Accessibility links

"Қылмыскерге оқ атуға арнайы бұйрық қажет емес деген заңда бар". Бас прокурор Қаңтар жайлы тағы не айтты?


Қаңтар құрбандарын еске алу шарасында Тәуелсіздік монументі түбіне қойылған Қаңтар құрбандарының тізімі мен былтыр 5 қаңтарда қаза тапқан шекара қызметі курстантының фотосы. Алматы, 5 қаңтар 2023 жыл
Қаңтар құрбандарын еске алу шарасында Тәуелсіздік монументі түбіне қойылған Қаңтар құрбандарының тізімі мен былтыр 5 қаңтарда қаза тапқан шекара қызметі курстантының фотосы. Алматы, 5 қаңтар 2023 жыл

5 қаңтарда Қазақстан парламенті мәжілісі елде тура бір жыл бұрын болған қанды оқиғаға байланысты бас прокурордың жауабын тыңдады.

"ТОҚАЕВТЫҢ БҰЙРЫҒЫНА ДЕЙІН ОҚ АТЫЛҒАН"

Мәжіліс жаңа жылдағы алғашқы жалпы отырысын бастамас бұрын Қаңтар құрбандарын бір минут үнсіз еске алды.

Қаңтар оқиғасына байланысты "Жаңа Қазақстан" депутаттар тобы жолдаған сауалға бас прокурор Берік Асылов жауап берді. Оның сөзінше, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда әскери қару алғаш рет былтыр 5 қаңтарда сағат 16.00 шамасында Қазақстан президентінің резиденциясын қорғау кезінде қолданылған.

"Яғни, шабуылдаушыларға оқ президенттің белгілі мәлімдемесіне (Тоқаевтың Қаңтар кезінде ескертусіз атып тастауға бұйрық бергені туралы мәлімдемесі - ред.) дейін атылған. Бұл бойынша талқылаудың барлығы қоғам пікірін әдейі басқа арнаға қарай бұрып барады. Іс жүзінде күш құрылымдарына қылмыскерге оқ ату үшін арнайы бұйрық қажет емес. Бұл жөнінде заң нормалары бар" деді Берік Асылов.

"Олар [заң нормалары] адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда шабуылды тойтару үшін атыс қаруын қолдануға мүмкіндік береді. Дәл сондай қатерлі жағдай 5 қаңтар күні болып, 8 қаңтарға дейін, яғни жағдай тұрақталғанға дейін жалғасты" деді бас прокурор.

Қаңтар қырғынын "ұйымдастырған" кім?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:30 0:00

Сонымен бірге ол "әкімдік, полиция сияқты мемлекеттік нысандарға шабуыл жасалғанда, яғни тәртіпсіздік күш қолдануға ұласқан кезде, ал кейін, "қалаларды қарулы содырлардан тазартқан кезде" күш құрылымдары қару қолданғанын айтты.

Былтыр қаңтардағы дүрбелең кезінде елге "шетелде дайындалып келген содырлар" мен "қарулы бандиттер" шабуылдағанын айтып, күш құрылымдарына "ескертусіз атып тастауды" бұйырған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін азаматтық қоғам өкілдері, сонымен бірге халықаралық ұйымдар мен Батыс елдерінің сынына қалған еді. Қантөгістен кейін ресми Астана Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын анықтау үшін халықаралық тергеу жүргізу ұсынысынан бас тартып, "өз шамамыз жетеді" деп мәлімдеген.

10 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) онлайн саммитінде Тоқаев "біз бейбіт шеруге шыққандарға қарсы ешқашан қару қолданған жоқпыз және қолданбаймыз да" деп мәлімдеген. Сол кезде мемлекеттік хатшы қызметінде болған Ерлан Қарин 7 ақпанда "Қасқа жол" YouTube-арнасында жарияланған сұхбатында "6 қаңтарда Алматыда бейбіт адамдарға үкімет күштері оқ атқан жоқ" деп айтқан еді.

Қаңтар құрбандарын еске алу акциясында Тәуелсіздік ескерткішіне марқұмдардың аты-жөні жазылған плакатты іліп қойған. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл
Қаңтар құрбандарын еске алу акциясында Тәуелсіздік ескерткішіне марқұмдардың аты-жөні жазылған плакатты іліп қойған. Алматы, 13 ақпан 2022 жыл

Билік Қаңтар оқиғасынан кейін жеті ай өткенде жариялаған ресми деректе 238 адам (кейбір құқық қорғаушы ұйымдар құрбан саны бұдан көп дейді) қаза тапқан деп көрсетілген. "Ең көбі - 151 адам Алматы қаласында қаза болған. Көбі президент резиденциясына шабуыл кезінде [өлген]. Осыған ұқсас адам өлімі Қызылорда, Шымкент және Таразда болды" деп мәлімдеді Асылов.

Қазақстан бойынша қаза болған 238 адамның 142-ін "төтенше жағдай режимін бұзғандар" деп атаған бас прокурор, марқұм болған 67 адамға қарсы "жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айып тағылғанын, 4 адам "басқа да қылмыс жасау кезінде өлгенін" айтты.

ТОҚАЕВТЫҢ БЫЛТЫРҒЫ СӨЗІНДЕГІ ДӘЛЕЛСІЗ АҚПАРАТ

Былтыр 10 қаңтарда ҰҚШҰ-ның онлайн отырысында Тоқаев "басы кесілген" күш құрылымы өкілдері туралы мәлімдеген еді. 6 қаңтарда "Қазақпарат" мемлекеттік агенттігі Алматыда "басы кесілген екі полицейдің табылғанын" жазды. Бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын арада бір жыл өткен соң бас прокурор айтты.

"Басы кесілгендер туралы ақпаратты тексердік. Бірақ ондай тұлғаларды таппадық. Тергеу барысында толық тексердік, бірақ ондай фактіні таппадық" деді бейсенбі күні парламентте журналистер сұрағына берген жауабында Асылов.

Былтыр жыл басында "басы кесілгендер" туралы ақпаратты сол кезде Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарған Рустам Әбдірахманов та растамаған еді.

"Дұға жасағаннан басқа ештеңеміз қалған жоқ". Алматыда Қаңтар құрбандарын еске алды (5 қаңтар 2023 жыл)

"Дұға жасағаннан басқа ештеңеміз қалған жоқ". Алматыда Қаңтар құрбандарын еске алды
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:23 0:00

Бас прокурор Берік Асылов Қаңтар оқиғасы бойынша барлығы 5300 қылмыстық іс қозғалғанын, оның көбін (адам өлімі, ұрлық-қарлық, қару-жарақ ұрлау, т.б.) Ішкі істер министрлігі тергегенін хабарлады. Бас прокуратура жаппай тәртіпсіздік, терроризм, азаптау қылмыстарына қатысты 720 істі тергеген.

Осы істер аясында "тыйым салынған экстремистік топтың 25 мүшесі", "ұйымдасқан қылмыстық топтардың 42 мүшесі" ұсталды, одан бөлек, "күдіктілер арасында деструктивті діни ағымды жақтайтын 8 адам бар" деді Асылов.

Бас прокурор 2022 жылы қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздік бойынша күдікке ілінгендер арасында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан азаматтары бар деп хабарлады. Бірақ нақты саны мен аты-жөнін атаған жоқ.

Былтыр 7 қаңтардағы үндеуінде президент Тоқаев Қазақстанға "20 мың бандит" шабуыл жасағанын айтты. Ол "шетелде үлкен дайындықтан өткен халықаралық террористік банда" деп атаған адамдардың "Қазақстанға жасаған шабуылын агрессиялық акт деп қарастыру керек" деп мәлімдеді. "Осыған байланысты Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) көмек сұрадым" деді Тоқаев. Кейін ел аумағына ҰҚШҰ әскері кіргізілді.

Былтыр қаңтарда Қазақстандағы мемлекеттік және үкіметке жақын телеарналар шетелден келген "лаңкес" деп көрсеткен адам Алматыға концерт қоюға келген қырғызстандық танымал музыкант Викрам Рузахунов екені кейін анықталды. Бостандыққа шыққаннан кейін ол қамауда отырғанда "өзін өзі қаралауға мәжбүрлегенін" мәлімдеген соң жұрт арасында биліктің "террористер" туралы сөзіне күмән күшейген еді. Атышулы "20 мың террористің" аты-жөні мен қай елден, қандай жолмен келгені жайлы да ешқандай ресми дерек әлі күнге жарияланған жоқ. Тоқаев кейін "Хабар" телеарнасына берген сұхбатында "Алматы әуежайын басып алмақ болған ойы іске аспаған соң олар ұшақпен ұшып кетті" деп мәлімдеген.

Мәжілісте Қаңтар жайлы тыңдау өткен күні арнайы көрме ұйымдастырылды. Оған Қаңтар оқиғасын тергеу барысында тәркіленген қару-жарақ пен полиция және Ұлттық ұлан пайдаланатын заттар қойылған. "Мұнда Қаңтар оқиғасы кезінде атылған оқтар бар ма?" деген Азаттық тілшісінің сауалына көрмені ұйымдастырған ішкі істер министрлігі өкілі "Жоқ" деп жауап берді. Астана, 5 қаңтар 2023 жыл
Мәжілісте Қаңтар жайлы тыңдау өткен күні арнайы көрме ұйымдастырылды. Оған Қаңтар оқиғасын тергеу барысында тәркіленген қару-жарақ пен полиция және Ұлттық ұлан пайдаланатын заттар қойылған. "Мұнда Қаңтар оқиғасы кезінде атылған оқтар бар ма?" деген Азаттық тілшісінің сауалына көрмені ұйымдастырған ішкі істер министрлігі өкілі "Жоқ" деп жауап берді. Астана, 5 қаңтар 2023 жыл

Тағы бір сөзінде Тоқаев "Алматыда террористер өлген адамын тастамай, түн ішінде мәйітханадан да, ұрыс алаңынан да алып кетті" деген еді. Сол кезде Алматы қаласы полиция департаментін басқарған Қанат Таймерденов дүрбелең кезінде "қаладағы мәйітханаларға жеті рет шабуыл жасалып, белгісіз біреулер 41 өлген адамды алып кетті" деп мәлімдеген. Бірақ кейін сол 41 адам жайлы билік ешқандай дерек бермеді.

Олар кім екені анықталды ма? Ресми тізімдегі 238 адамның арасында бар ма? Бұл сұрақты Азаттық тілшісі парламент тыңдауынан кейін бас прокурорға қойды.

– Оны кесіп айту өте қиын, – деген қысқа жауаппен шектелді Берік Асылов.

"МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІС ЖАСАУҒА ТАЛПЫНҒАН"

Бас прокурор Қаңтар оқиғасына дайындық жыл бойы жүргізілген, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырушы деген күдікке ілінген 18 адамның арасында "қылмыстық топ мүшелері, діни экстремистер, бұрын сотталғандар, ДВК жақтастары да болған" деп мәлімдеді. (Қазақстан билігін сынап жүрген қуғындағы оппозиция қайраткері, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауын" (орысша қысқа атауы ДВК) Астананың Есіл аудандық соты 2018 жылы "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент Қазақстандағы адам құқығы туралы қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.)

"2021 жылы жасырын түрде радикалды шара қолдану үшін орындаушыларды дайындау жыл бойы жүргізілгенін ғана айта аламын. Орындаушылар қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адам жинап, қаруландырған, рация мен көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған" деді Асылов.

Берік Асылов Қаңтар кезінде "жоғарғы басшылықты ауыстыруға бағытталған операция тыңғылықты жоспарланған. Шын мәнінде, мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды" деді. Ол қазір жабық соты өтіп жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларының мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу күдігімен ұсталғанын айтты.

"Тергеу дерегінше, 5 қаңтарда Кәрім Мәсімов пен орынбасарларының тапсырмасы бойынша, Алматы, Қызылорда мен Алматы облыстарының ҰҚК департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орнын тастап кеткен. Ол жақта 3 мың қару ұрланған, басым бөлігі әлі табылған жоқ" деді бас прокурор.

Оның сөзінше, Мәсімовтің бұрынғы орынбасары Марат Осипов пен ҰҚК-нің тағы бірнеше бөлімшесінің жетекшілеріне "қызмет өкілетін асырған" деген айып тағылған. "Астыртын сөз байласудың егжей-тегжейін жария етуге құқым жоқ" деді Асылов.

Ішкі істер министрлігі парламентте өткізген көрмеге былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен полицейлердің құрал-жабдығы қойылды. Астана, 5 қаңтар 2023 жыл
Ішкі істер министрлігі парламентте өткізген көрмеге былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен полицейлердің құрал-жабдығы қойылды. Астана, 5 қаңтар 2023 жыл

Бас прокурор сонымен бірге Қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі болған, қазір қамауда отырған Мұрат Бектановтың "заңсыз бұйрық беріп, елде тәртіп орнату бойынша шара қолданбағанын" айтты.

Былтыр 10 қаңтарда ҰҚШҰ онлайн жиынында президент Тоқаев Қазақстанда "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс болды, барлық іс-әрекет бір орталықтан үйлестірілді" деп мәлімдеген еді. Ол мұны Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшылығын тұтас ауыстырған соң айтты. 6 қаңтарда қызметінен алынған ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көп жылғы "сенімді көмекшісі" Кәрім Мәсімовтің ұсталғаны жайлы ақпаратты ресми органдар тек екі күннен кейін жариялап, тергеу ісі құпия екенін хабарлаған-ды. Мәсімовпен бірге оның бірнеше орынбасары да тұтқындалды.

Былтыр қазанда БҰҰ жөнсіз ұстаулар жөніндегі жұмыс тобы ресми Астананы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовті ұстау барысында "заң талаптары бұзылғанын" айтып, оны дереу бостандыққа шығаратын іс-шара қабылдауға үндеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі БҰҰ жұмыс тобы көтерген мәселені "артық саясиландырмай нақты фактілерді келтіре отырып талқылауға дайын" екенін айтқан.

Осыдан бір жылдай бұрын мемлекеттік телеарна "Қаңтар оқиғасына қатысы бар" деп, Қазақстанда қызметіне тыйым салынған "Йакын Инкар" діни ағымын атаған. Алайда содан бері ол туралы ешқандай ресми ақпарат айтылмай келген.

Бейсенбі күні Азаттық тілшісі парламенттегі тыңдаудан кейін бас прокуратура өкілі Ризабек Ожаровтан Қаңтар оқиғасынан кейін күдікті ретінде ұсталған "Йакын Инкар" мүшелері жайлы сұрады. "Топ мүшелерінен 3-4 адам ұсталғаны рас, бірақ олар дүрбелеңге қатысқанымен, ұйымдастырушысы емес" деді прокурор.

ТҰСПАЛДАП СӨЙЛЕГЕНДЕР КІМДІ МЕҢЗЕДІ?

Бейсенбі күні бас прокурордың хабарламасын тыңдаған парламент мәжіліс отырысында депутаттары Сауытбек Әбдірахманов, Ерлан Сайыров, Айдос Сарым, Қазыбек Иса, палата төрағасы Ерлан Қошанов былтыр қаңтарда "есе қайтарғысы" келіп, мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынған әлдебір күштерге президент Тоқаев "батылдық танытып, тойтарыс беруінің арқасында тәуелсіз мемлекеттің іргесін шайқалтуға жол бермей, сақтап қалды" деп мәлімдеді. Олар тұспалдап сөйлеп, нақты кімді меңзегенін ашып айтпады.

Парламент тыңдауына қатысқан заңгер Абзал Құспан да "арандату әрекетіне барып жүрген" әлдебір адам құқын қорғайтын қоғадық ұйымды мінеді.

"Арандатушы бағыттағы іс-әрекеттер тек Қаңтар оқиғасы кезінде ғана көрініс тауып қойған жоқ, ол мемлекеттік құқық қорғау органдары тарапынан да, адам құқын қорғаумен айналысатын жекелеген қоғамдық институттар тарапынан да күні бүгінге дейін жалғасын табуда. Біздің ойымызша, бұл алаңдатарлық жағдай" деді ол.

Жиыннан кейін Азаттық тілшісі заңгерден нақты қандай ұйымды меңзегенін сұраған еді, бірақ Құспан ашып айтпады.

Бас прокурор Қаңтар оқиғасы кезінде "Алматыда Арман Жұмагелдиевтің рөлі күшті болған, оның әрекетін Ұлттық қауіпсіздік комитетіндегі кураторы үйлестіргені анықталды" деді. Тергеу болжамынша, "тәріпсіздікті ұйымдастырып, тобырды бақылауына алып, билікке радикал талаптар қою үшін "халық кеңесін" құруды көздеген Жұмагелдиевке Алматы мәслихатының бұрынғы депутаты, Махатов қылмыстық тобының мүшесі көмектескен" деді ол. Оның толық аты-жөнін атамады.

"Алайда олар жаппай наразылықты бақылауға ала алмады. Адамдар оларды қолдамады" деді Асылов.

37 жастағы Арман Жұмагелдиевке "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" баптары бойынша айыптардан бөлек "қылмыстық топ құру мен жетекшілік ету" айыбы тағылған. Ол сонымен бірге Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде "көшеде кетіп бара жатқан 24 адамды ұрлады" деген күдікке де ілінген. 2022 жылғы 7 қаңтарда тұтқындалған, қазір тергеу абақтысында отырған Арман Жұмагелдиев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады дейді адвокаты.

АЗАПТАУ ЖАЙЛЫ ІСТЕР

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған қантөгіспен есте қалған Қаңтар оқиғасынан кейін елде оң мыңдай адам ұсталып, көбі кейін босатылды. Билік жүздеген адамға іс қозғап, "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және қатысу", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тақты. Оқиға кезінде қаза тапқандардың да үстінен қылмыстық іс қозғады. Марқұмдардың туыстары мен өзге күдіктілер тергеу органдары еш айғақ-дәлелсіз айып тақты, адам өлімі мен азаптауға байланысты қозғалған істердің көбі жабылып қалды деп шағынып, астанадағы орталық билік орындарына дейін барды, наразылық акцияларын өткізді.

Бас прокуратураның дерегінше, Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда азаптауға байланысты 329 іс қозғалған. Азаптау қылмысы бойынша қозғалған істердің көбінің тергеуін Жемқорлыққа қарсы қызмет, күдікке ілінген 34 полиция мен ҰҚК қызметкерінің ісі бойынша тергеуді арнайы прокурорлар жүргізген.

"Өкінішке қарай, бейберекет жағдайда күш құрылымдарының жекелеген қызметкерлері ұсталғандарға қатыгездік танытты. Мұны ақтауға болмайды. Президент тапсырма бергендей, азаптауды қолданған адамдар шені мен жағдайына қарамастан лайықты жазаға тартылады" деді Асылов.

Азаптау қылмысы бойынша қозғалған істердің көбін Жемқорлыққа қарсы тергеген.

Қазірге дейін Алматы облыстық полиция ғимаратында азапталғанын мәлімдеген 24 адам, оған қоса Алматының уақытша ұстау изоляторы мен Бостандық аудандық полиция бөлімінде азаптауға ұшыраған үш адамның (Радченко, Бекжанов, Анафияев) істері сотқа жолданды деді Берік Асылов. Бұған қоса азаптау салдарынан мерт болған Мұқашев (Талдықорған), Өтепбаев (Алматы), Жотабаевтың (Семей) қазасы бойынша істерді тергеу аяқталғанын айтты.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанның бірнеше қаласынан өздерін полиция бөлімшесі мен тергеу изоляторында соққыға жығып, қатыгездікпен азаптағаны (денесіне қайнаған су құю, тоқпен соғу, ыстық үтік басу, резеңке таяқпен зорлаймын деп қорқыту, т.с.с.) жайлы жүздеген адамнан арыз-шағым түскен. Тергеушілер оларға жасамаған "қылмысын" мойындату үшін "кемпірауызбен тісін жұлмақ болып, тырнағының көбесіне ине жүгірткені" жайлы арыз-шағымдар болған. Кемінде алты адамның қайтыс болғанын кейін билік мойындады.

Азаптауға ұшырағандар арасында кәмелетке толмаған кемінде он үш бала бар.

"Тоқаев неге қару берді?" Өскемен мен Шымкентте Қаңтар құрбандарына құран бағыштады (5 қаңтар 2023 жыл)

"Тоқаев неге қару берді?" Өскемен мен Шымкентте Қаңтар құрбандарына құран бағыштады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

Шымкентте, Таразда, Талдықорғанда Қаңтар оқиғасына байланысты істі болған полицейлер соты әлі аяқталған жоқ. Қазақстан бойынша тек бір өңірде – Талдықорған қаласында азаптау туралы 24 адамның берген арызы сотта қаралып жатыр. Адвокаттар жапа шеккен адамдар тергеу кезінде таныған кейбір полиция қызметкерлеріне іс қозғалмаған дейді.

Әу баста ұсталған адамдардың азапталғаны туралы ақпаратты терістеген Қазақстан билігі кейін әлеуметтік желіде бұлтартпас айғақтар пайда болғаннан кейін "тергеудің рұқсат етілмеген әдістері қолданылған болуы мүмкін" деп мойындауға мәжбүр болған.

Былтыр қарашада сол кезде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметін атқарған Эльвира Әзімова азаптау істерінің 80 пайызы тоқтатылғанын айтқан.

Осыдан екі апта бұрын Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы ресми Астананы Қаңтар оқиғасын тергеуді біржақты жүргізіп жатыр, үкімет Қаңтар оқиғасы кезіндегі адам өліміне жауапты орган қызметкерлерін анықтауға және жауапқа тартуға құлық танытпай отыр деп сынап, қаза тапқандардың отбасылары мен жараланған я азапталған жүздеген адам әділдік қашан орнайды деп күтіп отырғанын айтты.

"Наразылыққа шыққан мыңнан аса адам әртүрлі, соның ішінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан деген айыппен сотталды, ал адам қазасына байланысты құқық қорғау органдарының тек бір қызметкері жауапқа тартылды" деді HRW. Қазақстан бас прокуратурасы бұл сынмен келіспей, "тергеу ашық, заңға сай жүріп жатыр" деген.

5 қаңтарда Қазақстан парламенті Қаңтар оқиғасы туралы тыңдау өткізіп жатқан кезде президент Тоқаев өз әкімшілігі қызметкерлерімен бірге Астанадағы Әзірет сұлтан мешітіне барып, Қаңтар құрбандарына құран бағыштады деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.

Ал бұл кезде Алматыда ондаған адам осыдан бір жыл бұрын көп адамның қаны төгілген Республика алаңына жиналды. Олар Қаңтар оқиғасы сол күйі дұрыс тергелмегенін, бейбіт адамдарға оқ атқандар әлі күнге дейін жауапқа тартылмағанын айтып, билікке наразылық білдірді. Дәл сол сәтте алаңда осыдан тура бір жыл бұрынғыдай интернет байланысы ажырап қалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG