Accessibility links

"Жауымыз ортақ". Украинадағы соғысқа қатысқан грузин сарбаздың әңгімесі


Вадим Чхетиани
Вадим Чхетиани

Вадим Чхетиани Украина қарулы күштерінің құрамында Ресейге қарсы соғысып, жараланған. Кейінгі кездері Бахмут ауданында Ресей шабуылынан грузин еріктілері қаза тауып жатқанда, оның жолы болды деуге болады.

Қыркүйекте соғыста жарақат алған грузин Вадим Чхетиани Украинада аурухана жатыр. Ол отандастарымен, басқа да шетелдіктермен және украиндармен бірге Ресей басқыншылығына қарсы соғысқа қатысқан.

«Ямполь деген ауыл бар... Оккупанттардың шабуылына тап болдық. Снаряд жарылып, қалдықтары басыма тиді. Мені ауруханаға апарып, жарақатымды тігіп, майданға қайта оралдым» деді Чхетиани Азаттық радиосының Грузин қызметіне. Ол Украинаның Донецк облысындағы ауылды айтып отыр.

Ол жағдайы күрт нашарлаған соң, майданға оралуы кешеуілдегенін айтады. Ауруханада оңалтудан өтуге мәжбүр болған.

45 жастағы Чхетиани 128-таулы шабуыл бригадасының әскери қызметкері.

Украинада Киев күштері құрамында жүздеген грузиннің соғысып жатқаны айтылып жүр. Олардың көбі грузин легионы құрамына кірген. Құрамына грузиндер ғана емес, басқа да шетелдіктер кіретін отряд Украинада біршама жыл бойы қызмет етіп келеді.

Грузин легионы 2014 жылы Ресей Донбасста тәртіпсіздіктер жасай бастаған соң құрылған. Сол жылы көктемде Кремль Қырымды аннексиялаған еді. Ақыр соңында Грузия легионы Украина қарулы күштері құрамына қосылған.

Отрядта 800-1000 сарбаз бар. Олардың жартысы грузиндер болса, қалғандары басқа ұлт өкілдері.

Кейінгі кездері грузин легионы Бахмут ауданында бірнеше адамнан айырылды. Донецк облысының шығысында орналасқан бұл қала кейінгі апталарда Ресей әскерилерінің шабуылына ұшыраған.

Бахмут маңындағы жолда кетіп бара жатқан украин әскері. 30 қараша 2022 жыл.
Бахмут маңындағы жолда кетіп бара жатқан украин әскері. 30 қараша 2022 жыл.

24 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіруге бұйрық берген соң, Украина президенті Владимир Зеленский шетелдіктерді қару алып, Украинаны қорғауға шақырған еді. Киев билігі бұл процесті жеңілдету үшін арнайы вебсайт та құрған.

Украина бұған ондаған елден мыңдаған адамның үн қатқанын мәлімдеді. Бірақ бұған күмәнданатындар да бар.

Украинада шетел сарбаздарының нақты саны белгісіз болғанымен, қаза тапқандар турлы деректер шындыққа жанасады. Бір кесте басқа ұлт өкілдеріне қарағанда грузиндердің көбірек қаза тауып жатқанын көрсетеді. Олардың халық саны 3,7 миллион адамды құрайды.

Желтоқсанның басында Бахмут қаласына жақын жерде бес грузин қаза тапқан. Бұл ең кейінгі деректердің бірі саналады.

Ақпанда Ресей Украинаға басқыншылық жасамай тұрып халық саны 80 мың адам болған Бахмут ауыр соғыстың символына айналды. Кейінгі апталарда қарсыластар позициясынан бірнеше метр де шегінбеген.

Әскери сарапшылар Бахмуттың стратегиялық маңызы жоқ екенін айтады, бірақ Ресей күштері кейінгі күндері шабуылды үдеткен.

«Грузин еріктілері Бахмут маңында қоршауда қаза тапқан. Бұл Грузиядан келген адамдар Украина жағында «Карпат сарбаздары» еріктілер батальоны құрамында соғысқан. Оккупанттарға берілуден бас тартқан соң, орыстар оларды ауыр артиллериядан атып тастаған» деді грузин легионының негізін қалаған командир Мамука Мамулашвили.

«Украинадағы соғыс кезінде Грузиядан келген 33 ерікті қаза тапты. Грузия Украинаны қолдау үшін көп адамнан айырылды» деді Мамулашвили 5 желтоқсанда грузин баспасөз құралдарына.

15 желтоқсан күні бұл көрсеткіш 35-ке жетті деп хабарлады Азаттықтың Грузин қызметі тағы екі грузин өлтірілген соң. Олардың бірі Серго Лисих 13 желтоқсанда қаза тапқан.

«Кеше журналист хабарласып, «Серго туралы білесіз бе?» деп сұрады. Не болып жатқанын білген жоқпын. Сергоға бұдан 22 сағат бұрын жазған едім. Кейінірек ол бәрі жақсы екенін, соғыс алаңына кетіп бара жатқанын, байланысты үзетінін жазды. Бұл соңғы сөйлесуіміз болды. Содан бері ол менің хабарламаларымды алмады» деді оның жақын досы Заза Адуашвили Азаттық радиосына 14 желтоқсанда.

Грузин легионының шығыны мен қауіп-қатерге қарамастан, Чхетиани Украина армиясына қосылу шешімінің дұрыс болғанын айтады. «Мені бұл соғыстың тек Украина немесе Грузия үшін емес, әлем үшін болып жатқаны көндірді. Кішкентай ғана елім мен одан үлкендеу Украинаның жауы ортақ» деді ол.

Украинадағы соғыс Чхетиани мен басқа грузиндерге 2008 жылғы Мәскеу басқыншылығын еске түсіреді. Сол жылы 8 тамызда Ресей әскері Еуропада 21 ғасырдағы алғашқы соғысты бастаған еді.

Ресей әскер кіргізіп, Оңтүстік Осетия мен Абхазиядан грузин әскерін шығарды. 190 мыңнан астам адам орын ауыстырды. Енді Мәскеу бұл жерлерді тәуелсіз ел деп таныған, екеуінде де біршама әскер ұстайды. Әлем елдерінің көбі Оңтүстік Осетия мен Абхазияны Грузияның жері деп таниды.

Чхетиани 2008 жылғы соғысқа қатысқан. Бұл оның әскери өмірінің тек бір бөлігі ғана. Сонымен қатар ол НАТО бастаған халықаралық күштер құрамында Ауғанстандағы бітімгерлік операцияларға да қатысқан. Украинадағы грузиндердің көбінің жағдайы соған ұқсайды.

Украина армиясына 2018 жылы қосылған ол жарақат алмай тұрып көптеген соғыстарға куә болғанын, жарақат алғаннан кейін майданнан шеттетілгенін айтады.

Украина шенеуніктері басқыншылықтың алғашқы күндері Киевтің шақыртуына 52 елден 20 мыңнан астам еріктінің жауап қатқанын айтады.

Бірақ шын мәнінде қаншасының соғысқа алынғаны белгісіз.

Украина президентінің кеңесшісі Алексей Арестович шілдеде соғысқа мыңға жуық украиншіл шетел сарбаздың қатысқанын мәлімдеді.

Шетел сарбаздары арасында Шығыс Еуропа мен бұрынғы совет елдерінен шыққан әскерилер көп. Ашық дереккөздерде Польша, Грузия, Беларусь, Латвия, Литва және Румыния жиі аталады» деді Russia Matters сәуірде.

Чхетиани оның отрядында көптеген ұлт өкілі бар екенін, бірақ оның аса маңызды емес екенін айтады.

«Арамызда ешқандай айырмашылық жоқ. Атақ немесе қызметке байланысты еңбекақыда айырмашылық болуы мүмкін, бірақ бәрімізге төлеп жатыр. Батальонда негізінен грузиндер көп, жергілікті венгрлер де бар. Бірақ бәрі қызмет етіп жатыр, бәріне төленеді. Украинсың да, грузинсің бе немесе басқа ұлт өкілісің бе, маңызды емес» деді Чхетиани.

Ол жақсы араласқан жақынынан айырылудың ауыр тигенін айтады. «Ол наурызда қаза тапты, денесін шығара алмадық. Ол жай досым емес, отбасымның бір мүшесіндей болып кеткен еді» деді Чхетиани. «Бір бункерде бір нанды бөліп жеп жүресің... Бұдан артық достық жоқ».

Соғыстың жылдамырақ аяқталуын тілеген Чхетиани достарының тірі қалып, аман-сау оралғанын қалайды. «Қазір жағдай сондай, оларға қауіп төніп тұр ма, жоқ па, білмейсің» деді ол.

«Олардың бәрінің отбасына аман-сау және бақытты болып оралғанын қалаймын».

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG