16 наурыз күні Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы Қаңтар оқиғасынан кейін айыпталып, түрлі жаза кесілген 10 адамның шағымын қарай бастады. Осыдан екі ай бұрын Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұл азаматтарға тоғыз айлық шартты жазадан бастап, 15 жылдық түрме жазасын кескен болатын. Сотталушылар үкімге риза емес.
Ал қаңтардан кейін істі болған Ернұр Әжниязов пен Асланбек Омаровқа қатысты сот қаулысына прокуратура наразылық білдірген. Бірінші инстанция ақтап шыққан бұл екі азамат та бейсенбі күні сот залында болды. Осылайша апелляция отырысына үкімге риза емес 10 адамнан бөлек, ақталған екеу, жалпы саны 12 адам келді.
Ең ауыр жаза тағайындалып, 15 жылға бас бостандығынан айрылған Нұрсұлтан Исаев пен 4 жылға сотталған Дархан Қами сот үкімі әділ болмады деп есептейді. Нұрсұлтан Исаевты бірінші инстанция "құқық қорғау органы қызметкерінің өміріне қол сұқты" (380-1 бап, 2-бөлігі) және "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-бап, 2-бөлігі) деп таныды. Ал "жаппай тәрсіздікке қатысушы" Дархан Қамидің жазасын рецидив ауырлатып жіберген. Өзге сотталушылар "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" айыбымен сотталған.
Сот ақпан айында тоғыз айлық шартты жаза кескен төртеу және тергеу изоляторы мен үйқамақта болған уақыты есебінен жазасы өтелген тағы төрт адам толық ақталғысы келеді. Қаңтардан кейін істі болғандардың бәрі өзін кінәсіз деп есептейді.
Мемлекеттік айыптаушылардың пікірінше, сот қаулысы заңсыз әрі негізсіз болған. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушылар Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты прокуратураға жолдаған жеке қаулымен де келіспейді.
– Азаматтарды қылмыстық жауапқа заңсыз тартқаны үшін Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты прокуратураға жеке қаулы шығарды. Мен оны құптаймын. Өйткені заңсыз жауапқа тартылғандар арасында менің әпкем Жанна Есмұрзаева да бар. Әпкем төрт ай бойы тергеу изоляторында болды. Айыптаушы тарап нақты дәлелі болмаса да, сотталушылардың жазасын мейлінше ауырлатуға тырысып бақты, – дейді Қаңтар оқиғасынан соң істі болған 18 ақтөбеліктің арасындағы жалғыз әйел Жанна Есмұрзаеваның қорғаушысы әрі інісі Ақылжан Қуантаев.
Апелляция алқасына шағымданған 10 ақтөбеліктің бірі Еркебұлан Құттыбаев болатын. 41 жастағы Еркебұлан Құттыбаев үкім шыққан 1 ақпан күні Азаттыққа берген сұхбатында тоғыз айлық шартты жазаға келіспейтінін айтқан. Сонымен бірге сот мемлекет пайдасына тәркілеген "КамАЗ" автокөлігін қайтарып аламын деген үміті де болған.
Тергеу "жеке көлігімен демонстранттарға қиыршық тас жеткізіп берді" деп айыптаған Еркебұлан Құттыбаев апелляция алқасы істі қарардан бір күн бұрын 15 наурызда жүрек талмасынан қайтыс болған. 40-тан енді ғана асқан Еркебұлан Құттыбаевтың артында кәмелетке толмаған үш баласы қалған.
Ақтөбе облыстық сотының апелляция алқасы Қаңтар оқиғасынан кейін айыпталғандар ісін қарауды 30 наурызға қалдырды.
Бейсенбі күнгі мәжілістен соң Нұрсұлтан Исаевтың туыстары облыстық сот алдында оған бостандық талап етіп, 15 жылдық түрме жазасын тым ауыр деп есептейтінін айтты. "Әділ шешім шығуын талап етеміз!", "Бостандық!" деп жазылған плакаттар ұстаған он шақты адам жарты сағаттай сот алдында тұрып, тарасты. Оларды қарапайым киінген бірнеше адам видеоға түсіріп жүрді.
Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасынан кейін 21 адамның үстінен қозғалған қылмыстық іс сотқа жеткен. 2022 жылғы шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бостандығын 3,5 жылға шектеген.
2023 жылғы 1 ақпан күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты екі адамды ақтап, 16 адамға түрлі жаза кесті.
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Оның бірі Русланбек Жұбаназаровты билік әуелі "террорист" деп айыптап, кейін "кездейсоқ құрбан" ретінде оның отбасына "Қазақстан халқына" қоры арқылы 7 млн теңге өтемақы берген. "Кездейсоқ құрбандар" тізіміне енген тағы бір ақтөбелік Файзулла Нұргелдинге Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиген. Ауыр жараланған ол екі айдан соң қайтыс болды.
ПІКІРЛЕР