Accessibility links

Түркияда түркімен консулдығы қызметкерлері белсенділерді сабаған


Түркіменстанның Түркиядағы елшілігі алдында наразылық өткізіп тұрған түркімен белсенділері. 2019 жыл.
Түркіменстанның Түркиядағы елшілігі алдында наразылық өткізіп тұрған түркімен белсенділері. 2019 жыл.

Түркімен белсенділері адвокаттар және екі түрік құқық қорғаушының қолдауымен Түркіменстанның Стамбулдағы консулдығына барып, президент Сердар Бердімұхамедовке ашық хат жолдауға әрекет жасады.

Адам құқықтары жөніндегі түркімен Хельсинки қорының хабарлауынша, нәтижесінде оларды дипломатиялық корпус өкілдері сабап тастаған.

"Адвокат Гүлден Сөнмез және белсенділер күзетшіден хатты тапсыру үшін қызметкерлердің бірін шақыруды сұраған. Сол кезде алты қызметкер шығып, оларды балағаттап, сабаған" деп жазды қор.

Құқық қорғау ұйымы дипломатиялық корпус өкілдері екі әйел мен үш ер адамды сабағанын айтады. Белсенді Атамұрат Сапаров басынан ауыр жарақат алып, дәрігерге қаралған.

Түркімен мигранттарына құқықтық көмек берген түрік адвокаты Гүлден Сөнмез шілдеде Стамбулдың Чаглаян сотына Түркіменстан билігіне, оның ішінде бұрынғы президент Гурбангулы Бердімұхамедовке қарсы қылмыстық іс қозғау бойынша шағым тапсырған.

Түркияда тұратын түркімендер көп жылдардан бері мерзімі өтіп кеткен төлқұжаттарын жаңарта алмай, соның салдарынан Түркияда заңсыз жүруге мәжбүр. Ондағы түркімен консулдығы төлқұжаттарын жаңартудан бас тартқан.

Түркия билігінің ресми мәліметі бойынша, елде жүз мыңға жуық Түркіменстан азаматы бар. Бірақ олардың көбінің құжаттарының мерзімі өтіп кеткендіктен, нақты санын айту қиын. Түркіменстан билігі көші-қонға қатысты ешқандай мәлімет жарияламайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG