Алматыда Тарас Шевченко ескерткіші маңында Украинаның Тәуелсіздік күніне арналған акция өтті. Жиналған белсенділер қолдарына Украина туын ұстап, бейбітшілікті қолдап, соғысқа қарсы шықты.
Акцияға келгендердің бірі белсенді Асхат Берсәлімов Азаттыққа берген сұхбатында "бейбітшілікті қолдап, соғысқа қарсы шыққан адекват барша адамзатты" құттықтауға келгенін жеткізді.
—Кеше (23 тамызда) – Украинаның мемлекеттік туы күні болды, бүгін Украинаның Тәуелсіздік күні. Соған орай украин халқын, бірінші кезекте Украина қарулы күштерін құттықтағым келеді. Қазір адекват адамзат Украинаны қолдап, Ресейдің әскери басқыншылығына қарсы. Украина Тәуелсіздігі күні шетте қалмай, Тарас Шевченконың ескерткішіне келіп, украин халқын құттықтауға келдік. Украина жасасын! Батырлар жасасын! - деді белсенді.
Акцияны полицейлер бақылап тұрды, бірақ өтуіне кедергі жасамады. Бұған қоса, "пресса" деген жазуы бар жилет киген күштік құрылым өкілі оқиғаны камераға түсірді. Жилетінің ішкі жағында полицей рациясы көрініп тұрды.
Акция шамамен 15 минутқа созылды. Одан кейін белсенділер тарап кетті.
Қазақстанда Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған акциялардың көбі биліктің рұқсатынсыз өткен. Кейбірінде полиция белсенділерді ұстап, әкімшілік жауапқа тартқан.