Accessibility links

Қарағандыда "Алға, Қазақстан" акциясынан кейін 15 күнге қамалған белсенді босап шықты


Белсенді Асқар Нұрмағанов
Белсенді Асқар Нұрмағанов

Қарағандылық белсенді, "Алға, Қазақстан" тіркелмеген оппозициялық партиясының жақтаушысы Асқар Нұрмағанов 15 күндік әкімшілік қамаудан босап шықты. 55 жастағы Нұрмағановтың ұсталғаны қараша соңында – оппозиция митингісінің қарсаңында белгілі болды.

Оған 11 қазанда Астанада өткен "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының рұқсат етілмеген акциясына қатысты деген ("бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") айып тағылды. Сот отырысы Астанада өтті, ал белсенді сотқа қашықтан Алматыдан қосылды.

Белсенді 23 қараша мен 8 желтоқсанда қамауда болды.

—Бұл заңсыз, саяси қудалау. 11 қазанда "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу бойынша құжат тапсыру үшін Астанаға бардым. Мен бұған дейін сол күн үшін қамауда болғанмын: ол кезде маған 669-бапты ("Сот үкiмiн орындамау") қолданған, ал қазір 488-бапты қолданып отыр. Бір нәрсе үшін адам екі рет отырмауға тиіс, – деді Асқар Нұрмағанов Азаттыққа.

Белсенді сотта өзінің 11 қазан үшін "сотталып қойғанын" айтқан, алайда сот оның айтқандарын ескермеген.

Бұған дейін Азаттық Асқар Нұрмағанов 25 қазан күні өтпей қалған "оппозиция митингісі" қарсаңында "сот үкімін орындамау" бабы бойынша 5 тәулікке қамалғанын жазған. Соттың айтуынша, екі жыл бұрынғы үкім бойынша "қоғамдық-саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылған" Нұрмағанов 11 қазанда акцияға қатысу арқылы "үкім шарттарын бұзған". Оған тағайындалған 1.5 жыл шектеу жазасының мерзімі 2022 жылы аяқталған. Белсенді өзін саяси себеппен қудалап отырғанын айтқан.

Қарағандылық белсенді Асқар Нұрмағанов 2021 жылы ақпанда "тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін" сотталған. Ол жазасын өтегеннен кейін де оппозиция митингілері қарсаңында талай рет ұсталып, әкімшілік қамауға алынды.

  • Оппозиция митингілері қарсаңында белсенділердің ұсталуы елде жиі кездесетін тәжірибе. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, биыл 25 қазан күні қарсаңында Қазақстан бойынша шамамен 30 адам ұсталып, әкімшілік қамауға алынған. Ұсталғандардың көбі – "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі топ белсенділері. Митингінің өзі өтпей қалды, ал Астана мен Алматыда қауіпсіздік күшейтілді.
  • "Алға, Қазақстан" тіркелмеген партиясының өкілдері былтырдан бері партияны тіркеуге күш салып келеді, бірақ әділет министрлігі олардың өтініштерін қабылдамаған. Министрлік партияны "саяси себеппен тіркемей отыр" деген тұжырыммен келіспейді. Партияның жетекшісі Марат Жыланбаев жуырда жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Оған "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" және "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген айып тағылды. Оның соты жабық өтті. Жыланбаев пен жақтастары істің саясиланғанын айтқан. Бірнеше құқық қорғау ұйымы Жыланбаевқа шыққан үкімді айыптап, Астананы оны дереу босатуға шақырған.

XS
SM
MD
LG