Accessibility links

"Әлемде демократияға қайшы, авторитар тәжірибе жиіледі". Freedom House сарапшысы Майкл Смельцермен сұхбат


Freedom House ұйымының дүниежүзіндегі еркіндік ахуалы туралы баяндамасындағы карта.
Freedom House ұйымының дүниежүзіндегі еркіндік ахуалы туралы баяндамасындағы карта.

Freedom House құқық қорғау ұйымы "Әлемдегі еркіндік – 2023" атты жаңа есебінде Орталық Азия елдерінде еркіндік жоғын, Қазақстанда Қаңтар оқиғасын тергеу біржақты жүргізілгенін айтты. Азаттық халықаралық ұйымның Еуропа және Еуразия аймағы бойынша аға ғылыми қызметкері Майкл Смельцермен сұхбаттасты.

"ЕРКІНДІК КҮРТ АЗАЙЫП БАРАДЫ"​

Азаттық: Freedom House ұйымының жаңа есебіне сәйкес, кейінгі 17 жылда әлемдегі еркіндік шектеліп барады. Есепте саяси құқықтар мен азаматтық бостандықты бағалауға қолданылған көрсеткіштер ішінде ақпарат құралдары мен пікір білдіру еркіндігіне қатысты индикаторлар 2005 жылдан бері күрт төмендегені айтылады. Бұған не себеп?

Freedom House ұйымының Еуропа және Еуразия аймағы бойынша аға ғылыми қызметкері Майкл Смельцер
Freedom House ұйымының Еуропа және Еуразия аймағы бойынша аға ғылыми қызметкері Майкл Смельцер

Майкл Смельцер: Есепке қызығушылық білдіргеніңізге рақмет. Өзіңіз айтқандай, 17 жылдан бері еркіндік күрт азайып барады. Кейінгі жылдары дүниежүзінде демократияға қайшы, авторитар тәжірибе жиіледі. Сөз бостандығы мен тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым туралы айттыңыз ғой. Бразилия, Тунис, Буркино-Фасо, Орталық Азиядан осыны байқадық. Дәл мұндай мәселе көтергеніңізге қуанып отырмын, өйткені Орталық Азияда, оның ішінде Қырғызстанда Азаттықты жабу, Болат Теміровті депортациялау сияқты бірқатар кейс тіркелді. Бұл – үкімет тарапынан пікір білдіру еркіндігіне жасалған шабуылдардың бір бөлігі ғана. Шын мәнінде, кейінгі жылдары 157 елде ақпарат құралдары қысымға ұшыраған.

Азаттық: Қырғызстандағы жағдайды айттыңыз ғой. Былтыр Қырғызстан мен Өзбекстанның шекара келісіміне байланысты 20-дан астам саясаткер мен белсенді ұсталды. Болат Теміров сияқты тәуелсіз қырғыз журналистері мен азаматтық белсенділер биліктен қысым көрді. Бұған қоса вебсайттарыңыз бен банк шоттарыңыз бұғатталғанын да айттыңыз. Билік ақпарат құралдарының еркіндігі мен азаматтық бостандықты шектегенін жоққа шығарады. Орталық Азиядағы демократия аралы атанған Қырғызстандағы қысымды неден деп есептейсіз?

Майкл Смельцер: Freedom House еркін емес деп бағалаған елдердің көбінде билік бостандық пен демократия туралы мәлімдемелер жасайды. Бірақ олардың сөзіне дәлел керек. Қырғызстанда да солай. Біз биліктің айтқанына емес, халық арасында азаматтық құқықтар мен бостандықтар қалай қолданылып жатқанына назар аударамыз. Үкімет сөз жүзінде еркіндікті қолдай береді. Адамдарға бағытталған зерттеу жүргізіп, Қырғызстанда көргенімізді талдап, түсінуге тырысамыз. Есепте кері әсер туралы айтылды. Қырғызстанда Ресейдің ізімен заң қабылдау тенденциясы байқалады. Былтыр ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер енгізілді, "шетел агенттері" туралы заң қабылданды. Үкімет қанша жерден өз шешімдерін демократия мен азаматтық қоғамның еркіндігі үшін деп түсіндірсе де, алаңдауға негіз боларлық себеп көп.

Азаттық: Freedom House есебінде Қырғызстан кейінгі 10 жылда еркіндік көрсеткіші қатты нашарлаған ел деп аталады. 2021 жылы ұйым Қырғызстанды "еркін емес елдер" тізіміне қосты. Оған дейін 11 жыл бойы "еркіндігі жартылай шектелген мемлекет" еді. Қазір Қырғызстан әлемдегі еркіндігі шектелген 50 мемлекеттің қатарында. Қырғызстанның еркін мемлекетке айналуына не кедергі? Кейінгі үш жылға, әсіресе, былтырғы көрсеткіштеріне қарап, осыны түсіндіріп бере аласыз ба?

Майкл Смельцер: Біздің есебімізден жиі көрінетін нәрсе – азаматтардың саяси құқықтарының азаюы. Парламентті сайлаудың соңы жаппай наразылыққа ұласып, нәтижесінде билікке президент [Садыр] Жапаров келді. Бұл таза демократиялық жолмен жүзеге асқан жоқ. Әділ әрі еркін сайлау өтпеді. Жапаров режимі адамдарды саяси құқығынан айырып, Қырғызстанды еркіндігі шектеулі, әділдігі аз елге айналдырды. Бұл – жергілікті халық үшін өзекті мәселе. Өйткені олар өзін басқаратын адамды еркін таңдай алмайды.

Азаттық: Жоғарыда айтқанымдай, Қырғызстан билігі бұл айыптауларды жоққа шығарады. Олар Қырғызстан демократиялық мемлекет екенін айтады. Саяси құқықтардан басқа, Қырғызстандағы жағдай не себепті нашарлап отыр деп түсіндіресіз?

Майкл Смельцер: Есепте айтылған азаматтық қоғам мен тәуелсіз ақпарат құралдарына, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдарға шабуыл үдегені туралы оқыған боларсыз. Кейінгі жылдары Қырғызстандағы көрсеткіштердің төмендеуіне үкіметтік емес ұйымдар қызметін қиындататын заңдар әсер етіп отыр.

Азаттық: Тәуелсіздік жылдары Қырғызстандағы санаулы тәуелсіз ақпарат құралының бірі болған Азаттық радиосына қатысты жағдай қаншалық қауіпті?

Майкл Смельцер: Елде тәуелсіз ақпарат құралдарының азаюы – елде еркіндік шектелгенін көрсететін индикаторлардың бірі. Біз үнемі осындай көрсеткіштерге назар аударамыз. Тәуелсіз ақпарат құралдары азаматтарды үкіметтің іс-қимылынан хабардар етіп, елде болған оқиғаларды түгел қамтып отырады. Өйткені билікпен байланысы бар-жоғына қарамастан, басқа ақпарат құралдары Азаттық сияқты хабар тарата алған жоқ.

Кейінгі жылдары басқа тәуелсіз ақпарат құралдары да биліктің қысымына төтеп беруге тырысып келеді. Еркін емес елдердің бәрінде осы тенденция байқалады. Автократ немесе жартылай демократ көшбасшылар халыққа толық ақпарат бергісі келмейді, елдегі жағдайды бақылауда ұстауға тырысады. Сондықтан тәуелсіз ақпарат құралдарына қырғидай тиеді.

ҚАЗАҚСТАН ТАҒЫ ДА "ЕРКІН ЕМЕС" ЕЛДЕР ҚАТАРЫНДА ҚАЛДЫ

Aзаттық: Қазақстан туралы сөйлесейік. Қаңтар қырғынынан кейін Қазақстандағы саяси ландшафт өзгерді. Президент [Қасым-Жомарт] Тоқаев қоғамды демократияландыруға қатысты бірқатар уәде берді. Оның демократиялық бастамаларға реакциясы біржақты емес. Елде әлі де саяси тұтқындар, тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым мәселесі бар. 2022 жылы Қазақстандағы еркіндік деңгейі қалай болды? Елде болған оқиғаларға терең талдау жасалды ма?

Майкл Смельцер: 2022 жылы Қазақстан тағы да "еркін емес" елдер қатарында қалды. Әсіресе, саяси құқықтар бойынша 40 балдан 5 балл ғана жинады. Биыл Қазақстанның көрсеткіштері өзгерген жоқ, бірақ есепте көрсеткеніміздей, азаматтық бостандық саласындағы шектеу күшейді. Жалпы көрсеткіштер төмендемегенімен, билік өзін сынаған азаматтарды қудалап отыр. 2022 жылы бейбіт жиын өткізу құқығы мен сөз бостандығы қатты шектелді. Былтыр тұрмыстағы зорлыққа жол беріліп, азаптау шарасына қатысқандар жазасыз қалды. Қаңтар қырғынын сөз етіп отырғаныңызға рақмет. Бұл тақырыпты толығырақ талқылауға дайынмын.

Aзаттық: Қаңтар туралы сөйлессек. Ресми дерек бойынша, былтыр қаңтарда болған жалпыхалықтық наразылық кезінде 238 адам қаза тапты. Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғандарды азаптап, "кінәсін" мойындауға мәжбүрледі, осындай қатыгездікке барғандардың көбі жазасыз қалды. Бұл Орталық Азия елдері тәуелсіздік алғалы болған ең ірі және ең қанды көтеріліс болды. Freedom House дайындаған "Әлемдегі еркіндік" баяндамасында Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы Ресейдің ықпалы тұрғысынан қарастырылған. Freedom House бұл қайғылы оқиғаны тереңірек зерттеуге мүдделі ме? Ұйым Қаңтар оқиғасына қандай баға береді?

Майкл Смельцер: Бұл – өзім үшін ауыр тақырыптардың бірі, Қаңтар мәселесін қозғағаныңызға рақмет. Қазақстан халқы үшін Қаңтар қырғынының салдарын азайту мүмкін емес. Шынымен біздің есебімізде бұл оқиға Ресейдің қатысы, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы әскерінің келуі тұрғысынан баяндалғанымен, Қаңтарды Қазақстан халқы призмасынан қарамай өтуге болмайды. Газдың қымбаттауына қарсы бейбіт наразылықтың аяғы саяси режимге қарсы талаптарға ұласты, 200-ден астам адам қаза тапты. Биліктің реакциясы қатты болды. Freedom House интернеттің өшірілуі, көшеде зорлықтың артуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Интернеттің болмауы да ауыр салдарларға әкеліп соққанын, азаматтардың өміріне қауіп төндіргенін ұмытып жатырмыз. Осыған ерекше тоқталып, атап өткім келеді. Мәселе өңірдегі геосаяси ықпалда ғана болған жоқ. Бізге Қаңтарда не болғанын анықтау керек. Бұл Қазақстан билігі болған оқиғаға қатысты жан-жақты әрі ашық зерттеу жүргізуі керек дегенді білдіреді.

Азаттық: Қаңтар оқиғасынан кейінгі жағдайға тоқталсақ. Қазақстанда бірнеше саяси науқан өтті. Конституция өзгерді, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мерзімге сайланды. Ол демократия мен бостандықты арттыруға қатысты үйіп-төгіп уәде берді. Қазақстанда адам құқықтарының, оның ішінде саяси құқықтардың сақталуы мен демократияның артуына байланысты ілгерілеушілік байқадыңыз ба? Алдағы парламент сайлауы қарсаңында бұл мәселе өте маңызды.

Майкл Смельцер: Өкінішке қарай, прогресс байқалмайды. Жаңа Қазақстан болады, адамдардың саяси құқықтары мен азаматтық еркіндігі сақталады деген сөздерді бағалаймыз. Бірақ бұл уәде іс жүзінде орындалғанын көру керек қой? Бізге мұның бос сөз емесіне көз жеткізу керек. Сондықтан Freedom House Қазақстанда парламентті сайлаудың алдында жағдайды жіті бақылауда ұстап, билік халық үніне қаншалық құлақ түріп, оларға қаншалық шынайы таңдау беріп отырғанын тексереді. Сайлауда билік көргісі келген нәтиже емес, азаматтардың дауысы шешуші рөл атқаруы керек.

"ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЖАҒДАЙ НАШАР"

Азаттық: Тәжікстандағы жағдайды да қысқаша қамтып өтсек. Freedom House кейінгі бір жылда бүкіл әлемде ақпарат құралдарының еркіндігі күрт азайып, Тәжікстанның көрсеткіші нашарлап кеткенін жазады. Былтыр елде тәуелсіз блогерлер түрмеге жабылған. Бүгін тағы бірнеше журналист ұсталғанын естідік. Тәжікстандағы жағдайды қалай бағалайсыз?

Майкл Смельцер: Тәжікстандағы жағдай алаңдатып отыр. Тәуелсіз ақпарат құралдарының еркіндігіне келсек, бүкіләлемдік тенденциядан Тәжікстан да қалыс қалмай, жалпы 100 балдан небәрі 7 балл жинап, есебіміздегі ең репрессив мемлекеттердің біріне айналды. Ең төменгі орында тұр. Биылғы көрсеткіштен Тәжікстанның үкіметтік емес ұйымдар қызметінде алаңдауға тұрарлық тенденциялар байқалды.

2022 жылы Тәжікстан билігі азаматтық қоғам қызметіне кедергі келтіріп, гуманитарлық ұйымдарға, әсіресе, Памир тобынан шыққан белсенділерге қатысты қатаң шектеулер енгізді. Мамырда Тау-Бадахшан автономия облысы туралы заң қабылданып, коммуникациялық желілер үзілгеніне, өңірге әскер жіберіліп, ондаған адам қаза тапқанына куә болдық. Ахуал өте нашар. Адамдар Тәжікстанда болып жатқан оқиғаларға көбірек назар аударуы керек.

Азаттық: Тәжікстан, Қырғызстан мен Қазақстан туралы айтқандарыңызды қорытындыласақ, Орталық Азиядағы жағдайды қалай бағалайсыз? Баяндамада Украинадағы соғыстың кері әсері, Ресейдің Еуразия мен Орталық Азиядағы тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсетіп жатқаны айтылады.

Майкл Смельцер: Жалпы алғанда, Орталық Азиядағы жағдай нашар. Мысалы, Өзбекстан жақында дін бостандығын шектейтін заңға енгізілген өзгертулердің арқасында ғана көрсеткіштерін сәл жақсартып алды. Өңірдегі қалған мемлекеттер не бұрынғы позицияларында қалды, не көрсеткіші нашарлады.

Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашқаны өңірге қалай кері әсер еткенін сан көрсеткіштерімен бағалау қиын. Ресей шешімінің ықпалын асырып көрсеткіміз келмейді. Өңір мемлекеттерінің көбі әлі де өз бетінше шешім қабылдай алады. Қырғызстанда Ресей мен Қазақстандағыдай заң болғанымен, жергілікті ақпарат құралы Роскомнадзордың соғыс туралы материалды өшіру талабын орындаудан бас тартты. Яғни өңір мемлекеттері тәуелсіздігінен айырылмады, бас шұлғып, Ресейдің артынан еріп кеткен жоқ. Бұл маған үміт сыйлайды.

"РЕСЕЙДІҢ ХАЛІ ӘЛДЕҚАЙДА МҮШКІЛ"

Азаттық: Freedom House ұйымының жылдық есебінде Ресейдің Украинаға басып кіруі украиндерге қалай әсер еткені талданған. Ресей президенті Владимир Путин бастаған соғыс қарапайым ресейліктердің өмірін, Ресейдегі ішкі жағдайды қалай өзгертті? Өзіңіз білетіндей, Орталық Азия халқы Ресеймен тығыз қарым-қатынаста.

Майкл Смельцер: Ресейдің басып кіруіне байланысты биыл Украинаның рейтингі нашарлады. Ресейдің халі әлдеқайда мүшкіл. Саяси құқықтар мен азаматтық еркіндік үш саты төмендеп, 16-ға дейін кеміген, бұл – өте нашар көрсеткіш. 24 ақпаннан кейін билік тәуелсіз ақпарат құралдары, оппозиционерлер мен азаматтық қоғамды жаншып, соғысқа қарсы шыққандардың бәрін қатаң жазалады. Ресей билігі шетел агенті туралы заңды бәріне қолдана бастады. Шетелден қандай да бір қолдау алатын немесе Ресей үкіметін сынайтындардың бәрін осы заңмен қудалады. Қазір Ресейде билік пен әскерді сынауға толық тыйым салынған. Жүздеген адам осы үшін сотқа тартылды. Осыған қарап-ақ соғыс қарапайым ресейліктердің өміріне қалай әсер еткенін бағалай беріңіз.

"Ішінара мобилизация" кезінде ондаған мың азамат шетелге қашуға мәжбүр болды. Тұтқындар мен еңбек мигранттары соғыстан құтыла алмады, оларға жалақы берілмеді, оқ-дәріні өз ақшасына сатып алды. Бұл елдегі ахуал нашарлағанын көрсетеді. Академиялық еркіндікке қауіп төнді, өйткені Ресей студенттерге соғыс пропагандасын оқыта бастады. Соғысқа қатысты сыни көзқараста болуы мүмкін деген ғылыми қызметкерлер шетелге шығып, халықаралық конференцияларға қатысу құқығынан айырылды.

Азаттық: Freedom House "50 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда әлемде еркін елдер саны артқанымен, әлі де кері тенденция байқалады" деген қорытынды ұсынады. Өзіңіз айтқандай, біраз мемлекеттің көрсеткіші әлі де нашар. Болашақтан не күтесіз? Ұйымның бұған қатысты болжамы бар ма?

Майкл Смельцер: Жай ғана солай үміттенеміз дегім келеді. Бірақ демократиялық көрсеткіштерде 17 жылдан бері кері тенденция байқалып келе жатқанда, үміттену қиын. Ресейдің Украинаға басып кіруі бостандығымыз бәске тігілгенін түсінуге мүмкіндік берді. Әлемдегі демократиялар Украинаны қолдап жатқанымен, әлі де бұл елдер мен олардың азаматтары өз әрекеті мен таңдауы арқылы еркіндікті арттырып, демократияны нығайту үшін не істеп жатқанын байқау керек. Кейінгі 17 жылда айырылған еркіндігімізді қайтару үшін көп жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ бұл – күресуге тұрарлық шайқас. Бұл әлемнің демократиялық траекториясындағы шешуші кезеңге айналады деп үміттенеміз.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Кубат Касымбеков алған сұхбат ағылшын тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG