Батыс Қазақстан облысынан мәжілістегі жалғыз орынға тоғыз кандидат таласты, олардың үшеуі – өзін-өзі ұсынған үміткерлер. Негізгі бәсеке журналист Лұқпан Ахмедияров пен заңгер Абзал Құспанның арасында жүрді.
Ресми дауыс беру нәтижесіне сәйкес, 19 наурызда өткен сайлауда заңгер Абзал Құспан жеңіске жеткен. Сайлау комиссиясының дерегінше, 126 784 адам адвокатты қолдап дауыс берген. Журналист Лұқпан Ахмедияров 46 172 дауыс жинаған.
2019 жылдан бері сайлауға бақылау жүргізумен айналысып келе жатқан Jaria қоғамдық бірлестігі бұл ақпаратқа сенбейді. Олар Оралдағы барлық сайлау учаскесінде ұйым еріктілері болғанын, кіруге шектеулер қойылған учаскелер ғана қамтылмай қалғанын айтты.
Jaria бірлестігінің мәліметінше, қалада Ахмедияров жеңіске жеткен. Jaria бақылаушылары болған аудандық учаскелерде журналист басым түскен.
Қоғамдық бірлестік өкілдері болмаған учаскелерде мүлде басқа картина қалыптасқан.
– № 77 учаскеде Абзал 1402, ал Лұқпан 8 дауыс жинаған. Бұл 175 есе көп. Лұқпан көпшілік танымайтын кандидаттардан да аз дауыс жинап отыр! Ақсайдағы бюллетеньдерді топтап тастау видеоға түсіп қалған №5 мектепте (№161 округ) Лұқпан 15, Абзал 802 дауысқа ие болған, – дейді Jaria ұйымының өңірлік менеджері Мұрат Байдекенов.
"ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ АҢЫЗ"
Ахмедияров биылғы сайлауға тәжірибе үшін ғана қатысқан. Тіркеуден өтемін деп ойламаған. Бірақ кейін шынымен қызыға бастап, жеңіске жетемін деп үміттенген.
– Үгіт-насихат науқаны басталмай тұрып, мәжіліске не үшін бара жатқанымды білдім. Заңды өзгерткім келді. Аудандарды аралаған сайын елді толғандыратын мәселелер барын, халық саяси реформаларды қалайтынын көрдім. Бұл кездесулер көп дауыс болады деген сенім ұялатты, – деді Ахмедияров.
Журналист дауыс беру нәтижесіне келіспейді, сайлау қорытындысы бұрмаланды деп есептейді. Ахмедияровтың болжамынша, қарсыласына мәжіліске өтуге көмектескен.
Ол Абзалдың командасында бұрын сайлау комиссиясында, билік партиясында істеген шенеуніктер болғанын айтады.
– Ол [Құспан] әлеуметтік желіге саяси технологі не саясаттанушысы барын жазды. Кейін бұл адам ұзақ уақыт Орал қалалық сайлау комиссиясын басқарғанын, Назарбаев 97 пайыз дауыс жинап, сынға қалған (халықаралық бақылаушылар 2015 жылғы президент сайлауын теріс бағалаған. Ол кезде ресми дерек бойынша, бұрынғы президент 97 пайыз дауыс жинап еді) сайлауда жұмыс істегенін білдім. Абзалдың командасында негізінен бұрынғы шенеуніктер, "Нұр Отаннан" (қазір "Аманат" деп аталатын билік партиясы) шыққан азаматтар көп екенін анықтадым. Ол әділетсіз сайлау кезінде жиналған тәжірибеге сүйеніп отыр, – деді журналист.
Ахмедияров Құспанның бюджет қызметкерлерімен көп кездесу өткізуін де сайлау әділетсіз өткеніне мысал етіп алған. Журналист мұны ескі жүйенің "тексерілген әдістері" деп атайды. Бұл әдісте сайлау науқанына манипуляция жасалып, әкімшілік ресурс қолданылады.
– Бір ауылға барсам, залдың жартысына ғана адам толды. Бір әйел "Саған дейін Құспан келіп кетті, оған бүкіл мемлекеттік қызметкерді жинап әкеліп, залды толтырып берді" деді. Сол кісінің айтуынша, тұрғындар Абзалдан "Жаңа Қазақстанды" қолдасаң, әдістерің неге ескі? Саған неге залды толтырып, адамдарды қинап әкеліп отырғызып жатыр?" деп сұрапты. Бірнеше ауылда осы жағдай қайталанды, – дейді Ахмедияров.
Журналист жексенбіде өткен сайлауды Қазақстан билігінің "Жаңа Қазақстан туралы (президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін жариялаған либерализация мен реформаларға бағытталған концепциясы) аңызды" қуаттау үшін жасалған шара деп бағалайды.
– Бірақ сайлауды ескі әдіспен өткізіп, бұл аңызды қуаттау жақсы емес. Тоқаев тәуелсіз депутаттар туралы айтып отыр. Қарап шықтым. Әр өңірдің өз "Абзал Құспаны" бар екен. Келісіп алғандай, бәрі – азаматтық салада, қоғамда өз орны бар, бұрын оппозицияда болған адамдар. Әр өңірден осындай кандидаттарды дайындап, жоғарыға сүйреп жатыр, – дейді Ахмедияров.
"ЖАУ КЕТКЕН СОҢ ҚЫЛЫШЫН БОСҚА СЕРМЕУ"
Депутат атанған Абзал Құспан әділ жеңіске жеттім деп есептейді. Ол басынан ауылдағы сайлаушыларға баса назар аударғанын, дауыстың негізгі бөлігін сол жақтан жинағанын айтады. Ол ауыл-аймақта өткен кездесулерін өз штабы ұйымдастырғанын жеткізді.
– Кандидаттардың бірде-бірі мен сияқты бүкіл өңір мен ірі елді мекендерді тегіс аралап шыққан жоқ. 22-25 ақпан күндері оңтүстік аудандарға бардым. Жәнібек ауданынан басқа еш жерде 20-дан көп адам жиналмады. Штабтағы жағдайды саралап, әр елді мекенде жұртқа сөзін тыңдата алатын адамдар бар ғой деген ойға келдік. Бүкіл республикаға танымал болсаң да, аядай ауылда елді аузына қарататын адамның беделі сенен жоғары болуы мүмкін. Жәнібек ауданында белгілі тарихшы Ахмедияр Батырхановтан көмек сұрадық. Залды толтырып берді. Әдісімізді өзгертіп, осындай беделді тұлғалардың көмегіне жүгіне бастадық, – дейді Құспан.
Заңгер бәсекелестерінің сынына сайлау науқаны кезінде-ақ жауап бергенін айтты. Ол өзіне қарсы айтылған сынға дәлел де, негіз де жоқ деп есептейді. Құспанның сөзінше, ол сайлау штабына адамдарды тәжірибесіне қарап жинаған, бірақ қолында билігі бар адамдардан көмек сұрамаған.
– Не өзім, не өкілдерім шенеуніктерден көмек сұраған жоқпыз. Бұрынғы шенеуніктерге келсек, сайлауалды штабымның басшысы Нұрлан Бекқайыр туралы айтып отырған шығарсыз. Зейнетке шығардың алдында үш жыл Қазтал ауданының әкімі болған. Ол кісіні неге таңдағанымды жасырмаймын, бұл туралы талай рет айттым: Нұрлан Бекқайыр бірнеше жыл бойы қаладағы сайлау процесін басқарған, – деді Құспан.
Заңгердің пікірінше, дауыс беру кезінде айқын заңбұзушылықтар болмаған, сайлау әділ өткен.
– Ақсайдағы жағдайға келсек (әлеуметтік желіде бюллетеньдерді топтап салып жатқан видео тараған), бұл сайлау заңнамасын бұзады, бірақ жалпы нәтижеге әсер етпейді. Осы сәтті видеоға түсіріп алған, бірақ акт толтырып, құзыретті органдарға шағым жазбаған адамдардың позициясын түсіне алмадым, – деді Құспан.
Құспан дауыс беру нәтижесі бұрмаланды деген пікірді сайлауда жеңіліп қалғандардың өкпесі деп түсінеді.
– Жеңілген адамға нәтиже ұнамайтыны түсінікті. Олардың орнында болсам, мен де ренжитін едім. Бірақ мен нақты фактілермен сөйлеп, дер кезінде шара қолданар едім. Әйтпесе жау кеткен соң қылышын босқа сермеу сияқты, – деді заңгер.
Абзал Құспан мәжіліс депутаты ретінде қолданыстағы заңдарды жетілдіріп, қазіргі сұраныстарға жауап беретін сапалы заңдар қабылдағысы келеді.
Лұқпан Ахмедияров прокуратураға дауыс беру кезіндегі заңбұзушылықтар туралы шағым берген. Ол сайлау қорытындысына наразылық білдіргісі келеді, қазір шағым дайындап жатыр. Журналист бейбіт митинг өткізуге өтініш берген.