Accessibility links

Премьер-министр елде қант жағдайы тұрақталғанын мәлімдеді


Қазақстанда көктемнен бері қант тапшылығы туындап, кейбір дүкендерде қант шектеулі мөлшерде сатыла бастаған.
Қазақстанда көктемнен бері қант тапшылығы туындап, кейбір дүкендерде қант шектеулі мөлшерде сатыла бастаған.

Премьер-министр Әлихан Смайылов сенбі күні үкімет отырысы кезінде елде қант жағдайы тұрақталғанын мәлімдеді. Ол дегенмен аймақтарда қант дүрбелеңіне жол бермеуді тапсырып, қант бағасын бұрмалау фактілерін анықтап отыру қажеттігін алға тартты. Бұл жөнінде премьер-министр сайты хабарлады.

"Жалпы қантпен қамтамасыз ету жағдайы тұрақталды. Қанттың қажетті қоры бар. Дүрлігуге жол бермеу үшін қант бағасына қатысты түрлі манипуляциялардың алдын алып, алыпсатарлық әрекеттер мен қажетсіз делдалдарды анықтау қажет" деді Смайылов.

Оның айтуынша, қазір елде аталған саланы дамытудың кешенді жоспары дайындалған. Оған сәйкес, қант қызылша алқаптарын үш есеге арттыру көзделген, яғни 11,5 мыңнан 38 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарда бар. Жоспар жүзеге асса, 2026 жылға қарай қант импортының үлесі 58-ден 17%-ға дейін азаюы мүмкін.

"Бұл алдағы бес жылда отандық шикізаттан қант өндіру көлемін жыл сайын 250 мың тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді" деді Смайылов.

Премьер-министр сайтының хабарлауынша, үкімет отырысы кезінде ауыл шаруашылығы министрлігіне сауда және интеграция министрлігі және әкімдіктермен бірлесе отырып, кешенді жоспарды жүзеге асыру тапсырылған. Аталған министрліктер мен "Бәйтерек" холдингісі "қант зауыттарын жаңарту және шикізат сатып алуға айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен кредит беру мәселесін пысықтауы" тиіс. Бұдан бөлек, Павлодар облысында жаңа қант зауытын салу қажеттігі де атап өтілген. "Сауда және интеграция министрлігіне ішкі нарықты демпингтен қорғау үшін қантқа ең төменгі бөлшек сауда бағасын белгілеу мәселесін пысықтау" да тапсырылған.

Қазақстанда қант тапшылығы мен қымбатшылығы наурызда, Украинаға басып кіргені үшін Ресейге Батыс санкция салған кезде-ақ пайда бола бастаған. Мамыр айының соңында БАҚ Ресейден қант алдыратын кей аймақтарда қант жетпей жатқанын хабарлаған. Кейін Қазақстанның барлық өңірінде қант күрт қымбаттаған.

Бір ай бұрын үкімет отырысы кезінде Бақыт Сұлтанов пен ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевке Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қант проблемасына байланысты сөгіс жариялаған. 15 тамызда Сұлтанов қызметінен босатылған.

Бақыт Сұлтанов "қант бағасы импортқа тәуелді, қаласаң да, қаламасаң да қант қымбаттай береді" деген еді.

Қант мәселесіне арналған брифингтердің бірінде Бақыт Сұлтанов "қант пайдаланбайтынын, шайды бал қосып ішетінін" айтқан.

Ал "қант дауынан" кейін вице-премьер - сауда және интеграция министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған Серік Жұманғарин 16 тамызда журналистер сұрағына жауап беріп, "қара шайға қант емес, тосап қосып ішемін" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG