Бішкекте Ресей елшілігі алдында пикет өткізген Ресей азаматына айыппұл салынды. Адвокат Бақытбек Автандилдің айтуынша, Владимир есімді ер адамға Бірінші май аудандық соты 3 мың сом (шамамен 36 доллар) көлемінде айыппұл салған.
Адвокат шешімді заңсыз деп атап, апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Ресей президенті Владимир Путиннің әрекетіне қарсы жалғыз адамдық пикетті 7 қазанда азаматтық белсенді Өндіріс Тоқтанасыров ұйымдастырған. Оған екі адам қосылған. Алайда милиция үшеуін ұстап, милицияға апарған. Кейін Тоқтанасыров мен екінші азамат Өмірбек Қангелдиев босатылған.
Қыркүйек басында сот Бірінші май ауданы аумағында митинг өткізбеу туралы тыйым мерзімін 2022 жылдың 1 желтоқсанына дейін созған еді.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Бішкекте Украинаны қолдаған бірнеше акция өткен. Көбінде милиция белсенділерді ұстап, кейбіріне "құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін" айыппұл салған.
ПІКІРЛЕР