Украина қарулы күштерінің дрондары 3 тамызға қараған түні Ресейдің Владимир облысындағы Wildberries логистика орталығына шабуыл жасады. Бұл туралы украиналық Exilenova+ және Supernova+ мониторинг арналары, сонымен бірге ресейлік телеграм-арналар хабарлады.
Облыс губернаторы Александр Авдеев қоймада өрт шыққанын, адамдар эвакуацияланғанын хабарлады. Кейін билік үш адамның зардап шекті деп мәлімдеді.
Оның сөзінше, Собинск округіндегі қоймаға жасалған шабуыл салдарынан өрт шыққан.
"Адамдар эвакуацияланды. Оқиға болған жерде жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Дрон шабуылдау қаупі сейілген жоқ", – деп жазды Авдеев. Кейінірек билік орындары шабуыл салдарынан үш адам зардап шекті деп мәлімдеді.
Wildberries компаниясы Владимирдегі қойма жұмысы "уақытша тоқтатылғанын", тапсырыс қабылдау мен жөнелту басқа нысандар арқылы жалғасатынын хабарлады.
Владимир облысындағы Wildberries қоймасы компанияның ірі логистика хабтарының бірі саналады және Мәскеу облысы мен Ресейдің еуропалық бөлігінің орталық, солтүстік-батыс және солтүстік бөліктері арасында тауар бөліп тарату жүйесінде негізгі рөл атқаратын деп жазды Exilenova+ мониторинг арнасы.
Украина қарулы күштері кейінгі апталарда Ресейдің бірнеше өңіріндегі Wildberries компаниясының оншақты қоймасына дронмен шабуылдар жасады.
Белгород облысына шабуыл
Дүйсенбіге қараған түні украин дрондары Ресейдің Белгород қаласындағы мемлекеттік технология университетіндегі дрондар әзірленетін және сынақтан өткізілетін ғимаратқа әуеден соққы берді деп жазды "Пепел" телеграм-арнасы. Басылым дерегінше, ғимарат түгелдей жанып кеткен.
Ресейдің қорғаныс министрлігі 3 тамызға қараған түні Брянск, Воронеж, Калуга, Курск, Липецк, Орел, Смоленск, Тула облыстары, Краснодар өлкесі, Мәскеу аннексиялап алған Қырым түбегінде және Қара теңіз аумағында украиналық 131 дрон атып түсірілді деп хабарлдады. Ал нешеуін атып түсіре алмағанын айтқан жоқ.