Accessibility links

Журналист Азамат Омаров 3,5 жылға шартты жазаға кесілді, бес жыл материал жариялай алмайды

"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров суретінен коллаж
"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров суретінен коллаж

"Әлеуметтік араздықты қоздырды" деп айыпталған журналист Азамат Омаров процессуальдық келісіммен сот залынан босатылды. Сот журналиске үш жарым жыл шартты жаза беріп, бес жыл материал жариялауға тыйым салды. Бұл туралы Азаттыққа Омаровтың адвокаты Төлеген Шайықов айтты. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Омаровтың сот залынан босатылғанын хабарлады.

"Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Омаров шілдеде Қылмыстық кодекстің 174-бабымен ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру") күдікке ілініп, екі айға қамауға алынған. Сот қаулысында журналистің президент туралы сатиралық сөздер айтқаны баяндалған.

Шілдедегі қаулыда "бейнежазбада Омаров қазіргі президент жайлы сатиралық пікірлер айтады, әлеуметтік-экономикалық саясат және мемлекет қызметі туралы мәселелерді қозғайды. Оның сөздері ирония мен сыни сипатта, осылайша халық арасында теріс пікір қалыптастырады" деп жазылған еді.

Азамат Омаров YouTube платформасында "Ахуал сегодня" арнасын ашып, елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды әзілмен жеткізіп жүрген.

Баспасөз еркіндігін қорғаумен айналысатын "Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы Азамат Омаров екі айға қамауға алынғанда қолдау білдіріп мәлімдеме жасаған.

"Шекарасыз тілшілер" Омаровтың үкіметтің атына сатиралық пікір айтқан видеоға бола екі айға қамауға алынуын айыптайды. Оған тағылып отырған "араздық қоздыру" айыбы алынып, оның жабдықтары өзіне қайтарылуы керек" деген еді RSF ұйымы мәлімдемесінде.

XS
SM
MD
LG