Accessibility links

Мемлекеттік стипендия атауынан Назарбаев атын алып тастау ұсынылды


Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия атауынан Қазақстанның бірінші президентінің атын алып тастау туралы ұсыныс жасалды. Үкіметтің арнайы қаулысы президент қарауына енгізілді. Бұған сенбі, 17 қыркүйекте ҚазТАГ агенттігі назар аударды. Қаулының өзі 13 қыркүйекте шыққан.

Үкімет 2000 жылы 3 сәуірде қабылданған "мәдениет саласында Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті – Елбасы мемлекеттік стипендиясын бекіту туралы" № 369 президент жарлығына өзгеріс енгізуді ұсынған. Атап айтқанда, жарлық атауынан "ҚР тұңғыш президенті – Елбасы" сөзін алып тастау ұсынылды. Егер президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзгерістерді мақұлдаса, онда аталған стипендия тек "мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендия" деп қана аталады.

Кейінгі кезде Қазақстанда "Назарбаев атауларынан арылу" тенденциясы байқалады. 16 қыркүйекте парламент Конституцияға енетін бірқатар өзгерістер, оның ішінде Астана атауын қайтаруды мақұлдаған. Қазақстан астанасы 2019 жылы Назарбаев отставкасынан кейін Тоқаевтың бастамасымен Нұр-Сұлтан аталған еді.

Қанды қаңтар оқиғасынан кейін елде бұрынғы президенттің ықпалы әлсіреп, оның айналасындағы адамдар биліктен шеттетілген. Бірақ сарапшылар Назарбаев пен оның айналасы әлі де экономикалық ресурстар мен белгілі бір ықпалға ие екенін айтады.

XS
SM
MD
LG