Accessibility links

Қарағандыда сот полиция департаментін мүгедектер ұйымына 113 млн теңге төлеуге міндеттеді


Қарағанды облыстық полиция бөлімі ғимараты алдындағы қоршау.
Қарағанды облыстық полиция бөлімі ғимараты алдындағы қоршау.

Қарағандыда ауданаралық экономикалық сот полиция департаментін "ЖанДос" мүгедектер қоғамдық бірлестігіне 113 млн теңге төлеуге міндеттеді. Бұған дейін аталған ұйымның өкілі Дәурен Аминов полициядан ұйым алдындағы қарызын өтеуді талап етіп, ғимараты алдында өзін өртемек болып, ізінше 15 күнге қамалған.

Ақпаратқа қарағанда, аталған қоғамдық ұйым полиция бөлімшелеріне қоршау орнату бойынша тендер жеңіп алған. Полиция жұмыс сапасыз жасалды деп, сотқа шағымданған.

Осы сот аясында полиция департаментінің қоғамдық ұйым үстінен түсірген шағымы да қаралды. Полиция департаменті қоғамдық ұйымды "жұмысты жауапсыз атқаратын мемлекеттік сатып алу қатысушысы" ретінде тануды сұраған. Ал қоғамдық ұйым полицияны 117 млн теңге төлеуге міндеттеп, келісімді біржақты үзуін заңсыз деп тануды, бұған дейін қол қойылған атқарылған жұмыстар туралы актіні жарамды деп тануды, сот шығынын өндіріп беруді сұраған.

Сот қоғамдық ұйымның өтінішін жартылай орындады: атқарылған жұмыс актілерін жарамды деп танып, полицияны 117 млн теңге емес, 113 млн теңге төлеуге міндеттеді.

Сот полицияның қоғамдық ұйым үстінен түсірген шағымын қанағаттандырды. Бірақ судья 2 маусым күнгі жағдай бойынша қурап қалған ағаштар үшін мемлекеттік органды кінәлі деп таныды.

2022 жылы желтоқсанда 54 жастағы Дәурен Аминов Қарағанды облыстық полиция департаментінің ғимараты алдында өзін өртейтінін айтып, қоқан-лоқы жасаған. Жақын маңда "Полковник Байженов, мүгедектердің ақшасын қайтар" деген жазуы бар плакат ілініп тұрды. (Ерлан Байженов полиция департаменті бастығының орынбасары). Ол кезде полковник наразы тұрғын алдына шыққан жоқ және ақпарат құралдарына да түсініктеме бермеген. Ал Дәурен Аминов ұсталып, сол күні сот оны 15 тәулікке қамаған. Оған "ұсақ бұзақылық" және "полиция қызметкеріне бағынбау" бабы бойынша айып тағылды. Әминов қамауда 15 күн отырып шықты.

Бұдан соң Аминов Теміртаудағы кездесуге келген ішкі істер министрімен кездесуге талпынған. Алайда полицейлер бастапқыда оны кездесуге жібермеген. Кездесуге барған кезде оны полиция бөлімінде бірнеше сағат ұстаған. Тек содан кейін министрмен кездесуге жіберген. Министр мәселені қарастыруға уәде бергенмен мәселе шешілмеген. Ал полиция департаменті шағымдағы талаптарын көбейткен.

XS
SM
MD
LG