетті немесе 13,3 пайыз құнсызданған. Бұл туралы бүгін, 1 шілдеде Қазақстан ұлттық банкі хабарлады.

Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 115 млн АҚШ долларынан 96,4 млн АҚШ долларына дейін төмендеп, сауда-саттықтың жалпы көлемі 2,1 млрд АҚШ долларына тең болды.

Ұлттық банк дерегінше, энергия көздерінің бағасы қолайлы болғанына қарамастан, шектеулі валюта ұсынысы мен валютаға сұраныс бір мезгілде өскен тұста теңге бағамы кеміген. Ұлттық банк валюта ұсынысының төмендеуін экспортқа өнім шығаратындардың салық төлеу үшін валюта сатуды қысқартуымен, ал сұраныстың өсуін дивиденд төлеу басталуымен байланыстырады.

Бұған қоса, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюта түсімін сатуы да валюта нарығына қолдау болған, олар шамамен 480,4 млн АҚШ долларын сатқан. Маусымда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін 438,3 млн АҚШ доллары сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі сауда-саттықтың жалпы көлемінің 20,7 пайызына тең болған.

Ұлттық банк маусым бойы ішкі валюта нарығында валюта интервенциясы "жасалған жоқ" дейді. Сол сияқты БЖЗҚ зейнетақы активтері мен сенімді басқарудағы басқа да қорлар үшін шетел валютасын сатып алмағанын немесе сатпағанын айтады.

Биыл наурызда Батыс елдері Ресейге Украинаға басқыншылығы үшін санкциялар салғаннан кейін Қазақстан валютасының бір долларға шаққандағы бағамы 510 теңгеге дейін құлдыраған. Жұрт жаппай шетел ақшасын сатып ала бастаған соң Ұлттық банк валюта сатуға және сатып алуға шектеу енгізіп, валюта интервенциясына бір миллиард долларға жуық қаржы жұмсады. Сәуірде "ішкі валюта нарығында жағдай тұрақталғандықтан" валюта интервенциясы жүргізілген жоқ деп хабарлады кейін Ұлттық банк.

Мамырда теңгенің долларға шаққандағы бағамы едәуір нығайды. Ал айдың аяғында Қазақстан ұлттық экономика министрлігі нығайған ұлттық ақшаның "шынайы бағамға" келгенін мәлімдеді.

Маусымның аяғына қарай теңгемен салыстырғанда доллар бағамы біршама өсті.

Мәскеу Украинаға соғыс ашып, Батыс елдері Ресейге қарсы санкциялар салғаннан кейін Қазақстанда инфляция деңгейі өскені байқалады. Сәуір айында Қазақстан, Еуразия экономика одағына мүше елдер арасында инфляция өсімі бойынша екінші орын алды.

Үкімет өкілдері мамырдың қорытындысы бойынша, елдегі жылдық инфляция 14 пайызға, ал азық-түлік инфляциясының деңгейі 19 пайызға жеткенін мәлімдеді. Ұлттық банк 2022 жылдың аяғына дейін Қазақстанда инфляция 13-15 пайыз деңгейінде қалады деген болжам жасап отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG