Accessibility links

"Гаражға қамап, күніне бір-ақ рет тамақ береді". Ресейде соғысудан бас тартқан сарбаздарды қалай жазалайды?


Ресей армиясының 11-шабуылдаушы десант бригадасының сарбазы, ефрейтор Илья Каминский.
Ресей армиясының 11-шабуылдаушы десант бригадасының сарбазы, ефрейтор Илья Каминский.

Ресей армиясының 11-шабуылдаушы десант бригадасының он сарбазын соғысудан бас тартқаны үшін басшылық гаражға қамап қойған. Бұл туралы Настоящее время басылымына қамаудағы азаматтардың әскери серігі, ефрейтор Илья Каминский хабарлады.

"Оларды гаражда қамауда ұстап отыр, есікті сыртынан құлыптап қойған. Күніне бір-ақ рет ботқа береді, ертең тергеу абақтысына жібереді" деді Илья Каминский.

Осыған дейін Улан-Удэ қаласындағы 11-шабуылдаушы десант бригадасының әскери қызметкерлері Настоящее время басылымына әскери қызметтен босай алмай жүргенін айтқан. Басшылық оларға қысым көрсетіп, "бұйрықты орындамасаңдар тергеу абақтысына қамаймыз" деп қорқытқан. Бригада құрамындағы 78 адам жұмыстан шығып, Украина аумағынан кетуге бел буған. Бірақ басшылықтың қысымынан кейін 50 қызметкер райынан қайтып, ойын өзгерткен.

Настоящее время тілшісі үйіне қайтқысы келіп жүрген ефрейтор Илья Каминскиймен сөйлесті.

"Луганскінің түбіндегі тергеу абақтысына барасыңдар" дейді. Бұл №1 тергеу изоляторының базасындағы орталықтардың бірі. Херсон және Днепропетровск облыстарының әскери-тергеу бөлімінен адамдар келіп, тапсырма орындауға дайынбыз деген мазмұнда түсініктеме жазуға мәжбүрледі. Рапортымызды қабылдамайды немесе жыртып тастайды. Осыған дейін... өзім үшін ғана жауап берейін, шамамен 20 шақты рапорт жазған шығармын. Олардың бір де бірі қаралған жоқ" дейді Каминский.

Ефрейтор Илья Каминскийдің өзін армия қатарынан босатуды сұрап, №32364 әскери бөлім басшысына жазған рапорты.
Ефрейтор Илья Каминскийдің өзін армия қатарынан босатуды сұрап, №32364 әскери бөлім басшысына жазған рапорты.

"Настоящее время" редакциясына 11-шабуылдаушы десант бригадасы командирінің әскери-саяси жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Агафоновтың қол астындағы қызметкерлеріне айтқан сөзі жазылған аудиожазба түсті. Онда подполковник қызметкерлерін әскерде қалдыру үшін жеңілдетілген жұмыстар ұсынады.

"Командалық пункт, артиллеристер күзеті. Ешкім барғысы келмей ме? Бригада командирі артиллеристердің екінші бөлімшесін кім күзеткісі келетінін сұра деді. Келісетіндер бар ма? Үш күн жұмыс істеп, алты күн жүресіңдер. Жұмыстарыңды әбден жеңілдетіп жіберді ғой. Жігіттер, ескертемін, бұл соңғы ұсыныс. Командирдің ұсынысына келісетіндер табылмаса, сендерді ұстамаймын. Сағат 18:00-ге дейін уақыттарың бар. Одан кейін ешкімнің өтінішін қабылдамаймын" дейді Агафонов.

Ефрейтор Каминский әскери қызметтен бас тартқандарды бірнеше топқа бөліп, бір топтағы сегіз адамды белгісіз жаққа алып кеткенін хабарлаған. Подполковник Агафонов олардың Луганскідегі комендатурада екенін, жұмыстан шығу туралы ойынан айнып қалғанын айтқан.

