Дондағы Ростов қаласының әскери соты такси жүргізушісін өлтірді деп күдікке ілінген Мәскеу облысында тұратын әскери қызметкерді екі айға қамады. Соттың баспасөз қызметіне сүйенген Ресей ақпарат құралдары осылай деп хабарлады.
Astra және "Информбюро-ЮФО" мәліметінше, күдіктінің аты-жөні Алексей Крылов, 82717 әскери бөлімінің капитаны, 33 жаста. Қаза болған такси жүргізушісінің аты-жөні Роман Говасари, 51 жаста. Таксистің туыстары Astra тілшісіне оның қаза болғанын растаған. 161.ru мәліметінше, күдікке ілінген капитан бұрын "қақтығыс ошақтарында" болған, ракета жасағында қызмет еткен.
Тергеу болжамынша, 15 тамызда әскери қызметкер өзін тасыған такси жүргізушісімен Украинадағы соғыс жайлы дауласып қалған. Басылым дереккөзінің хабарлауынша, ақыры офицер таксисті Макаров пистолетімен төрт рет атқан. Жәбірленуші жедел жәрдем келгенге дейін жан тапсырған.
"Коммерсант" басылымының жазуынша, тергеу комитеті әскери қызметкер үстінен "кездейсоқ адам өлтіру" бабы бойынша іс қозғаған. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Ведомство іске түсініктеме бермеді.