"Масс-медиа туралы" деп аталатын заң жобасына қарсы митинг өткізуге рұқсат ала алмаған "Құқықтық медиа-орталық" ұйымының өкілдері 18 ақпанда өздері сұраған орында ешқандай шара өтпегенін айтты. Бұған дейін Астана қаласы әкімдігі құқық қорғаушыларға аталған орын 18 ақпанда бос болмайтынын, онда бейбіт жиын өтетінін хабарлаған еді.
18 ақпанда күндіз "Құқықтық медиа-орталық" ұйымының өкілдері Гүлмира Біржанова мен Диана Окремова Астана циркі маңында болып, ол жерде ешқандай шара өтіп жатпағанын, тіпті жөндеу жұмыстары да байқалмағанын айтып, видео жариялады.
"Мұнда бізден басқа ешкім жоқ... Астана қаласы әкімдігіне сұрақ: қандай негізде бейбіт митинг өткізуге рұқсат берілмеді?" деді видеода Гүлмира Біржанова.
Ал Диана Окремова бұл видео алдағы уақытта [Астана қаласы әкімдігінің митинг өткізуге негізсіз рұқсат бермейтінін дәлелдеуге] айғақ ретінде қолданылатынын жеткізді.
Осы аптада Астана қаласының ішкі саясат басқармасы "Масс-медиа туралы" заң жобасына қарсы митинг өткізгісі келген құқық қорғаушылардың өтінішін мақұлдамаған. Астана қаласы ішкі саясат басқармасының жауабында ұйым өкілдері сұраған орын 18 ақпанда бос болмайтыны, онда бейбіт жиын өтетіні жазылған.
Астана қаласы әкімдігі BES. media телеграм-арнасына берген жауабында "18 ақпанда Астана циркі маңында митинг өткізбек болған адамдар ойынан айнып қалған, бірақ әкімдікке онысын ескертпеді" деген. Ақпаратқа қарағанда, олар "электрон темекі мен вейптерге тыйым салуды" талап етпек болған. Митинг өткізу туралы өтінішті әкімдікке 17 қаңтарда тапсырған, әкімдік оны мақұлдаған, сол себепті құқық қорғаушылардың өтінішін кері қайтарған.
"Құқықтық медиа-орталық" ұйымының өкілдері өткізбек болған митинг жуырда legalacts.egov сайтында талқыланған, көктемде парламентке түскелі отырған "Масс-медиа туралы" заң жобасына қатысты. Журналистер мен баспасөз ұйымдары "құжат қабылданса, ақпарат құралдарына мемлекет бақылауы күшейеді" деп алаңдайды.
Баспасөзді қорғау ұйымының өкілдері әсіресе жобадағы диффамация туралы істер бойынша талап қою мерзімін алып тастау, пресс-карта беру арқылы "журналистерді есепке алу" және "төтенше жағдай кезінде" ақпарат мәтінін лауазымды тұлғалармен келісу туралы талаптарды сынайды.
Интернетте құжатқа қарсы петиция басталған. Оған жүздеген адам қол қойған.
"Бұл әрекет масс-медиа саласының дамуына үлес қосатын жаңа, озық заң жобасын жасауға талпынған қауымдастықтың еңбегін жоққа шығарады. Жаңа заң жобасының мәтіні журналистер құқын қорғамайды, керісінше, БАҚ саласына мемлекеттің бақылауын күшейтеді, бұл халықаралық стандарттарға қайшы және Қазақстандағы медиа саласының дамуын тежейді" деп жазылған мәлімдемеде.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "БАҚ туралы" заңды "мемлекеттің мүддесі мен қоғам сұранысын және медиа саласындағы даму тенденцияларын ескере отырып" қайта қарау қажет екенін мәлімдеген. Кейін Қазақстан саясаттанушылары билік сөз еркіндігін бақылауды күшейтуге талпынып жатыр деп топшылаған.
Қазақстанда жергілікті атқару органдары белсенділердің бейбіт жиын өткізу туралы өтініштерін жиі кері қайтарады. Әкімдік көп жағдайда "сұраған орын бос емес" немесе "құрылыс-жөндеу жұмыстары" өтетінін алға тартады. Ал белсенділер мен құқық қорғаушылар билік азаматтардың бейбіт жиын құқығын бұзып отырғанын, "рұқсат етілмеген митингіге қатысты" деп жиі қудалайтынын айтады.
ПІКІРЛЕР