Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 15 шілде күні Шанхайға жұмыс сапарымен барды. Ол бейсенбіде Қытай президенті Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Қазақстан президенті сапар барысында қытай компаниялары жетекшілерімен дөңгелек үстел өткізеді.
Ал жұма күні Тоқаев "Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік" тақырыбында өтетін дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына (WAIC) қатыспақ.
Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі әрі кредиторы. Ақорданың есебінше, Қазақстанда Қытай капиталы бар 8500 кәсіпорын жұмыс істейді. Пекиннің Қазақстан экономикасына инвестициясы 30 млрд доллардан асады. Екіжақты тауар айналымы 2025 жылы 49 млрд доллар болған.
Кейінгі он жылдың бедерінде Қытай билігі "экстремизммен күрес" науқаны аясында елдің батысындағы Шыңжаң өлкесінде тұратын байырғы ұлт өкілдерін – ұйғыр, қырғыз және қазақтарды "қайта тәрбиелемек" болды. Оларды қамап ұстайтын лагерьлер туралы алғаш рет 2017 жылы айтыла бастаған. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаңдағы ондай лагерьлерде миллионға жуық адам отыруы мүмкін деген. Қытай бұл айыптарды терістеп, әлгіндей лагерьлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.
Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қытай үкіметінің аз ұлттарға қатысты жүргізіп жатқан саясатын "геноцид" деп айыптап, санкция да жариялаған. Алайда ресми Пекин мұны жоққа шығарып, Шыңжаңдағы саясатты "экстремизммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіпке баулитын орталық" деп сипаттаған.
Қытаймен ірі сауда серіктесі ретінде тығыз байланысы бар Астана үшін Шыңжаң мәселесі — сезімтал тақырып. Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл "Қытайдың ішкі ісі" деп, мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартып келеді. Дегенмен Қазақстанның сыртқы істер министрлігі олардың Қазақстандағы туыстарының арыз-шағымын қабылдап, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хат, сұраныс жолдайды. Туыстарымен байланысуға көмектесеміз, жағдайды назарда ұстап отырмыз деп жауап береді.