Accessibility links

Ресей азаматтарына "құшақ жайған Қазақстан" және "Мәскеу мен Пекиннің араздасу ықтималдығы"


Қазақстандық еріктілер Ресейдегі мобилизациядан қашып, шекарадағы Жайсаң автоөткелі арқылы Қазақстанға келген ресейліктерге ас-су беріп, көмектесіп жүр. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.
Қазақстандық еріктілер Ресейдегі мобилизациядан қашып, шекарадағы Жайсаң автоөткелі арқылы Қазақстанға келген ресейліктерге ас-су беріп, көмектесіп жүр. Ақтөбе облысы, 28 қыркүйек 2022 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Ресейдегі мобилизациядан қашқан азаматтардың Орталық Азияға ағылуы аймаққа қалай әсер ететінін талдады. Басылымдар ресейліктерді әр ел әрқалай қабылдап жатқанын жазды. Сонымен қатар Қазақстан үшін Қытай мен Ресей араздасуы мүмкін бе деген сұраққа жауап іздеді.

МОБИЛИЗАЦИЯДАН ҚАШҚАНДАРҒА КӨМЕК МӘСКЕУ МЕН АСТАНА ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Әл-Жазира телеарнасы «Путиннің Орталық Азиядағы одақтастары мобилизациядан қашқан ресейліктерді құшақ жая қабылдап жатқанын» жазды.

Телеарна Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың үкіметке мобилизациядан қашқан ондаған мың ресейлікке көмек көрсетуді тапсыруы Ресеймен қарым-қатынасты айтарлықтай нашарлатуы мүмкін деп топшылайды.

Қазақстанның ішкі істер министрлігі 21 қыркүйектен бері елге 100 мыңға жуық Ресей азаматы кіргенін, олардың үштен екісі Қазақстан арқылы басқа елдерге кеткенін хабарлады.

Мақала авторы Мансур Мировалев Орталық Азиядағы елдердің ішінен Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мәскеу басып алған Украинада аймақтарында өткен референдумдарды мойындамайтынын мәлімдегенін келтіреді.

Видео: Қазақстанға қашқан ресейліктерге оралдықтар жәрдемдесіп жатыр (26 қыркүйек 2022 жыл).

Қазақстанға қашқан ресейліктерге оралдықтар жәрдемдесіп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

Ресейліктердің енді бір бөлігі Өзбекстанға қарай ағылып жатыр. Әл-Жазира Путинге қарсы шығуға келгенде Өзбекстан билігі Қазақстан билігімен салыстырғанда әлдеқайда сақ дейді.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзяев соғысты қолдаған да, айыптаған да жоқ. Ол Ташкент сепаратистік аумақтарды мойындамайтынын мәлімдеген сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловты отставкаға жіберді.

«Ташкент әзірге үнсіз. Бұл Мирзияевтің өте сақ екенін, Мәскеу қарым-қатынасын құртып алудан қорқатынын көрсетеді», − дейді Лондондағы Due Diligence Central Asia талдау орталығының директоры Әлішер Илхамов.

Телеарна Өзбекстан үнсіздігіне Ресей сол елде жұмыс істеп жүрген 2 миллионға жуық өзбек еңбек мигранттарын кері қайтаруы мүмкін деп қауіп себеп болуы мүмкін деп болжайды.

Авторитарлы Түркіменстан бірнеше жыл бұрын Мәскеудің ықпалынан шығып, шекарасын тарс жапты. Ал Тәжікстан мен Қырғызстан Мәскеу бастаған саяси және экономикалық блоктарға кіреді. Бұл елдердің биліктері де соғысты ашық айыптамады және қолдамады. Бұл мемлекеттерге ағылып жатқан ресейліктердің көші толастамай тұр.

«Осылайша Орталық Азия өз тарихында алғаш рет оппозициялық көзқарастағы азаматтарды қабылдап жатыр. Олардың келуі аймақ пен Ресей арасындағы балансты қалай өзгертетінін болжау қиын», − дейді автор.

Моңғолия мен Ресей шекарасында қалыптасқан көлік кептелісі. 25 қыркүйек 2022 жыл.
Моңғолия мен Ресей шекарасында қалыптасқан көлік кептелісі. 25 қыркүйек 2022 жыл.

Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаров мұның ұзақ мерзімдегі экономикалық салдарын да тап басып айту қиын деп есептейді.

«Бұл адамдардың қалай бейімделетіні, қалай жұмыс табатыны белгісіз, сондықтан ұзақ мерзімде олар ауыртпалық салуы мүмкін», − дейді Умаров.

Ал Австралияда шығатын Conversation басылымы Ресейден қашқандарды әр ел қалай қарсы алып жатқанына тоқталды.

«Әуе билеттерінің құны шарықтап, Ресейден ұшатын бірнеше бағыттағы рейске билет сатылып кеткендіктен, жүздеген мың адам құрлық шекаралары арқылы Моңғолия, Қазақстан мен Грузияға қашты. Кептеліс бірнеше шақырымға созылып жатты және шекара бекеттеріне жетуге 48 сағат кетті. Ақырында олар діттеген жерге жеткенде, үш елдің әрқайсысы Ресей азаматтарын әрқалай қабылдады», − дейді мақала авторы, Украинадағы Конкордия университетінің профессоры Ричард Фольц.

Шығыс Сібірде, Моңғолиямен шекарас Бурятия республикасында көп этникалық моңғол тұрады. Кавказдағы басқа ұлттар тәрізді моңғолдар да соғысқа көптеп жіберілді. Моңғолияның бұрынғы президенті Цахиагийн Элбэгдорж Ресейді этникалық азшылықтарды соғыста пайдаланып жатқаны үшін айыптады. Ол соғысудан қашқан Ресей азаматтары, әсіресе, моңғолдарды елі қабылдайтынына уәде берді.

Автор Қазақстанда Ресейден қашқандарға еріктілер тегін тамақ, сим-карта мен темекі таратқанын жазды. «Тіпті қонақ үй мен жалдамалы пәтер таппағандарды кинотеатрларда орналастырып жатыр. Ал Путиннің бұрыннан бергі одақтасы президент Тоқаев Мәскеудің соғысын айыптап, Ресей азаматтарына «қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге» уәде берді.

Фольцтың жазуынша, Грузия шекарасындағы ахуал мүлде бөлек. Солтүстік Осетия-Алания республикасы мен Грузия арасындағы Жоғарғы Ларс шекара бекетін дүрбелең мен оппортунизм жайлады. Грузияға кірмек болған көліктер тізбегі 30 шақырымға созылып жатыр. Жергілікті тұрғындар баяу жылжитын көлік кептелісін пайдаланып, ақша жасап жүр. Біреулер кептелістің ана басынан мына басына дейін кофе мен сэндвич сатса, енді біреулер көліктер арасымен жүре алатын скутерлер мен велосипедтер сатып жүр.

Автордың жазуынша, грузиндер елге келген ресейліктерге Украинадағы соғысқа және Ресейдің 2008 жылы Грузияның Оңтүстік Осетия мен Абхазия аумағын заңсыз басып алуына қарсы парақтарға қол қойдыртып жүр.

БАҒАСЫ ШАРЫҚТАҒАН ПӘТЕР ЖӘНЕ ТОҚАЕВТЫҢ УӘДЕСІ

«Ішінара мобилизациядан» қашқан ресейліктердің Қазақстанға ағылғанын Eurasianet басылымы да жазды. Мақала авторы Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис ресейліктердің елге келуі шекаралас аймақтарда пәтер жалдау құнын аспандатып жібергеніне назар аударды.

Жылжымайтын мүлікті жарнамалайтын Krisha.kz сайтының зерттеуіне қарағанда, өткен аптаның ішінде Ресеймен шекаралас аумақта пәтер жалдау бағасы кемі 15-34 пайызға өскен.

«Қолданушылар пәтерді ең көп іздеген қалалар – Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл мен Павлодар. Бұл өңірлерде хабарландыруларды қарау көрсеткіші әдеттегі кезбен салыстырғанда 2-3 есе артқан».

Әлеуметтік желіде ресейліктердің келуі қызу талқыланып жатқан тұста президент Тоқаев Қазақстанның «адамгершілік» танытып, оларға көмек көрсетілетінін айтты, дегенмен қандай көмек көрсететінін нақтыламады.

Видео: Соғыстан қашқан ресейліктер көбейген тұста Алматыда пәтер жалдау қымбаттады (23 қыркүйек 2022 жыл).

Соғыстан қашқан ресейліктер көбейген тұста Алматыда пәтер жалдау қымбаттады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:33 0:00

«Тоқаев Ресей шенеуніктерімен келіссөздер жүргізіп, «бұл мәселені еліміздің мүддесіне сай шешуге» уәде берді. Бірақ қандай нәтиже көздейтінін ашып айтпады. Ресей өзінің одақтасы − Қазақстан Украинадағы соғыста өзіне қолдау білдірмегеніне наразы екенін ескерсек, бұл қиын әңгіме болуы мүмкін», − дейді Лиллис.

ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙ ҚАЗАҚСТАН ҮШІН АРАЗДАСУЫ МҮМКІН БЕ?

Таяуда Мәскеудегі ТМД елдері институтының сайты Ресей мемлекеттік думасының ТМД және шетелдегі ресейлік азаматтармен байланыс жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары әрі осы институттың басшысы Константин Затулиннің сұхбатын жариялады. Сұхбат Қазақстандағы Халық банктің Ресейдің «Мир» төлем жүйесінің картасын қабылдауды тоқтатқанына Мәскеу қандай қарымта жауап қайтарады деген тақырып төңірегінде өрбіген. Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымында осы сұхбатты талдап, Қытай мен Ресей Қазақстан үшін араздасуы ықтимал ма деген сұрақ қояды.

Затулин бұл сұхбатта Мәскеумен «тарихи-географиялық жақын болғанына қарамастан» Батыс санкцияларын басшылыққа алатын ел өзін осылайша үлкен қауіп-қатерге байлайды деген.

Тәжуітов Ресей депутаты бұл ретте Украинадан кейін келесі кезек Қазақстанға келуі мүмкін екенін меңзеді деп есептейді. Саясаттанушының пайымдауынша, тағы бір назар аударатын нәрсе, шілде айында Затулин Украинаның шығысындағы сепаратистік аймақтарды танымағаны үшін Қазақстан президенті Тоқаевты сынаған. Дегенмен Федерация кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Андрей Турчак оны бірден жөнге салып, аңдап сөйлеуге шақырған. Бірақ бұл жолы Затулинге биліктің «Единая Россия» партиясынан ешкім қой демеген.

«Бұл ол соңғы сұхбатында Кремльдің Қазақстанға қатысты бағытына қайшы келетін нәрсе айтпағанын көрсетеді», − дейді Тәжуітов.

Бұл сұхбатта Затулин Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жақында келіп кеткеніне де тоқталды. Бұл пандемия басталғалы елден шықпаған Си Цзиньпиннің шетелге алғашқы мемлекеттік сапары болатын. Си Цзиньпин Тоқаевпен кездесу кезінде «Пекин Қазақстан тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын сенімді түрде қолдай береді, Қазақстанның ішкі ісіне қандай да бір күштердің араласуына үзілді-кесілді қарсы шығады» деген.

Қытай президенті Си Цзиньпинді Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) ауежайында қарсы алып тұрған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 14 қыркүйек 2022 жыл.
Қытай президенті Си Цзиньпинді Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана) ауежайында қарсы алып тұрған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. 14 қыркүйек 2022 жыл.

Осы мәлімдемеге тоқталған Затулин: «Қазақстанның көптеген саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері орыс халқының саны басым аумақтан айырылып қалу қаупі мен Украинада тарихи жерлерді қайтарып жатқан Ресейдің жаңа саясатынан төнетін қатер жайлы ой толғағанды ұнатады. Ешкім Қазақстанның қандай да бір аумағына көз сүзбесе де, енді олардың маңызды аргументі бар. Бәлкім, оларға өздерінің «қорғаны» бар, бұрын дәті жетпеген нәрсеге енді бара аламыз деп көрінген шығар», − дейді.

Тәжуітов бұған дейін «Украинадағыдай Қазақстанда да әртүрлі нәрсе болуы мүмкін» деген депутат енді өз сөзінен айнып қалып, ешкім территориялық талап қоймайтынын мәлімдемегеніне назар аударады.

Затулин сұхбатта «Қытай мен Ресей бір кемеде», сондықтан «Ресейге қарсы доспейіл емес әрекеттерді Қытайдың мақұлдауы екіталай» дейді.

«Ол және онымен пікірі үндес адамдар Қытай Қазақстан үшін Ресеймен қарым-қатынасын бұзбайды дегенге өздерін сендіріп, Қытайдан бұл ойларын растайтын қандай да бір ишара күтіп жүргендей. Бірақ бұл жердегі сұрақ, Қазақстан үшін Қытай мен Ресей араздаса ма?» − деп қорытады автор.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG