Шілденің алғашқы үш аптасында Қазақстан шекарасынан жанар-жағармайды заңсыз шығармақ болған 1342 әрекетке тоқтау салынған. Мұны Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі хабарлады.
Ақпаратта ел аумағынан заңсыз шығарылмақ болған жанар-жағармайдың жалпы көлемі 112 тоннадан көп екені айтылған. Алайда ондай іс-әрекет нақты қай елмен шекарада көбірек тіркелгені көрсетілмеген.
Қазақстан билігі жанар-жағармай экспортына бақылауды өнімдерге сұраныс артуына байланысты күшейткен. Бұған дейін ішкі істер министрлігі шекарада 59 полиция бекеті қойылғанын хабарлаған.
ІІМ дерегінше, жыл басынан бері мұнай өнімдерін заңсыз әкетпек болған 593 әрекеттің жолы кесіліп, 195 шетел азаматы мен 60 қазақстандық әкімшілік жауапқа тартылған.
Қазақстан Ресейде жанар-жағармай тапшылығы пайда болып, "жанармай туризмі" белең алған шақта шекарада бақылауды күшейткен. Ресейлік жүргізушілер Қазақстанға жанармай құюға жиі келе бастағандықтан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Павлодар облыстарында жанар-жағармай тұтыну айтарлықтай артқан.
Бұған дейін Қазақстан ел аумағына көрші мемлекеттерден жеңіл және жүк көліктері күніне бір-ақ рет кіріп-шығады деген шектеу енгізген.