Accessibility links

HRW: Секербаева мен Шәйкежановтың ісіне гомофобия ықпал етті

Feminita белсендісі Жанар Секербаева Астанадағы сот процесі кезінде сөйлеп тұр. 22 сәуір 2026 жыл.
Feminita белсендісі Жанар Секербаева Астанадағы сот процесі кезінде сөйлеп тұр. 22 сәуір 2026 жыл.

Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Feminita белсендісі Жанар Секербаева мен ЛГБТ белсенді Әмір Шәйкежановқа шыққан үкімге алаң білдірді.

"22 сәуірде Қазақстан соттары бір-біріне қатысы жоқ екі қылмыстық іс бойынша айыптау үкімдерін шығарды. Бұл істер бөлек болғанымен, олардың ортақ тұстары да бар: екі айыпталушы да – Қазақстандағы лесби, гей, бисексуал және трансгендер (ЛГБТ) адамдардың құқықтарын ашық қорғаушылар. Ал биліктің бұл істерді қарау тәсілі айыпталушыларға қатысты әрекеттер мен қудалауда гомофобия мен кек алу себеп болуы мүмкін деген алаңдаушылық туғызады" деп мәлімдеді HRW.

Сот Feminita белсендісіне үкім шығарды. Айып дәлелденді ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:11:48 0:00

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты өткен сәрсенбіде "ұрып-соғу" бабы бойынша айыпталған Feminita белсендісі Жанар Секербаеваны кінәлі деп танып, 40 АЕК көлемінде айыппұл (173 мың теңге немесе 373 АҚШ доллары) салған. Секербаева өзіне тағылған айыппен келіспеген.

Қылмыстық іске түрткі болған оқиға былтыр күзде Астанадағы дәмханалардың бірінде болған. Секербаева мен оның әріптесі Темірлан Баймаш ЛГБТИК+ қауымы өкілдерімен кездесу өткізбек болғанда, оларға қарсы бір топ белсенді сол жерге барып, дау шығарған. Кейін солардың бірі – "Өнерпаз ұрпақ" ұйымының төрайымы Зиуар Жұманова ЛГБТ белсенділерінің үстінен арызданған. Артынша полиция Секербаева мен Баймашты ұстаған. Кейін Секербаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа жетті.

"Оқиғадан кейін билік Секербаеваға қарсы қылмыстық іс қозғап, оны қамауға алды, алайда топқа тиісіп, ЛГБТ-ға қарсы қорлайтын сөздер айтып, олардың рұқсатынсыз видеоға түсірген адамдарға қатысты ешқандай шара қолданбады" дейді HRW ұйымы.

Сол күні Алматының №2 Медеу аудандық соты ЛГБТ-белсендісі Әмір Шәйкежановты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Шәйкежановқа екі бап: "Зорлау" (120-бап 1-бөлігі) және басқа адамға "ВИЧ жұқтыру" (118-бап 1-бөлігі) бойынша айып тағылған. Сот айыпталушыны "Зорлау" бабы бойынша кінәлі деп таныған. Мерзімі өтіп кеткендіктен, екінші айып алынған. Сот жабық өткен.

Соттың хабарлауынша, сотталушы 2025 жылы наурызда А. есімді қызметкердің "қорғансыз күйін пайдаланып", өзінде ВИЧ барын біле тұра оны зорлаған. Соттың хабарлауынша, сотталушының "кінәсі жәбірленушінің жауабы және видеожазбалармен де дәлелденген". Ал Шәйкежанов өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол былтыр видео таратып, өзінің кінәсіз екенін мәлімдеген.

Әмір Шәйкежанов – ЛГБТ белсенді, квир-бар және "Амировка" қауіпсіз алаңының негізін қалаушы. Ол ВИЧ тестілеуді таратуды көздейтін платформа Amanbol жобасына да жетекшілік етеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымының жазуынша, Шәйкежанов қамауға алынған соң, ол квир-бар орналасқан ғимарат иесі жалға беру келісімін бұзып, бұл – барды жабуға итермелеген.

HRW Шәйкежановтың қамаудағы жағдайына алаң білдіріп отыр. Ұйымның жазуынша, қауіпсіздік қызметі өкілдері Шәйкежановты ЛГБТ құқығы жөніндегі белсенділігі жайлы тергеген. Ал тергеу абақтысындағы 10 айда өзге бір қамалушы оны танып қойып, жыныстық бағдарын өзгелерге жария еткен. 2026 жылғы ақпанда сот хатшысы оның ВИЧ жұқтырғанын жариялап жіберген.

"Билік Шәйкежановты басқа тұтқындардың қорлауы мен қоқан-лоққысынан қорғау үшін деген желеумен оны жалғыз кісілік камераға ауыстырған, бірақ бұл оны одан әрі оқшаулап, психологиялық жағдайына кері әсер еткен. Шәйкежановтың адвокаты оны кепілмен босатуды бірнеше рет сұрағанымен, өтініштері қабылданбаған" дейді HRW.

Ұйым бұл үкімдер Қазақстанда "ЛГБТ пропагандасына" қарсы заң қабылданғаннан кейін шыққанына назар аударады.

"Қазақстан билігі айыпталушылардың жыныстық бағдарына немесе бейбіт белсенділігіне қарамастан, әділ сотқа құқығын қамтамасыз етуге міндетті, сондай-ақ қылмыстық әділет жүйесіндегі гомофобия айыпталушылардың құқықтарының бұзылуына әкелмеуін қамтамасыз етуі тиіс" деп мәлімдеді HRW.

XS
SM
MD
LG