Түркімен басшысы Сердар Бердімұхамедов мемлекеттік сапармен Қытай астанасы Пекинге ұшып келді, деп хабарлады 5 қаңтарда мемлекеттік БАҚ.
Ақпаратқа қарағанда, Бердімұхамедов пен Қытай басшысы Си Цзиньпин 6 қаңтарда кездесіп, екіжақты қарым-қатынас мәселелерін талқылайды. Екі ел басшылары түркімен газын Қытайға экспорттау, логистика, сауда, химия индустриясы, ауыл шаруашылығы және коммуникация саласындағы мәселелерді де ортаға салмақ. Қытай сыртқы істер министрі бұған дейін Бердімұхамедовтің сапары Қытай басшысының шақыруымен ұйымдастырылғанын хабарлаған.
Бұл былтыр наурыздағы сайлаудан кейін әкесінен билікті қолына алған кіші Бердімұхамедовтің Қытайға алғашқы ресми сапары.
Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, тараптар Ауғанстан мәселесінен бастап, Пекиннің "Бір белдеу - бір жол" бастамасы арқылы инфрақұрылымдарға инвестиция тарту мәселелерін талқылайды.
Сарапшылар дегенмен Қытайға табиғи газ тасымалдау мәселесі басымдықта болады дегенді айтады. Газ қоры бойынша әлемде төртінші орында тұрған Түркіменстанның сыртқы саясатында Қытай басты рөл атқарады және шикізатқа тәуелді экономикасының негізгі "демеушісі".
Ақпаратқа қарағанда, екі ел арасындағы сауда айналымы жылына 10 млрд долларды құрайды және басым бөлігі түркімен табиғи газ экспортының үлесіне тиеді. Сарапшылардың айтуынша, Ашғабат бұл көрсеткішті арттырып, Орталық Азия аумағы арқылы Қытайға қосымша газ тасымалдау құбырын тартуға мүдделі.
ПІКІРЛЕР