10 қарашада сенат республикалық бюджет туралы заң жобасын қарап, бірқатар толықтырулармен мәжіліске қайтарды. Сенат депутаттары 2023 – 2025 жылға арналған бюджет шығынын 71,8 млрд теңгеге ұлғайтты. Бұл жол салу, су құбыры, елді мекендерді газдандыруға жұмсалады.
"Ұсыныстар мынадай бағыттарды қаржыландыру мәселелерін көздейді: жалпы сомасы 13,7 млрд теңгеге елді мекендердің ішкі жолдары мен көпірлерді салу және реконструкциялау, оның ішінде 2023 жылы - 7,8 млрд теңге; жалпы сомасы 22,1 млрд теңгеге су құбыры желілерін салу және реконструкциялау, оның ішінде 2023 жылы – 8,1 млрд теңге. Бұл қалаларда, ауылдарда сумен жабдықтау қызметтеріне халықтың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді" деді сенаттың қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, депутат Серікбай Тұрымов.
Бұған қоса, 13,9 млрд теңге – газбен жабдықтауға, 6,3 млрд теңге инженерлік-коммуникация инфрақұрылымына бөлу көзделіп отыр.
Серікбай Тұрымов қосымша шығын үкімет резервінен қаржыландырылатынын айтты.
Бейсенбі күні сенат сонымен бірге "Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңды қабылдады. Құжат Ұлттық қор есебінен 2023 жылы бюджетке – 2,2 трлн теңге, 2024 жылы – 2 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге құюды қарастырады.
Үкімет мүшелері Ұлттық қордан тартылатын қаражат "күрделі макроэкономикалық жағдайға қарамастан" 1,4 трлн теңгеге азайтылғанын атап өтті.
"Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджет қағидасына сәйкес, мұнайға кесімді бағаны ескере отырып, айқындалды. Және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар көлемінен аспайтын болады. Бұл ретте мұнайдың кесімді бағасы барреліне 2023 жылы – 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары – тиісінше 42,2 және 40,3 доллар деңгейінде деп белгіленді" деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.
Үкімет мүшелерінің болжамынша, 2023 жылы Ұлттық қордың валюталық активі 2023 жылы – 66,7 млрд долларға дейін, 2024 жылы 78,8 млрд доллар, 2025 жылы 93,2 млрд долларға дейін қалпына келеді.
Қазақстан экономикасы шикізат экспортына 85 пайызға тәуелді. Мұнай бағасы арзандаса, елдің негізгі табыс көзі - экспорттан түсетін түсім де азаяды. Кейінгі жылдары ел билігі бюджет дефицитін Ұлттық қор есебінен жауып келеді. Тәуелсіз экономистер Қазақстанда Ұлттық қор қаражаты тиімсіз әрі жылдам жұмсалып жатқанын айтып, үкімет саясатын жиі сынға алады.
ПІКІРЛЕР