Accessibility links

Вашингтонның аймақтағы мантрасы, "Орталық Азиядан экономикалық көмек алуға ұмтылған" Ресей


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Астана, 28 ақпан, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен. Астана, 28 ақпан, 2023 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Орталық Азияға не үшін келіп кетті, бұл Мәскеуге бағытталған соққы ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар елдегі сайлауалды науқанын талдап, "шынайы оппозициялық партиялар парламент сайлауынан шет қалғанын" жазды. Одан бөлек, Қазақстанның Германияға мұнай экспорттауынан Ресей қалай ұтады дегенге үңілді.

БЛИНКЕННІҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА САПАРЫ МӘСКЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН СОҚҚЫ МА?

"Батыс санкцияларымен күресіп жатқан Ресей Орталық Азиядан экономикалық көмек алуға ұмтылып жатыр, АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен аймақ Мәскеудің осы әрекетіне қарсы тұруы керек деген пікірін жеткізу үшін келді" деп жазады New York Times басылымы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Блинкенмен кездесу кезінде елдің "тәуелсіздігі, аумақтық тұтастығы мен егемендігін" қолдағаны үшін АҚШ-қа алғыс білдірді. Мақала авторлары Эдуард Уонг пен Эндрю Хиггенс Тоқаевтың мәлімдемесі Мәскеу Украинаға басып кіргеннен кейін Ресей президенті Путин этникалық орыстар көп қоныстанған өзге де аймақтарды басып алуы немесе сепаратистерді қолдауы мүмкін деген қауіп болғанын көрсетеді деп есептейді. Бұл ретте авторлар Солтүстік Қазақстандағы кейбір аудандарда негізінен орыс диаспорасы тұратынын, Ресей ұлтшылдары оны Ресейге тиесілі аумақ деп қарастыратынын еске салады.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қол алысып тұр. Астана, 28 ақпан, 2023 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қол алысып тұр. Астана, 28 ақпан, 2023 жыл.

Басылым Ресей өзінің ықпалы жүреді деп есептейтін Орталық Азияға Блинкеннің сапарлауы Мәскеуге бағытталған соққы екенін жазады. АҚШ аймақтағы бес ел Ресеймен және Қытаймен дипломатиялық қарым-қатынас ұстанатынын, экономикалық қарым-қатынас тығыз екенін түсінеді. Алайда Вашингтон "Орталық Азияны қазіргі кезде аймақтан қолдау іздеген Ресейге қарсы тұруға ынталандыра аламыз деп үміттенеді". Орталық Азия елдері Вашингтон Ресей мен Қытайдың аймақтағы күшін теңестіргісі келсе, сауда-саттықты күшейтіп, экономикалық көмек беруі қажет дейді.

Аймақ елдерінің сыртқы істер министрлерімен кездескеннен кейін Блинкен Вашингтон экономикалық бағдарламалар үшін былтыр бөлінген 25 миллион доллардың үстінен қосымша 25 миллион доллар бөлетінін хабарлады. Мақала авторлары Ресей және Қытаймен аймақ елдерінің сауда көлемін салыстырсақ, Вашингтон беретін сома аз екенін келтіреді.

АҚШ-тағы лауазымды тұлғалар аймақты одақтастардан таңдауға мәжбүрлемейтінін, аймақта Ресей ықпалы әлсірегенін пайдалануға үмітті екенін жеткізген. Қырғызстандағы Crossroads Central Asia зерттеу тобының сарапшысы Эмиль Жороев АҚШ-пен салыстырғанда Путиннің аймаққа ықпал ете алатын тетіктері әлі де анағұрлым көп дейді.

"Қазақстан Ресейдің Украинадағы саясатын елемей қоя сала алмайды, себебі Мәскеу жеңіске жетсе, бұл Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін" дейді Ресейдегі Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов.

Eurasianet.org басылымының Орталық Азия бойынша редакторы Питер Леонард Украинадағы соғыс Қазақстанның Ресейді айналып өтетін бағыт арқылы мұнай мен жүк тасымалын дамыту талпысын күшейте түсті дейді. Қырғызстан да былтыр Өзбекстан арқылы өзін Еуропамен жалғайтын және Ресей теміржолына тәуелділігін азайтатын теміржол құрылысы жоспарын жандандырды. Оның ойынша, Ресей саясаткерлері Орталық Азия "сәл құбылып, Мәскеудің орбитасынан сәл шыға бастаса, оларды қайтару үшін көп күш қажет емес деп есептейді".

Ал "Америка дауысы" радиосы Блинкеннің аймаққа сапары АҚШ-тың Орталық Азияға көмегі мен рөлі туралы сұрақ тудырғанын жазды.

Блинкен сапар кезінде Ресейдің Украинаға басып кіруі Мәскеу пиғылынан бұрынғыша сескенетін аймақтың үрейін тудырғанын атап өті.

"Егер қуатты мемлекет егемен көршісінің шекарасын күшпен жоюға дайын болса, онда мұны басқаларға жасауына не кедергі?" деді Блинкен.

Блинкен осы себепті Украинаның ғана емес, Орталық Азия мен өзге мемлекеттердің де тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдауға дайын екенін жеткізді.

"Кей сарапшылар мемлекеттер АҚШ-тың көзқарасын қабылдаса да, Вашингтон аймақтағы экономикалық және энергетикалық қарым-қатынасын дамытуға қаншалықты бейіл деген сұрақ туындайды..." дейді мақала авторы Навбахор Имамова.

"Америка дауысы" Блинкен аймаққа АҚШ бөледі деген көмек болмашы екеніне тоқталған. "Бұл – айтарлықтай салмақты дүние емес. Басқа державалардың беретінімен салыстырсақ, 50 миллион доллар мардымсыз" дейді АҚШ-тағы Питтсбург университеті нарық және басқару орталығының жетекшісі Дженнифер Брик Муртазашвили.

Сарапшылар аймақ елдерінің басшылары реформа бойынша көп уәде етіп, оны іске асырмағанына назар аударады. Олар Вашингтон аймақтағы демократияны ілгерілету бойынша айтарлықтай нәтижеге жетпеді дейді.

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Вашингтонның аймақтың аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдау туралы мантрасы Трамп әкімшілігінің Орталық Азияға қатысты саясатынан бастау алғанын жазды. Трамп әкімшілігі аймақпен қарым-қатынасын Ауғанстанмен ғана байланыстырмай, одан ауқымдырақ арнаға бұруға тырысты. Кейін Байден әкімшілігі де мұны басшылыққа алды. АҚШ-тың 2022 жылғы қауіпсіздік стратегиясы Орталық Азияны "еркін және ашық халықаралық жүйеге бірден-бір қауіп төндіруші" Ресей мен "халықаралық тәртіп пен экономикалық, дипломатиялық, әскери және технологиялық күштерді өзгертуді көздейтін жалғыз бәсекелес" Қытаймен шектесетін аймақ деп қарастырады.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ГЕРМАНИЯҒА МҰНАЙ ЭКСПОРТТАУЫ РЕСЕЙГЕ НЕСІМЕН ТИІМДІ?

Қазақстан осы аптада Ресейдің "Достық" құбыры арқылы Германияға мұнайдың алғашқы партиясын экспорттады. Германиядағы Deutsche Welle басылымы Қазақстанның Германияға мұнай экспортынан Ресей қалай ұтады деген сұраққа үңіледі.

Қазақстан осы аптада Германияға 20 мың тонна мұнай экспорттаған. Құбырмен айдайтын мұнайға санкция салынбағанына қарамастан, Германия биылдан бастап Ресейден мұнай сатып алуды тоқтатты. Қазақстан биыл Германияға 1,2 миллион тонна мұнай тасымалдауды жоспарлап отыр. "ҚазТрансОйл" компаниясы Ресейдің "Транснефть" компаниясымен осы тоқсанда "Достық" құбыры арқылы 300 мың тонна мұнай тасымалданады деген келісімге келген.

Ресейлік "Транснефть" компаниясының мұнай сақтайтын жабдықтары.
Ресейлік "Транснефть" компаниясының мұнай сақтайтын жабдықтары.

"Транснефть" мұнайды өзінің құбыр желісімен тасымалдайтындықтан, Ресей қосымша пайдаға кенеледі. Бұдан бөлек, мұнайды Ресейдің мыңдаған шақырым аумағы арқылы тасымалдау керек, бұл Қазақстан мұнайының экспортын Ресейге тәуелді етеді.

Қазақстан мұнайы әуелі Ресейге айдалып, сонда Ресей мұнайымен араласып, кейін Ресейдің теңіз порттары арқылы экспортталады. Қазақстан мұнайының Ресей мұнайымен араласуы, жеме-жемге келгенде, Германияға тасымалданатын мұнай қай елдікі екенін анықтау қиын болмақ деген қауіп тудырды.

Германияның экономика министрлігі Ресей мұнайының белгілі бір бөлігі қазақ мұнайымен араласатындықтан, бәрібір Германияға тасымалданады дейді. Бірақ министрлік Берлин мұнайды Қазақстан компаниясынан сатып алады, сол себепті ақша Ресейге емес, Қазақстанға түседі деп қайырды.

"НАҒЫЗ ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ПАРТИЯЛАР ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫНАН ШЕТ ҚАЛДЫ"

АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы нағыз саяси оппозициялық партиялар алда өтетін парламент мәжілісін сайлаудан шет қалғанын жазды.

Тоқаев Қанды Қаңтар оқиғасынан кейін саяси алаңда бәсекеге жол ашылады деп уәде етті. Nur Otan партиясының атауы "Аманат" болып өзгерді. Тоқаев президент партиядан алшақ болуы керектігін айтты. Мақала авторы Алматыда тұратын журналист Паоло Сорбелло Тоқаевтың осы сөзіне қарамастан, былтыр қарашада өткен президент сайлауында "Аманат" партиясы Тоқаевты қолдаған күштердің бірі болғанын, партия кеңсесі Тоқаевтың сайлауалды штабына айналғанын еске салады.

Бұрынғы партиялардан бөлек, осы жолғы сайлауға жаңадан тіркелген екі партия қатыспақ. Басылым қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің саяси партиялар бағдарламасынан жаңашылдық көрінбейді деген пікірін келтіреді.

Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының мүшелері саяси партияларды тіркеуді талап етіп тұр. Алматы, 21 тамыз, 2022 жыл.
Тіркелмеген "Алға, Қазақстан" партиясының мүшелері саяси партияларды тіркеуді талап етіп тұр. Алматы, 21 тамыз, 2022 жыл.

Тоқаевтың саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдетіледі деген уәдесіне қарамастан, белсенді Жанболат Мамайдың Демократиялық партиясы тіркеуден өте алмады.

"Көптеген бақылаушының ойынша, мәжілістегі көпшілік орынды биліктің "Аманат" партиясы алмақ. Қалған партиялар 5 пайыздық межені еңсеру үшін күреседі. Қазақстандағы сайлау "еркін және әділ" деп танылмағанын ескерсек, партиялар парламентке бәсеке көрінісін жасау үшін ғана барады деген пікір бар" дейді автор.

Дегенмен бірмандатты округтер бойынша сайлауға түсетін кандидаттар арасындағы жарыс әзірге аяқталған жоқ. Белгілі бір кандидаттар жарыстан шеттетілді, кейбірі сотқа шағымданып, кандидат куәлігін қайтарып алды. Азаматтық қоғам сайлауға түсіп жатқан кейбір тәуелсіз кандидаттар саяси еркіндікті шектейтін құрылымды аз да болса қозғап көреді деп үміттенеді. Паоло Сорбелло бірмандатты округтерден түсетін кандидаттарды тіркеу процесі түсініксіз және ашық емес, сондықтан оларды тіркеу процесін жеңілдету керек деп қайырады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG