Татарстан Конституциясы күні татар жастарының "Азатлық" ұйымы белсенділері Қазан қаласында пикетке шығып, татар туын таратты. Бұл жөнінде Азаттық радиосының Татар-Башқұрт қызметі хабарлады.
"Осыдан 30 жыл бұрын қабылданған Конституция Татарстандағы бетбұрыс болатын. Конституция татар тілін мемлекеттік тіл етіп бекітті, президент статусын белгіледі, татар халқына тағы да басқа көптеген құқықтар берді. Кейінгі жылдары соның көбінен айырылдық, президент институты мен конституциялық сот жойылды, татар тілінде білім беру доғарылды. Біз Конституция талаптарын орындауды талап етуге міндеттіміз" дейді ұйым жетекшісі Наиль Набиуллин.
1992 жылы қабылданған Татарстан Конституциясы қазірге дейін 17 рет өзгерген. Соңғы рет 2012 жылы өзгеріске ұшыраған. Сарапшылар бұл түзетулердің бәрі Татарстанды 1992 жылы жариялаған егемендік статусынан айыруға бағытталған деген пікірде.
Татарстан президенті Рустам Минниханов Татарстан халқын конституцияның отыз жылдығымен құттықтаған.
ПІКІРЛЕР