22 ақпанда ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі масс-медиа туралы заң жобасындағы "рұқсат алу" туралы пунктке қоғам сынынан кейін бірқатар өзгеріс енгізуді қарастырып жатқанын мәлімдеді. Жобаның қазіргі нұсқасында техногенді апаттан бастап, жаппай тәртіпсіздік пен қарулы қақтығысқа дейінгі кез келген төтенше жағдайда журналистер өкілетті тұлғалардан рұқсат сұрауы керек деп жазылған.
Сәрсенбі күні ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі енді бұл ережеден "техногенді сипаттағы жағдайлар" алынуы мүмкін екенін айтты. Яғни, айталық, Екібастұздағы сияқты апат жағдайлары болған кезде журналистер рұқсат сұрауға міндетті емес болады.
"Төтенше жағдайға да байланысты мен сіздердің пікірлеріңізді қолдаймын. Сол бағытта жұмыс істеп отырмыз. Оны (төтенше жағдай кезінде ақпарат таратқан шақта өкілетті органнан рұқсат сұрау – ред.) алып тастауға тырысамыз. Тек ерекше әскери жағдай қалуы мүмкін. Өйткені әскери жағдайларда әскери журналистер ғана кіре алады" деді министр.
"Айталық, былтыр Қаңтар оқиғасы кезінде елде әскери жағдай болды. Бұл жобаға сүйенсек, сіздер рұқсат еткен журналистер ғана істей алушы еді ғой, солай ма?" деген сұраққа министр "жоқ, әскери деген – соғыс жағдайындағы мәселе. Ал Қаңтарда ерекше жағдай болды. Қазір соты жүріп жатыр. Соған байланысты көп нәрсе айта алмаймын. Заңнамаға келсек, соғыс жағдайда әскери тілшілер ғана ақпарат тарата алатыны жазылған" деді министр. Ол бұл "халықаралық практика екенін" де атап өтті.
Министр Сириядағы, Украинадағы сияқты соғыстардан "тек әскери тілшілер ақпарат тарата алатынын" айтты.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі пресс-карта мәселесіне байланысты "оны қолдайтындар да бар, сол себепті алдағы уақытта тағы талқыланады" деді.
Жобаға сәйкес, журналист мәртебесі баспасөз картасымен расталады. Бұл картаны министрлік жанындағы комиссия береді. Карта алу үшін журналистің кемі үш жыл еңбек тәжірибесі, журналистика немесе соған ұқсас салада жоғары білімі болуы шарт. Дипломы жоқ адамдар салада кем дегенде бес жыл жұмыс істеуі керек.
Бұған дейін медиазаңгерлер жобадағы осы пунктті де сынаған еді.
Бұған дейін интернетте осы құжатқа қарсы петиция басталған. Оған жүздеген адам қол қойған.
Жуырда Астана әкімдігі жобаға қарсы митинг өткізбек болған белсенділердің өтінішін қабылдамай қойған.
Журналистер мен баспасөз ұйымдарының пікірінше, "құжат қабылданса, ақпарат құралдарына мемлекет бақылауы күшейеді".
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев "БАҚ туралы" заңды "мемлекеттің мүддесі мен қоғам сұранысын және медиа саласындағы даму тенденцияларын ескере отырып" қайта қарау қажет екенін мәлімдеген. Кейін Қазақстан саясаттанушылары билік сөз еркіндігін бақылауды күшейтуге талпынып жатыр деп топшылаған.
Ақпаратқа қарағанда, жаңа заң жобасы көктемде парламентке берілуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР