Әділет министрі Қанат Мусин 25 тамызда журналистердің сұрақтарына жауап беріп, Конституцияға жаңадан енгізілген Жер туралы бапқа да түсініктеме берді. Маусым айындағы референдумнан кейін өзге баптармен қатар Конституциядағы 6-бап та өзгеріп, "Жер мен ондағы қазба байлық халыққа тиесілі" деп жазылған еді.
"[Мұны] Әрбір Қазақстан азаматының қандай да бір жерді иелініп, ондағы бар байлықты иеленуіне құқығы бар деп түсінуге болмайды. Бұл норманың мәні – Қазақстан халқы биліктің қайнар көзі ретінде өз жері мен байлықтарының иесі деген мағынаны білдіреді. Яғни, халықтан басқа ешкім жерге иелік ете алмайды. Бұл халыққа ортақ игілік. Сол себепті де халыққа тиесілі деп айтылады. Ал осы меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады, себебі мемлекет ел өмірін басқарады, реттейді, шешеді. Өзге де өкілеттерді атқарады" деді министр.
Ол аталған бапты "философиялық-құқықтық норма" деуге келеді деп санайды.
Маусым айында Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізіліп, негізгі заңның Жер туралы 6-бабы да өзгерген еді. Бұрын бұл бапта "Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады" деп жазылған. Жаңа өзгеріс бойынша "Жер мен оның астындағы қазба байлық халыққа тиесілі, бірақ халық меншігін мемлекет басқарады" деп жазылды.
Кейбір сарапшылар бұл түзетуден ештеңе өзгермейді, оған "халық" деген сөзді қосқаннан халыққа қандай пайда келетіні белгісіз деп айтқан еді. Мысалы, құқық қорғаушы Евгений Жовтис Азаттыққа берген сұхбатында "Бұл халыққа билік органдарынан орын тиіп, азаматтар шешім қабылдау объектісі емес, субъектісіне айналғанда, демократия орнап, мәслихаттар мен парламент халықтың мүддесін қорғап, халық мемлекеттен талап ете алатын деңгейге жеткенде ғана жұмыс істейді. Сол кезде ғана мемлекет жер мен қазба байлықты дұрыс басқарады, оның бәрін халық таңдаған билік өкілдері қадағалайды деп сенуге болады. Онсыз Конституцияны әдемі етіп жазып шығуға болады, тек бұдан ештеңе өзгермейді" деген еді.
Конституцияға енгізілген түзетулер 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру; өлім жазасын жою; омбудсменнің мәртебесін негізгі заңда бекіту; қызмет өкілетін атқару кезінде президенттің саяси партия мен қозғалысқа мүше болуына, ал оның туған-туысына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу; парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелерін қамтиды.
Өзгеріске сай, Конституциядан бірінші президентке (Нұрсұлтан Назарбаев) берілген артықшылықтың бәрі алынып тасталды. Кейбір сарапшылар бұл референдумды Тоқаевтың келесі президент сайлауына дайындығы деп бағалайды.
ПІКІРЛЕР