"Сегіз адам қайтадан әскери қызметке оралғысы келеді. Жалынып сұрап отыр. Күні бойы хабарласып жатыр. Олар мотоциклге мініп, қолына пулемет алуға дайын. Оларға не істегенін, Луганск туралы не айтқанын, бұйрықты орындамағандарға қандай жаза қолданылады деп түсіндіргенін білмеймін. Сендермен сөйлесіп, намыстарыңды қорғаудан шаршадым. Мына адамдар Луганскіге кеткеннен кейін қатарымызға оралмайды. Сендерде әлі мүмкіндік бар. Қазір араларыңнан бір адамды алып, комендатураны көрсетейін. Оларға не айтылғанын, сегізін де әскери қызметке ораламы" деп өзгеріп шыға келетіндей қандай жаза күтіп тұрғанын естіп келсін" деген Агафонов.

Қазір 11-шабуылдаушы десант бригадасының "арнаулы операцияға" қатысудан бас тартқан жауынгерлері нақты мекенжайын айтпаған. Бірақ олар әлі Украина аумағында жүр. Олардың сөзінше, "арнаулы операция" басталғалы бригада құрамының жартысынан көбінен (өлтірілген, жараланған және әскери қызметін жалғастырудан бас тартқан жауынгерлер) айырылған. Бірақ бригада қатары жаңа жауынгерлермен толыққан. Каминский командирдің қоқан-лоқысынан қорықпайтынын, үйіне оралу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайтынын айтады.

"Моральдық тұрғыда шаршадым. Басшыларға деген сенім сарқылды. Талабымызды елемей, көзге ілмей отыр. Жауынгерлер "жоқ" деп кесіп айтқан кезде ғана қимылдап, өтініш айта бастады. Әртүрлі ұсыныс жасады. Шаршадық. Үйге қайтқым келеді. Үш ай бұрын дүниеге келген қызымды көрген жоқпын. Алғашқы рапортымды сәуірдің аяғында жаздым, оны ешкім қараған да, қол қойған жоқ. Мамырдан бастап әскери қызметтен бас тартатыным туралы рапорт жаза бастадым, өйткені олар мені құр уәдемен алдаусыратып келді" дейді Каминский.

Әскери қызметтен бас тартқан азаматтармен сөйлесуге барған жауынгер Ильяға 11-шабуылдаушы десант бригадасының он қызметкері гаражда қамауда отырғанын, енді көп ұзамай өздерін Луганскідегі тергеу абақтысына алып кететінін айтқан.

Жақында "Еркін Бурятия" қоры Бурятиядан Украинаға кеткен 150 жауынгердің әскери іс-қимылға қатысудан бас тартып, үйіне оралғанын хабарлады.

Әскерилер өздерін армия қатарынан босатуын сұрап рапорт жазған, бірақ әскерден құтыла алмаған: басшылық жауынгерлердің телефонын тартып алып, оларды алдап, соғыс аймағына қайтармақ болған.

– Біріншіден, оларды күштеп ұстап отыр. Жақында бірнеше әскери қызметкерді Алчевскіде қамауда ұстаған. Олар үш апта бұрын рапорт жазған, командир өтініштерін қабылдамай қойған. Жауынгерлер киім-кешек, қару-жарағын тапсырып, өз бетімен әскери бөлімшеге жетіп, қызметтен босату туралы рапорт жазуға вокзалға барған. Оларды әскери полиция ұстап, кері қайтарып, жертөледе ұстаған. Тұтқындарды жұмыс күші ретінде пайдаланған. Олар бізді киімсіз, қарусыз майданға жіберіп, өлтіріп тастайды деп қорыққан. Сондықтан кей азаматтар автобустан секірген. Кеше ғана Украина қорғаныс министрлігінің Faceebook-тегі тобында сөзімізді растайтын аудиожазба жарияланды. Онда әскери қызметкер жауынгерлердің автобустан секіргенін, оларды майданға алдап әкеле жатқанын айтқан, – дейді "Еркін Бурятия" қорының вице-президенті Виктория Маладаева.

Настоящее время журналисі Тимофей Рожанскийдің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG