Бүгін, 12 маусымда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқығы бойынша уәкіл қызметінен Аружан Саинді босатып, орнына Динара Зәкиеваны тағайындады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Динара Зәкиева 2021 жылдан 2023 жылғы 19 қаңтарға дейін "Нұр Отан" партиясы атынан мәжіліс депутаты болған. Ол Қазақстан билігінің балаларды кибербуллингіден қорғау жөніндегі заң жобасы авторларының бірі ретінде танылған. Заңда "Сарым-Зәкиева түзетулері" деп аталатын, Қазақстанда әлеуметік желіні бұғаттауға мүмкіндік беретін бірнеше норма бар.
Зәкиева мәжіліске дейін Нұрсұлтан Назарбаев қоры жанындағы корпоративтік "Қамқорлық қорының" жетекшісі, отбасы, әйел және бала құқығы бойынша республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы, Астана әкімдігі жанындағы балалар үйінің директоры болған.
Аружан Саин балалар омбудсмені қызметіне 2019 жылы тағайындалған.
2022 жылы көктемде Алматы қаласы Алмалы аудандық соты Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбаевты 2018 жылдан бастап әлеуметтік желіде ұлтаралық және әлеуметтік араздықты қоздыратын, орыс ұлты өкілдерінің ұлттық ар-намысына тиетін жазбалар жариялаған" үшін бес жылға соттағанда, Аружан Саин тағы да төрт адаммен бірге жәбірленуші болып танылған еді.
Сот екі азаматты да "билікті басып алуға немесе күшпен тартып алуға шақыру" бабы бойынша айыпты деп тапқан, ал Боранбаевқа "ұлтаралық араздықты қоздыру" бабын да қосқан. Намазбаевқа "Милосердия" қорына 200 мың теңге төлеуді міндеттеген еді. Бұл қорды Қазақстандағы балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин басқарады.
Екі белсенді желіде ресейлік шенеуніктердің Қазақстан жайлы айтқан сындарына пікір білдіріп, Қазақстанның Ресеймен интеграциясына қарсы шыққан және Ресейдің Украинаға басқыншылығын сынаған еді.
Биыл мәжілістің кейбір депутаттары Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбаевтың кінәсі жоқ деп, істерін қайта қарауды талап еткен.
ПІКІРЛЕР