Accessibility links

"Хаттаманы өзгертіп, сыртымыздан қол қойды". Сот сайлау бұрмаланғанын айтқан кандидаттың талабын орындамады


Сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан адам. 19 наурыз, 2023 жыл.
Сайлау учаскесінде дауыс беріп жатқан адам. 19 наурыз, 2023 жыл.

Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Сәбит Байбосынов аумақтық сайлау комиссиясын "хаттамадағы деректерді қолдан өзгертті" деп айыптады. Сайлау қорытындысы бұрмаланғанын учаскелік және округтік сайлау комиссияларының мүшелері де растады. Бірақ сот әділет іздеген кандидаттың талабын қанағаттандырмады.

ДАУЫС БЕРУ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТУРАЛЫ ЕКІ ТҮРЛІ ХАТТАМА

Шымкент қалалық мәслихаты депутаттығына кандидат Сәбит Байбосынов аумақтық сайлау комиссиясы №7 бірмандатты сайлау округі бойынша шығарған сайлау қорытындысы туралы шешімге келіспей, даулы хаттаманы заңсыз деп тануды талап етіп сотқа жүгінді. Арыз иесі аталған округтегі №141 сайлау учаскесінің комиссиясы дауыс беру қорытындысы туралы хаттамадағы деректерді "қолдан өзгертіп, бәсекелесіме жүздеген дауысты қосып жазды" деп есептейді.

Байбосыновтың шағымын 24 наурыз күні Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады. Мүдделі тарап ретінде сотқа қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Бөкейхан Әбішев, Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы мен №141 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері, прокурор, депутаттыққа кандидаттардың сенімді өкілдері мен адвокаттары да қатысты.

Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының өкілі Асқар Сейітов, кандидат Бөкейхан Әбішев пен оның адвокаты Әлия Тұрғанбаева және прокурор Әлібек Әбдіқұлов қарсы болғандықтан, судья Азаттық тілшісіне сот отырысын фото-видеоға түсіруге тыйым салып, тек аудио жазуға рұқсат берді.

Қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ғимаратының алдында тұрған адамдар. Шымкент, 24 наурыз, 2023 жыл.
Қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот ғимаратының алдында тұрған адамдар. Шымкент, 24 наурыз, 2023 жыл.

№7 бірмандатты сайлау округінен қалалық мәслихат депутаттығына алты кандидат таласқан.

Соттың сұрауымен қалалық аумақтық сайлау округі дауыс беру қорытындысы туралы екі хаттамасының тұпнұсқасын ұсынды. Екеуіне де сайлау округі комиссиясы мүшелерінің қолы қойылып, мөрі басылған.

Талапкердің адвокаты Сапар Әміртаев 19 наурызда Шымкенттегі №7 округке қарасты 18 сайлау учаскесіндегі комиссияның дауыс беру қорытындысы туралы хаттамаларына сәйкес, Сәбит Байбосынов 859 дауыс, Рамазан Бектұрғанов 858, ал Бөкейхан Әбішев 821 дауыс алғанын айтты.

Бірақ кейін пайда болған округтік сайлау комиссиясының екінші хаттамасында Әбішев 1263 дауыс, Бектұрғанов 990 дауыс, ал Байбосынов 814 дауыс алған деп көрсетілген. Бұл хаттамаға округтік сайлау комиссиясының хатшысы Гүлнәр Әжіқабылованың қолы қойылмаған.

– №141 сайлау учаскесі мен №7 сайлау округі бойынша сайлау комиссияларының хаттамалары қолдан өзгертіліп, сайлау қорытындысы бұрмаланған, – деді адвокат Әміртаев сотта. Ол даулы хаттаманы заңсыз деп тануды сұрады.

"ЖҮЗДЕГЕН ДАУЫСТЫ КЕЙІН ҚОСҚАН"

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының ота жасау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов сотта өзі туралы ақпарат берумен шектелді. Оның адвокаты Сапар Әміртаев талап арызды қараған судья Айгүл Дербісовадан №141 сайлау учаскесінің дауыс беру қорытындысы туралы хаттамасын зерделеуді сұрады.

Адвокат "осы сайлау учаскесіндегі дауыс бергендер саны өзгертілгеннен кейін Әбішевті қолдаған дауыс саны 821-ден 1263-ке көбейген" дейді.

Сайлау учаскесінің алғашқы хаттамасында "дауыс беруге қатысқан сайлаушы саны – 189 адам, соның 32-і Байбосыновқа дауыс берді, Әбішевке ешкім дауыс берген жоқ" деп жазылған. Бірақ кейін қалалық аумақтық сайлау комиссиясы түпнұсқа деп таныған хаттамада Әбішевті 442 сайлаушы қолдап дауыс берді, бюллетень алған сайлаушы саны 1119 деп көрсетілген.

Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінің бірі. 19 наурыз, 2023 жыл.
Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінің бірі. 19 наурыз, 2023 жыл.

Екі түрлі хаттаманың қайсысы дұрыс екенін анықтау үшін №141 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының жеті мүшесі сотқа куә ретінде шақырылды. Олар бірауыздан алғашқы хаттаманы растап, қалалық аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған хаттамаға қойылған қол өздерінікі емес екенін, дауыс беруге қатысқан сайлаушы саны өте аз болғанын айтты.

Комиссия мүшелерінің сөзінше, сайлау заңы талаптарына сай болмауына (боялған, екі қатарға белгі қойылған, қол қойылған, т.б.) байланысты 22 бюллетень жарамсыз деп танылған.

"ДЕРЕКТЕРДІ ӨЗГЕРТІП, СЫРТЫМЫЗДАН ҚОЛ ҚОЙҒАН"

Сотта жауапкер деп танылған №7 сайлау округінің төрайымы, №24 мектеп-лицейдің директоры Жанар Нысанбаева алғашында кандидат Байбосынов заңды деп табуды сұраған хаттаманы растағанымен, кейін аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған хаттамадағы "қойылған қол менікі болуы мүмкін" деп екіұшты жауап берді.

– Отадан кейін дәрінің күшімен 24 сағат жұмыс істедім. Бюллетеньдерді қайта-қайта санап, көп уақыт кетірдік. Округте дауыс санау кезінде ажиотаж болды. Бақылаушылар шу шығарды. Барынша сабырға шақырдым. Тыныштық сақтай алмаған соң, ұлттық қауіпсіздік комитеті мен прокуратура өкілдерін, арнайы жасақ шақыруға мәжбүр болдым, – деді Нысанбаева. Ол екі хаттамаға қалай бірдей қол қойғанын түсіндіре алмады.

Ал сотқа куә ретінде шақырылған №7 сайлау округінің хатшысы, академик Әбдімұса Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің оқытушысы, заңгер Гүлнәр Әжіқабылова Байбосыновтың қолындағы дауыс беру хаттамасы дұрыс жазылғанын растады.

– Мына хаттаманы бұрын көрген емеспін. Мұнда бюллетень алған сайлаушы саны шамамен мың адамға артық, – деді ол кандидат Бөкейхан Әбішев көп дауыс жинаған деп жазылған аумақтық сайлау комиссиясы ұсынған хаттаманы көрсетіп.

Түркістан облысы мен Шымкенттен мәжіліс пен мәслихат депутаттығына түскендер сайлау қорытындысына келіспейтінін мәлімдеп отыр. Шымкент, 21 наурыз, 2023 жыл.
Түркістан облысы мен Шымкенттен мәжіліс пен мәслихат депутаттығына түскендер сайлау қорытындысына келіспейтінін мәлімдеп отыр. Шымкент, 21 наурыз, 2023 жыл.

Бұған қоса, Әжіқабылова қалалық аумақтық сайлау комиссиясының №7 округ бойынша 19 наурызда 5015 сайлаушы дауыс берді деген ресми мәліметіне де келіспейді.

– Біздің есебіміз бойынша, бүкіл сайлау округі бойынша дауыс бергендер саны 5 мыңға жетпейді, 4 мың шамасында, – деді ол.

Сотта Әжіқабылова 18 сайлау учаскесі берген ақпаратқа сүйеніп толтырылған округтік сайлау комиссиясының хаттамасына қол қойып, 20 наурызда қалалық аумақтық сайлау комиссиясына өткізгенін мәлімдеді. Сайлау комиссиясында қабылдап алатын қызметкер жұмыс орнында болмаған соң, мөрді округтік сайлау комиссиясындағы сейфке салып, екі күннен кейін тапсырғанын айтты.

– Жағдай ушығып кетті. Қысым күшейген соң, қаладан шығып кетуге мәжбүр болдым, – деді округтік сайлау комиссиясының хатшысы. Бірақ кім, қандай, не себепті қысым жасағанын ашып айтпады. Тек өзіне жасалған қысым туралы әл-Фараби аудандық прокуратурасына шағымданғанын, оны прокуратураның тіркеу журналынан тексеруге болатынын мәлімдеді.

Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының сотқа түпнұсқа деп ұсынған №7 сайлау округінің хаттамасын хатшымен бірге сайлау комиссиясының тағы екі мүшесі терістеді. Олар дауыс бергендер туралы деректер өзгертілген хаттамаға өздерінің сыртынан әлдекімдер қол қойғанын айтты.

Сайлаудан кейінгі дау, кандидаттардың қарсылығы
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:18 0:00

"САЙЛАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫН БҰРМАЛАҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛСЫН"

Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының өкілі Асқар Сейітов "округтен алынған сайлау хаттамасы бұрмаланған деген сөзге дәлел жоқ" деді.

Кандидат Бөкейхан Әбішевтің адвокаты Әлия Тұрғанбаева округтік сайлау комиссиясы хатшысын мөрді уақытылы өткізбеді деп кінәлады. "Шындығында қай хаттама түпнұсқа екенін біле алмаймыз. Уақытында мөрді тапсырған кезде екінші хаттама пайда болмас па еді?" деді ол.

Байбосыновтың адвокаты Сапар Әміртаев бұл істің қылмыстық құрамы бар деп есептейді. Ол соттан аумақтық сайлау комиссиясын осы іс бойынша жауапкер ретінде және кандидат Сәбит Байбосынов жеңіске жеткен хаттаманы ресми тұпнұсқа деп тануды, сонымен бірге сайлау құжаттарын қолдан жасау және сайлау қорытындысын бұрмалау фактісі бойынша қылмыстық іс ашу үшін қала прокуратурасына жеке ұйғарым шығаруды ұсынды.

Прокурор Әлібек Әбдіқұлов соттан даулы екі хаттаманың қайсысы түпнұсқа екенін көрсететін тиісті сараптама қорытындысы болмағаны себепті Байбосыновтың талап арызын қанағаттандырмауды сұрады.

Судья Айгүл Дербісова кандидат Сәбит Байбосыновтың талап арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығарды.

– Сот шешіміне келіспейміз. Апелляциялық шағым береміз, – деді талапкердің адвокаты Сапар Әміртаев сот шешімі шыққаннан кейін Азаттыққа. Бірақ ол даулы екі хаттаманың көшірмесін беруден бас тартты.

Сот шешімі шыққаннан кейін Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясы 19 наурызда өткен сайлау қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, №7 бірмандатты сайлау округінен Шымкент қалалық мәслихатының депутаты болып 1263 дауыс жинаған, "Бөрте милка" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Бөкейхан Әбішев сайланды.

Биылғы сайлауда Шымкент қалалық мәслихатындағы 16 орынға 100 кандидат тіркелген. Аумақтық сайлау комиссиясының дерегінше, қалада 640 мыңға жуық сайлаушы бар. Оның 288 мыңға жуығы дауыс беруге қатысқан.

Сайлаудан кейін қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттардан сотқа бес шағым түскен. Оның екеуі әлі қаралып жатыр. Тағы екеуі бір іске біріктіріліп, сот ол арызды қанағаттандырудан бас тартқан. Арыз иелерінің дені соттан дауыс беру қорытындысы туралы хаттаманы заңсыз деп тануды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG