Jysan тобының Қазақстан үкіметінің үстінен АҚШ-тағы Невада штатының федерациялық округі сотына берген талап арызы әділет министрлігіне әзірше жеткен жоқ. Бұл туралы әділет министрлігі Азаттықтың ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
"Осындай талап келіп түскен жағдайда министрлік заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шаралар қабылдайды" дейді әділет министрлігі мемлекеттің мүліктік құқықтарын қорғау департаментінің директоры Ерлан Тұяқбаев Азаттыққа жолданған жауапта.
16 ақпан күні Jusan Bank-тің ірі акционері First Heartland Securities АҚ-ға иелік ететін Ұлыбританияда орналасқан Jusan Technologies ltd мен оның ірі акционері, АҚШ-тың Невада штатында тіркелген Jysan Holding компаниясы Невада штатының федерациялық округі сотына Қазақстан үкіметі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, қаржы мониторинг агенттігі, қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, осы агенттік төрайымы Мадина Әбілқасымова мен оның орынбасары Олжас Қизатов және "Цесна" корпорациясының" иесі Әділбек Жақсыбековтің үстінен шағым түсірген.
Jysan Holding пен Jusan Technologies шағымда Қазақстан үкіметін "өзінің және үкіметке қатысы бар тұлғалардың жеке бас пайдасына компанияның 1,5 миллиард доллар активін тартып алу үшін қорқытып-үркіту науқанын жүргізді" деп айыптайды. Сонымен қатар шағымда "Қазақстан үкіметі қорқытып-үркіту, қолдан жасалған сот процестері, қылмыстық және азаматтық іс қозғау, және активтер мен Jusan тобы иелік ететін Jusan Bank заңды түрде бөлуді жоспарлаған 387 миллион доллар көлеміндегі дивидендті заңсыз бұғаттау арқылы Jysan Holding және New Generation Foundation қоры мен Jusan тобына кіретін өзге еншілес ұйымдардың активтерін заңсыз жолмен басып алмақ болды" делінеді.
АҚШ-тағы процедураға сәйкес, талапкер жауапкердің үстінен сотқа шағым түсіріп, жауапкерге тиісті құжаттарды жіберген соң ғана процесс басталуы мүмкін.
Азаттық Jysan Holding пен Jusan Technologies компанияларының атынан Невада штатының федерациялық округ сотына шағым түсірген Лас-Вегастағы Holland&Hart заңгерлік компаниясының өкілі Стивен Пик пен Нью-Йорктегі Willkie Far&Gallagher заңгерлік компаниясының өкілі Тарик Мундияға ақпанның 22-сі күні хат жолдап, Қазақстан үкіметіне тиісті құжаттар қашан жіберілетінін сұрады. Жаңалық жарияланған уақытқа дейін Jusan тобының адвокаттарынан жауап келмеді.
16 ақпан күні бас прокуратура Алматы қаласы прокурорының талап арызы бойынша Алматыдағы Бостандық ауданы соты Pioneer Capital Invest ЖШС мен Jusan Technologies Ltd арасындағы First Heartland Jusan Bank АҚ-ның, сондай-ақ оған қатысы бар ұйымдардың активтерін шетелдік юрисдикцияларға беру туралы мәмілені жарамсыз деп тану туралы азаматтық іс қозғағанын хабарлады.
Видео: Прокуратура Jusan Bank-тің шетелдегі акциясын кімнен қайтармақ? (16 ақпан 2023 жыл).
Бас прокуратураның хабарлауынша, 2020 жылғы 27 сәуірде Jusan тобының иесі Pioneer Capital Invest ЖШС қатысушыларының жалпы жиналысында Pioneer мүлкін шетелде тіркелген Jusan Technologies ltd компаниясының жарғылық капиталына беруді мақұлдау туралы шешім қабылданған.
"Бұл әрекеттер қоғамдық мүддеге, оның ішінде "Назарбаев университеті" мен "Назарбаев зияткерлік мектептерінің" ондаған мың студенті мен оқушысының мүддесіне қауіп төндірді. Себебі Jusan тобының акциялары, облигациялары мен депозиттері бойынша дивидендтері – аталған оқу орындарын қаржыландыру көздерінің бірі" делінген бас прокуратураның мәлімдемесінде.
Сонымен қатар бас прокуратура 3 ақпанда "Назарбаев қоры" Jusan тобы шетелдік азаматтардың бақылауына өтіп кету фактісі бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрап, бас прокуратураға арыз түсіргенін мәлімдеді.
Биыл қаңтарда "Назарбаев қорының" басшысы Аслан Сәрінжіпов қордың Jusan Bank-тегі активтерін әлдекімдер заңсыз бақылауына алғанын айтқан. "Бізді заңсыз жұмыстан шығарып жіберді, ал Jusan Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстаннан гөрі өздеріне қауіпсіз елге қоныс аударуды ұйғарған адамдардың бақылауына көшті" деді Сәрінжіпов. Бірақ ол Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстаннан кетті деп кімді тұспалдағаны белгісіз.
Былтыр Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) Vlast.kz және Kloop.kg басылымымен бірлесіп жасаған зерттеуінде Назарбаев қайырымдылық қорлары арқылы үлкен пайдаға кенеліп отыр деген тұжырым жасады. Онда Jusan Technologies-ке кіретін активтердің жалпы құны 7,8 млрд доллар делінген.
ПІКІРЛЕР