Қазақстанда оппозициялық күштер ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасынан соң саяси жүйені жаңарту бастамасына қарамастан партия болып тіркеле алмады. Белсенділерді қудалау мен қысым жалғасып жатыр. Бұл туралы құқық қорғау ұйымдарының альянсы CIVICUS жариялаған жаңа есепте айтылады.
Қазақстанда бірнеше саяси топ партия ретінде тіркеле алмай жүр. Партия құрмақ болған топтардың лидерлері мен мүшелері қысымға тап болғандарына шағымданған. Мәселен, "Алға, Қазақстан!" оппозициялық тобы 2022 жылдың мамыры мен 2023 жылдың желтоқсаны арасында партия болып тіркелмекке 21 рет өтініш тапсырғанымен, тіркеле алмай келеді. Билік топтың тапсырған құжаттары талапқа сай келмейді дейді.
Бұл топтың жетекшісі Марат Жыланбаев былтыр қарашада "экстремизм" айыбымен жеті жылға түрмеге қамалған.
Қытайдан келген қазақтар мен Шыңжаңдағы қазақтардың құқығын қорғап жүрген "Атажұрт" ұйымы да партия болып тіркелу үшін құжат тапсырғанымен, билік оларды да тіркемеді. Әділет министрлігі тізімде кәмелет жасына толмағандар мен басқа партияның мүшелері бар дейді.
"Атажұрт" белсенділері қысым жасалғанын, белгісіз адамдар телефонға хабарласып қорқытқанын айтқан. Қарашада белсенді Қапар Ахат желіге "Атажұрт" партиясына қосыл" деп пост жазғаны үшін "тіркелмеген ұйым жұмысына араласты" деп айыппұл алған.
Есепте Қазақстан билігі "жүйелі түрде" бейбіт жиын өткізу құқығын бұзып жатқаны, бейбіт митинг өткізуге "әдейі рұқсат етпей отырғаны", рұқсатсыз митингіге шыққандарды ұстап жатқаны жазылған. CIVICUS есебінде митинг өтеді деп белгіленген жерлерде полиция адамдарды алдын ала ұстайтынын, наразылық алдында адамдарды қамайтынын я наразылықтан соң бірнеше апта өтіп кетсе де қатысқандарды жазалайтынын айтады.
"Билік "жиын" дегенді жалпылама қолданып, Алматы әкіміне келгендерді, белсенділер ісі қаралып жатқанда сот алдына жиналғандарды, "Алға, Қазақстан!" тобының лидері Марат Жыланбаевты қолдап жүгіргендерді де ұстады" дейді ұйым.
Құқық қорғаушылар есепте биліктің былтыр қыркүйекте жариялаған "шетелден қаржы алатын тұлғалар мен ұйымдар" тізімін де сынаған.
"Бұл реестрдің мақсаты басқа елдердегі шетел агенті заңына ұқсайды. Осы арқылы Қазақстанда шетелден қаржы алатын топтарды қосымша бақылап, алалауы мүмкін" дейді есепте.
ПІКІРЛЕР