Ресейдің 31 аймағынан кемінде 250 мұғалім орыс күштері басып алған Украина аумағындағы мектептерде сабақ беруге дайын. Бұл жөнінде "Медиазона" басылымы хабарлады. Журналистер олардың бірнешеуімен сөйлесіп көрді.
Арнайы хабарландырулар арқылы шығып, Украинада жұмыс істеуге келіскен мұғалімдердің басым бөлігі Ресей ауылдары мен поселкелерінде, шағын қалаларында жұмыс істейді. 80-нен астамы – Дағыстанда тұрады.
Оларға билік Ресей басып алған Украина аумағында тұрып, жұмыс істесе күніне 7 мың рубльден астам жалақы төлеуге уәде берген. Бұған қоса, қауіпсіздіктері де сақталады. Іссапар 1 қыркүйектен басталуы керек.
Ресей ағарту министрі Сергей Кравцовтың айтуынша, жаңа оқу жылынан бастап басып алынған аумақтарда оқушылар "Ресей стандарты" бойынша білім алады.
Осыған дейін Азаттықтың Украин редакциясы және өзге ақпарат құралдары жергілікті тұрғындарға сүйене отырып, Ресей бақылауына өткен Украина территориясында осы жылдан бастап "орыстандыру" бағдарламаларын енгізу жоспарланып отырғанын хабарлаған. Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Ресей оқу жүйесі бойынша сабақ беруден бас тартқан мұғалімдерге қоқан-лоқы жасалған. Ресей азаматтығынан бас тартқандар мен "орыстандыру" бағдарламасы бойынша мектептерге балаларын жібергісі келмеген ата-аналарға бала тәрбиелеу құқығынан айыруға дейін жаза тағайындаймыз деп қорқытқан.