Қазан қаласының Совет аудандық соты 31 мамырда Азаттық радиосы Татар-башқұрт қызметінің журналисі Алсу Құрмашеваның ісінде тергеу өтінішін қанағаттандырып, оны 5 тамызға дейін қамауда қалдырды. Бұл туралы Азаттықтың Idel.Реалии сайты хабарлады.
Журналистің адвокаттары оны үйқамаққа ауыстыруды талап етті, бірақ сот бұл өтінішті орындамады. Құрмашева жеті айдан бері (2023 жылғы 18 қазаннан) қамауда отыр. Оның үстінен екі қылмыстық іс қозғалды — өзін "шетел агенті" тізіміне қосу жөнінде құжат тапсырмады және Ресей армиясы туралы "жалған ақпарат таратты" деп айып тақты. Журналист өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарады.
Idel.Реалии сайтының жазуынша, бүгінгі сот отырысына Австралия және Чехия елшіліктерінің өкілдері келген. Алайда сот тергеу өтінішін жабық режимде қарады. Сот шешім шығаруға кеңесу бөлмесіне кеткенде тілшілер мен елшілік өкілдері залға кірді.
Шешім шығардан бұрын Алсу Құрмашева журналистерге балалар салған суреттерді көрсетті.
— Бірін бірі білмейтін ата-аналар маған балалары салған суреттерді жіберді. Мен оларды танымаймын. Мына суретті Санкт-Петербургте тұратын үш жасар қыз, ал мынаны америкалық бала салған. Ата-аналары олардан еркіндік, бақыт, қуаныш дегенді салуды сұрапты, міне, балалар осындай керемет суреттер салған. Суретте биыл жазда мен көретін жалғыз шөп пен ағаш екенін ескерсек, бұл баға жетпес зат. 1 маусым қарсаңында болған ең жақсы нәрсе, — деді журналист.
1 сәуірдегі сот отырысында журналист "белгілі бір диагноздары күшейгенін", "физикалық жағынан жақсы емес екенін, қамаудағы жағдайы өте нашар" екенін мәлімдеді. SotaVision басылымы 31 мамырда Алсу Құрмашева өзін нашар сезінетінін айтты деп жазды. Ол өзіне операция жасау қажет деген.
Журналист балаларының даусын соңғы рет 2023 жылы қазанда естігенін айтты. Оның телефонмен сөйлесуге рұқсаты жоқ. Журналистің отбасы Прагада тұрады, кейінгі жылдары ол сонда тұрып, жұмыс істеді. Құрмашева – АҚШ-тың және Ресейдің азаматы. Былтыр мамырда ол науқас анасына бару үшін Ресейге барған. Басында оған елден кетуге тыйым салып, кейін қазанда қамауға алды.
Сәуірдің соңында АҚШ президенті Джо Байден Владимир Путинді Құрмашева мен The Wall Street Journal журналисі Эван Гершковичті босатуға шақырды. "Журналистика — мүлде қылмыс емес" деді Байден.
25 сәуірде Еуропарламент депутаттары Ресейде ұсталған барлық саяси тұтқындарды, соның ішінде Құрмашева пен Гершковичті "дереу және сөзсіз босатуға" шақыратын қарар мақұлдады.
- Алсудың ұсталғанын бұған дейін Канада, Чехия, Франция, Польша және Швеция үкіметтері, ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, Еуропа парламентінің президенті, ЕҚЫҰ-ның БАҚ еркіндігі жөніндегі кеңсесі және БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары айыптаған. Журналистика мен журналистердің қауіпсіздігін қорғауға бағытталған Еуропа кеңесінің платформасы Алсуды босату туралы үндеу жариялады.
- Адам құқықтары мен БАҚ еркіндігі жөніндегі халықаралық ұйымдар да Алсуды дереу босатуға шақырды. Олардың ішінде Amnesty International, "Журналистерді қорғау комитеті", Freedom House, ПЕН-Америка, "Шекарасыз тілшілер", Халықаралық журналистер федерациясы және Халықаралық баспасөз институты бар.
- "Журналистерді қорғау комитеті" (CPJ) "Алсу Құрмашеваны қамау — Ресейдің "Шетел агенті" туралы заңды тәуелсіз баспасөзге қарсы теріс қолданатынын көрсететін ең айқын мысал" деп мәлімдеді.
ПІКІРЛЕР