Accessibility links

БАҚ: Түркия инвесторы Феттах Таминже Қазақстаннан тағы да ақша сұрады


Феттах Таминже (сол жақтан екінші) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (сол жақтан үшінші) Шортанды-Бурабай курорт аймағының инфрақұрылымын дамыту жоспарын көрсетіп тұр. 11 шілде 2008 жыл.
Феттах Таминже (сол жақтан екінші) Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа (сол жақтан үшінші) Шортанды-Бурабай курорт аймағының инфрақұрылымын дамыту жоспарын көрсетіп тұр. 11 шілде 2008 жыл.

Қазақстан Даму банкінен кредит алғысы келетіндер тізімінде "Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы "Жылы жағажай" аумағында орналасқан көп функционалды қонақ үй - туристік кешені құрылысының екінші кезегі" деп аталатын "Tethys Aktau I" жобасын қаржыландыруды екінші рет сұраған компания пайда болды, деп хабарлайды Kursiv.Media басылымы.

Басылымның жазуынша, бұл компаниядан түскен алдыңғы өтінішке қарағанда, қонақ үй - туристік кешен дегені жанында виллалары бар Fairmont голь-отелі болуы мүмкін.

Қазақстан премьер-министрі сайтының мәліметінше, бұл жобаның құны – 89,8 миллиард теңге. Бұған дейінгі жоспар бойынша, 2021 жылдың аяғында салынып бітуге тиіс болған. Бірақ құрылысы бір жылға жуық тоқтап тұрған.

Бұл жобаның бенефициары ретінде Түркия кәсіпкері Феттах Таминже аталып жүр. Оның қатысы бар компаниялар Ақтау қаласында бес жұлдызды Rixos қонақ үйі мен Tetysblu ойын-сауық паркін салған. Екі жобаны да Қазақстан Даму банкі қаржыландырған. Жалпы құны 68,4 миллиард теңгеге бағаланған Rixos қонақ үйіне 42 миллиард теңге займ берген, 47,2 миллиард теңгеге түседі деп есептелген Tetysblu аквапаркіне 16,69 миллиард теңге бөлген.

Феттах Таминже бес жұлдызды Rixos қонақ үйлер желісіне иелік ететін компанияны басқарады. Қазақстанда Rixos қонақ үйі Ақтаудан өзге Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында және Бурабай курорт аймағында бар.

Астанадағы ірі ғимараттардың да бір бөлігін Таминже компаниясы салған. Астанадағы "Хан Шатыр", "Астана Арена", Бейбітшілік пен келісім сарайы, бірнеше үлкен мешіт, Тәуелсіздік сарайы, Назарбаев университеті, "Нұр Әлем" сферасы Таминже компаниясының қолынан шыққан. Таминженің аты Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалына салынбақ болған даулы қонақ үй жобасы кезінде де аталған.

Түркия кәсіпкері Қазақстанда жұмыс істейтін өте бай шетел бизнесмендерінің бірі болып саналады. Құны миллиардтаған доллар тұратын келісімшарттарға қол қойған ол Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен "тікелей" сөйлеседі деген де қауесет шыққан.

Түркияның Анталия қаласындағы Rixos қонақ үйінің иесі Нұрсұлтан Назарбаев қоры саналады. Оны экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева басқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG