Accessibility links

Қырғызстандықтарды ЧВК "Вагнерге" тартып жатыр ма?


ЧВК "Вагнер" мүшелері Сирияда жүр.
ЧВК "Вагнер" мүшелері Сирияда жүр.

Қырғызстандағы журналистер әлеуметтік желіде қырғызстандықтарды ЧВК "Вагнер" жеке әскери компаниясы арқылы Украинадағы соғысқа тартатын жарнамалар пайда бола бастағанын аңғарған.

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ЖАРНАМА

Бұл жарнамаларға қырғызстандық зерттеуші журналист Али Токтакуновтың "МедиаХаб" қоғамдық қоры назар аударған. Олар зерттеуінде kg.zarplata деген Инстаграм парақшасында жарияланған жарнамаға назар аударады. Онда 24 жастан асқан қырғызстандықтарды "Ресей аймақтарындағы кәсіпорындарға күзетші етіп алатыны", "жұмысты жақсы істесе Ресей азаматтығын алуға көмектесетіні" жазылған.

Жарнамада "жол шығынын жұмыс беруші төлейтіні", ал жалақы айына 100 мың рубльден (шамамен 750 мың теңге) басталатыны да көрсетілген.

"МедиаХаб" зерттеуінде мұндай жарнама Өзбекстанда да таралғаны айтылады. Журналистер жұмыс берушілерге хабарласқанда "бір-бір жарым ай жеке күзет мекемелеріне тұрақты жұмысқа қабылдау тоқтатылғанын" айтып, бірақ айына 240 мың рубль (1,8 млн теңге) төлейтін төрт айдан аса уақытқа арналған уақытша жұмыс бар деген.

"Әскери дайындық туралы сұрамады, сотталған адамдарды да ала береді. Бастысы Еуропа одағы мен НАТО елдерінің азаматы болмау керек... Жұмыс туралы жарнамада жаңадан алынғандар Украинадағы арнайы операция аймағына барып, тапсырма орындайды, ал оларды жалдайтындар Ресей қорғаныс министрлігінің мүддесі үшін жұмыс істейтіні жазылған" дейді зерттеуде.

"МедиаХаб" зертттеуінше, жұмысқа алынатындар желідегі аккаунттарын жойып, тек камерасы жоқ кнопкалы ұялы телефон ұстауы керек. Журналистер хабарласқан адам "жұмысқа Краснодар өлкесіндегі Молькин хуторына келуді" сұраған. Кейін "МедиаХаб" өкілдері бұл нөмерді Getcontact сервисі арқылы тексергенде нөмер "ЧВК Вагнер" деп сақталғанын анықтаған.

"Картадан Молькин және сонда орналасқан әскери базаны таптық. Жалдамалыларды осы аумақта әскери дайындықтан өткізетін шығар деп ойладық, бірақ олай емес болып шықты. Бұл маңда тағы бір объект орналасқан екен. Журналистер 2019 жылы Молькионда ескі пионер лагері деп өтірік көрсетілген құпия базаны анықтаған еді. Сол кезде жалдамалыларды осы жерде дайындап кейін Украинаның шығысы мен Сирияға соғысқа жіберетіні айтылған" дейді "МедиаХаб" қызметкері.

ЧВК "ВАГНЕР" ТОБЫНА ҚАЛАЙ АРБАЙДЫ?

ЧВК "Вагнер" Ресейдегі жеке әскери компания саналады. Бұл компанияны Ресей президенті Путиннің "аспазы" әрі бизнесмен Евгений Пригожинмен байланыстырады. ЧВК "Вагнер" жалдамалылары 2014 жылдан бері Украинаның шығысында ресейлік сепаратистер жағында соғысып жүр. Бұдан бөлек олардың Сирия, Ливия, Мозамбик, Судан, Орталық Африка республикасындағы әскери қақтығыстарға қатысқаны айтылады. 2021 жылы Еуропа одағы ЧВК "Вагнер" мен Пригожинге санкция салған.

Молькиндегі әскери базада жаттығып жүргендер. 18 қазан, 2017 жыл.
Молькиндегі әскери базада жаттығып жүргендер. 18 қазан, 2017 жыл.

Ресей билігі ЧВК "Вагнер" елдің қарулы күштеріне қатысы жоқ деумен келеді, бірақ "вагнерліктер" Ресей қорғаныс министрінің инфраструктурасы мен көліктерін қолданады әрі әскери қызметтері үшін орден мен медаль алған.

Бұған дейін халықаралық және ресейлік басылымдар ЧВК "Вагнер" Украинадағы соғысқа жалдамалылар жинай бастағанын айтқан. Олардың жарнамасы да Қырғызстанда пайда болған хабарламаларға ұқсайды.

Мәселен, "Важные истории" сайты Петербургтегі түрмелерде отырғандарды ЧВК "Вагнер" арқылы Донбассқа жіберу үшін арбай бастағанын жазған. Сайтқа бұл туралы түрмеде отырғандардың туыстары айтқан.

"Важные истории" басылымының жазуынша, сотталғандарға кешірім жасалатыны, ай сайын 200 мың рубль (шамамен 1,5 млн теңге) жалақы берілетіні, соғыста қаза тапса отбасына бес млн рубль төленетінін айтқан.

Бұған қоса, шілденің ортасында Екатеринбург көшесінде ЧВК "Вагнер" қатарына қосылуға шақырған жарнама пайда болған. Плакатта Ресей туы, әскери киімдегі қарулы адам және "Оркестр "W" сені күтеді" ("Оркестр "W" ждёт тебя") деген жазу бар. "Оркестр" - "Вагнер" тобының рунетте жиі қолданылатын атауы. Жарнамада әскери компанияға 24 жастан асқандар ғана алынатыны жазылған.

РБК телеарнасының тілшілері де ЧВК "Вагнер" Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей бойынша 24-50 жас арасындағы ер адамдарды жинап жатқанын хабарлаған.

РБК тілшілері анықтағандай, "Вагнер" тобында Украинадағы арнайы операцияға қатысқандар айына 240 мың рубль алады, бұған сыйақы, іссапар төлемдері қосылады. Жұмыс төрт айдан аса уақытқа жоспарланған.

Соғыс басталғанда ВВС сайты да "Вагнер" тобы Украинадағы соғысқа "ДХР" мен "ЛХР" сепаратистік аймағының тұрғындарын, қырымдықтарды, шетелдіктерді, сотталғандарды және қарызы барларды қабылдап жатқанын жазған.

Қазірге дейін Украина да, Ресей де соғыста қанша солдатынан айырылғанын ресми түрде хабарламады. Ал америкалық ЦРУ-дың дерегінше, Украинадағы соғыста кемі 15 мың ресейлік әскери қаза тауып, 45 мыңы жараланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG