Таразда Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, мерт болған бес адамның апелляциялық соты ұзақ уақыттан кейін қайта жалғасты. Осыған дейін сот отырысы түрлі себеппен бірнеше рет шегеріліп келген еді.
"Аруақтар ісі" аталып кеткен сот отырысын марқұмдардың туыстары тағатсыздана күтті. Процесс басында Қаңтар кезінде оққа ұшқан Нұрсұлтан Қуатбаевтың әкесі Бақытжан Шыңғысбеков судьядан істі қарауды жеделдетуді сұрады. "Аруақтарды қинамай, істің ақ-қарасын ажыратып берсеңіз" деді ол.
Процесте марқұм болғандардың адвокаттары мен заңды өкілдері биыл 7 ақпанда Тараз қалалық №2 сотының судьясы Бағдат Төребекұлы шығарған үкімге наразылық білдірді.
Марқұм Тоқтар Ошақбайдың әкесі Мұхтар Сыздықовтың айтуынша, ұлы Қаңтар кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны туралы еш бейне не фотодәлел жоқ. Ал сотта куәлік берген адамдардың ақпараты шындыққа жанаспайды дейді ол.
Марқұм Райс Рысбековтың анасы Индира Бекежанова да алғашқы соттың шешіміне разы емес. Ол істі қарау кезінде тергеушілер өзіне қысым көрсеткенін айтты. Отырысты сотталғандардың қорғаушылары түйіндеді. Олар іс барысында заң бұзушылық көп анықталғанын айтты.
Заңды өкілдер мен қорғаушыларды тыңдап болған соң төрағалық етуші судья Нурмахаммат Абидов кезекті отырыс 4 шілдеде өтетінін хабарлады.
Ақпанның басында алғашқы инстанциядағы сот Қаңтар кезінде оққа ұшқан бес азамат – Исатай Донбаев, Райс Рысбеков, Ержан Байжанов, Нұрсұлтан Қуатбаев пен Тоқтар Ошақбайды кінәлі деп таныған. Оларға қайтыс болуына байланысты жаза тағайындалмаған. Тергеу органдары оларға Қаңтар оқиғасы кезінде Таразда "жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты", "оқ-дәріні заңсыз алып жүрді" деген айып таққан.
Судья Бағдат Төребекұлы шығарған үкімде айыпталғандардың бәрі былтыр қаңтардың 6-сына қараған түні "қоғамға қауіпті іс-əрекетін ұғына отырып, қирату, өртеу, мүлікті жою, атыс қаруын қолдану және билік өкілдеріне қарулы қарсылық көрсетуге ұласқан жаппай тəртіпсіздікке қатысқаны", "билік өкілдерінің заңды талаптарына бағынбай, жаппай тəртіпсіздік жасауға шақырып, оқ-дəрiнi заңсыз иемденіп, сақтағаны, тасымалдағаны жəне алып жүргені" айтылған.
"Сотталушылардың кінəсі дəлелін тапты" деген судья Төребекұлы.
Марқұмдардың туыстары үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіріп, іс 24 мамырда қарала бастаған.
- Ресми дерек бойынша, былтыр Таразда Қаңтар оқиғасында 15 адам оқ тиіп қаза болған. Адам өлімі бойынша қозғалған істердің бәрі жабылған.
- Бұған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде Тараздағы алаңда мерт болған 17 жастағы Андрей Опушиевтің ісін кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қарап, жасөспірімді кінәлі деп тапқан еді. Апелляция соты үкімді өзгеріссіз қалдырды.
- Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын "біржақты тергеді" деп сынаған. Бас прокуратура бұған келіспеген.
ПІКІРЛЕР