Accessibility links

ЖСДП кандидаты Нұрлан Әуесбаев ОСК-ға құжаттарын өткізді


Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кандидаты Нұрлан Әуесбаев орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырып жатыр. Астана, 7 қазан 2022 жыл.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының кандидаты Нұрлан Әуесбаев орталық сайлау комиссиясына құжаттарын тапсырып жатыр. Астана, 7 қазан 2022 жыл.

7 қазанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия кандидаты Нұрлан Әуесбаев орталық сайлау комиссиясына барып, құжаттарын өткізді. ОСК өкілдері қабылдап, екі күн ішінде жауап беретінін айтты.

"Тоқаевты жеңгіңіз келе ме?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Нұрлан Әуесбаев сәл кібіртіктеп "ел патриоты ретінде президентімізді сыйлаймын, бірақ додаға түскеннен кейін... додаға кім жеңбеймін деп қатысады? Жеңгіміз келеді" деді.

Заң бойынша, президенттікке үміткер адам 118 мың қол жинауы тиіс. Әуесбаев мұндай қолды партия көмегімен жинай алатынын жеткізді.

65 жастағы Нұрлан Әуесбаев ЖСДП-ның астана бөлімшесін басқарады. Бұған дейін партия өкілдері оның жергілікті атқару органдарында түрлі жауапты қызмет атқарғанын жазған. Бірақ қандай қызмет істегенін нақтыламаған.

2007 жылы ресми тіркелген, өзін "оппозициялық партия" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2015 және 2019 жылы өткен президент сайлауларына бойкот жариялаған. Саяси ұйым 2021 жылы өткен парламет сайлауына да қатысқан жоқ. Қоғамда тіркелгеніне көп жыл болса да, "белсенділігі төмен" бұл партияны биліктен басқарылады деп санайтындар да бар. Ал партия өкілдері мұны жоққа шығарады.

Осыған дейін оппозиция белсендісі Жасарал Қуанышәлин мен бұрынғы сенат депутаты Уәлихан Қайсар ЖСДП атынан сайлауға түсуге ниет білдіргенмен партия съезінде олардың өтініші кері қайтарылған. Партия өкілдері олардың "саяси ұйымды пайдаланып, сайлауға түскісі" келетінін айтса, өтініш иелері "ЖСДП биліктен сескенген болар" деп топшылаған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялаған. Сайлау 20 қарашада өтеді. Кандидаттарды ұсыну 11 қазанда аяқталады.

Әзірге сайлауға қатысуға ниет білдірген үміткерлер төмендегідей:

  • Қасым-Жомарт Тоқаев – 6 қазанда құрылған "халықтық коалиция" ұсынған – ОСК-ға құжаттарын әлі өткізбеді;
  • Жигули Дайрабаев – "Ауыл" партиясы ұсынған – 6 қазанда ОСК-ға құжаттарын өткізді;
  • Нұрлан Әуесбаев – ЖСДП ұсынған – 7 қазанда құжаттарын өткізді;
  • Мейрам Қажыкен – "Аманат" кәсіподақтар достастығы – ОСК-ға 4 қазанда құжаттарын өткізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG