Accessibility links

Грузия президенті: Ресей Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан кетуге тиіс


Саломе Зурабишвили.
Саломе Зурабишвили.

Ресей өзін республика деп жариялап алған Абхазия мен Оңтүстік Осетиядан кетуге тиіс. Грузия президенті Саломе Зурабишвили осылай деп мәлімдеді. Оның ойынша, Ресей Украинадағы соғыста жеңіліске ұшырап жатыр. Соғыс аяқталған соң, украин ғана емес, грузин жерін де қайтарып беруге тиіс.

Зурабишвилидің сөзінен Bloomberg агенттігі үзінді келтірді.

"Іс жүзінде Ресей барлық жағынан жеңілді. Грузин мәселесі де келіссөз үстелінде көтерілуі керек. Ресей өз шекарасын мойындауы қажет" деді ол.

Грузия басшысы Батыс қауымдастығын Ресей президенті Владимир Путиннен әскерін Украинаның әлем мойындаған аумағынан әкетуді талап етуге шақырды. "Әйтпесе Батыс 2008 және 2014 жылдардағыдай тағы қатеге ұрынуы ықтимал" деді президент.

  • Оңтүстік Осетия мен Абхазия Грузин ССР-і құрамында болған. 1990 жылдары екі аумақ өз тәуелсіздігін жариялағанымен, Грузия оны мойындамады. 2008 жылы Грузиямен "бес күндік соғыстан" кейін Ресей әскерін Оңтүстік Осетия мен Абхазияға шоғырландырып, олардың "тәуелсіздігін" мойындаған. Ресейді төрт мемлекет қана: Венесуэла, Науру, Никарагуа және Сирия қолдады. Грузия аталған екі өңірді Ресей басып алған аумақ деп біледі.
  • Ресей мен Грузия арасында дипломатиялық қатынас орнамаған. Соған қарамастан, Грузия басқыншылықтан кейін Батыс елдерінің Мәскеуге қарсы санкциясына қосылмады. Ресми Тбилиси Украинаны қолдағанымен, бұл тұрғыда өте сақ әрекет етіп келеді. Грузин оппозициясы билікті "ресейшіл позициясы үшін" сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG