Бішкекке Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитіне барған Ресей президенті Владимир Путин 31 тамызда Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен және Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездескен.
Кремль веб-сайтында Путин мен Моди арасындағы әңгіменің стенограммасынан үзінді жарияланды.
"Соғыс жалғасқан сайын әр күні адамзат бір қадам кері басады және бейбітшілікке қарай жасалған әр қадам күллі адамзатқа бейбітшілікке деген шынайы үміт береді. Біз шексіз соғыстан оның аяғына, әскери әрекеттердің соңына қарай жылжуымыз керек. Бұл күллі адамзат үшін өте маңызды. Біз барлық мәселені бейбіт жолмен шешуіміз керек, барлық адамзаттың талабы сондай. Бұл Үндістанның да үндеуі: Үндістан – Ганди елі, Будда елі, біздің үндеуіміз де осы", – деген Моди Путинді Украинамен соғысты тоқтатуға тікелей шақырып.
Путин Модиге: "Біз осы жолмен жүріп келеміз" деп жауап қатқан.
Кремль Модидің соғысты тоқтату туралы сөзіне байланысты ешқандай пікір білдірмеді.
Ресми стенограммада сондай-аұ Путин Си Цзиньпинмен әңгімесінде Ресей мен Қытайдың "экономиканы қоса алғанда, барлық салаларда ынтымақтастықты табысты дамытатынын" айтқаны жазылған. Қытай басшысы оған "екіжақты қарым-қатынастың іргетасы тек нығая түседі және біз одан да әдемі болашаққа сенімді қадамдармен алға жылжимыз" деген.
Ресей мен Қытай басшылары жабық кездесуде нақты не жайлы әңгімелескені ресми ақпаратта жазылмаған. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кездесу "достық ауанда" өткенін және Украинадағы соғыс пен тұтастай алғанда халықаралық күн тәртібі тек "жанама түрде" қозғалғанын ғана айтты.
Бұған дейін Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Путиннің Си Цзиньпинмен Ресей мен Қытай арасындағы "Сила Сибирь-2" газ құбыры жобасы бойынша келісімшартты талқылауды көздеп отырғанын мәлімдеген еді. Путин бұл мәселе жөнінде 2015 жылдан бері Си Цзиньпинмен үнемі сөйлесіп келеді. Азаттықтың Орыс қызметі ("Радио Свобода") бірнеше рет жазғандай, екі жыл бұрын қол қойылған меморандумға қарамастан, ресейлік газ бағасы негізгі мәселе болып отыр – Қытай ол баға Ресейдің өз ішіндегі баға шамалас (қазір мың текше метрі 50 долларға жуық) болғанын қалайды. Қытай қазір ресейлік газдың мың текше метрін 258 доллардан сатып алып отыр - бұл басқа елдердің көбінде "Газпром" тұтынушылары төлейтін бағадан 40 пайызға аз.
Путин ШЫҰ саммиті аясында ұйымға мүше мемлекеттердің кейбірінің басшыларымен кездеспек. Саммитке 13 Азия елінің, сондай-ақ Ресей, Беларусь, Египет және Того мемлекеттері басшылары қатысады.
Биыл 25 шілдеде Омбыда Ресей басшысымен кездескенде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Путинге Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуды ұсынған. Владимир Путин Мәскеу көздеген мақсатына жетуге тырысатынын, мәселен бүкіл Донбасс аймағын бақылауға алуға ұмтылатынын бірнеше рет мәлімдеген.
Ресей 2022 жылғы 24 ақпанда Украинаға қарсы бастаған соғыс содан бері жалғасып жатыр. Содан бері екі тараптан да жүздеген мың адам қаза тапқан.